ҒАЛЫМНЫҢ НАҚТЫ ӨНІМІ – ҒЫЛЫМНЫҢ БАСТЫ НӘТИЖЕСІ

Білім Қоғам
123 Views

МИНИСТРМЕН КЕЗДЕСУДЕГІ ТЕМІРҚАЗЫҚ ТҰЖЫРЫМ-ОЙ ОСЫ БОЛДЫ

Ғылым және жоғары білімді дамытуда елімізде іргелі істер қолға алына бастады. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Бас редакторлар клубының мүшелерімен еркін форматта өткізген кездесуінде бірқатар маңызды ақпараттар айтылды. ҚР жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды.

Аталмыш кезең аралығында 19 мақсатты көрсеткіштер 3 бағыт бойыншажүргізіліп, 9 түрлі нәтиже күтілуде және 124 іс-шара жүзеге асырылмақ. ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМНЕН КЕЙІНГІ БІЛІМДІ ДАМЫТУ бойынша жоғары және жоғары білімненкейінгі білімнің қолжетімділігі жақсартылып, озық кадрлармен қамтамасыз етусаясаты жүзеге асырылады. Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы және цифрлық архитектурасындамытылып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудіинтернационализациялау университеттің үшінші миссиясы қолға алынады.

Үздіксіз білім беру жүйесін дамытылып, сертификаттау жүйесін дамыту және халықты биресми біліммен қамту аясын кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы және цифрлық архитектурасын дамытылады.

Ғылымды басқарудың жаңа моделі енгізіліп, ғылымның интеллектуалдық әлеуеті нығайтылады, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру, университет ғылымының дамуы және қолданбалы ғылымды және РННТД коммерцияландыру экожүйесін дамыту жүйелі жүзеге асырылады. 11 мақсатты көрсеткіштер, 5 күтілетін нәтиже, 66 іс-шара қолға алынады. ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ерекше назарда ұсталып, сараланған гранттар, жеңілдетілген несие, инклюзивті орта және оқу бағдарламасы жүзеге асырылады. Басқа да ауқымды жобалар қолға алынады.
2023 жылғы нәтижелер қомақты. Шәкіртақы және мемтапсырыс бакалавриат шәкіртақысының көлемін 20%-ға арттыру, магистратура және докторантурада шәкіртақыны 15%-ға арттыру жүзеге асырылды. 2000 жылы мемлекеттік тапсырыс – 12,860 орын, 2023 жылы – 88,204 орын болса, биыл мемтапсырыс – 93,000 орынды құрайды.
Жалақы жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысы – 160700 тг-ден 350000 тг-ге дейін, ұлттық университеттер профессор-оқытушы құрамының жалақысы – 228800 тг.-ден 400000 тг аралыққа дейін өскен. Ғалымдардың орташа жалақысын 2 есе ұлғайтып 252000 тг-ге жеткізу жоспарланып отыр. Жатақхана: 27 мың орындық 126 жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, 2023 жылы 10 363 орындық 43 жатақхана пайдаланылуға берілген.
Әлеуметтік қолдау: жатақханаға тұру шығындарын өтеу – 29 АЕК немесе 100050 теңгені құраған. Халықаралық байланыстар нығайтылып, әлемдегі әйгілі 12 жоғары оқу орнының филиалдары ашылған. Рейтинг бойынша: QS рейтинг – 21 университет, THE рейтинг – 29 қазақстандық ЖОО, 4-еуі топ-1000-ға енді.
Жасанды интеллект және цифрлы технология бойынша ірі қадамдар жасала бастаған. 2024 жылы 14 университет жасанды интеллект бойынша Google курстарын енгізсе, блокчейн-технологиясы бойынша 40000-нан астам маманды оқыту жоспарлануда. 4000 Coursera курсы қазақ тіліне аударылған. 30000 Coursera лицензиясымен қамтамасыз ету қолға алынған. Huawei компаниясымен ынтымақтастықты арттырып, 26 цифрлық Академия құру, ал биыл 11-ін ашу жоспарланған. Coursera Teacher Academy жобасын іске қосу басталды.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ТАПСЫРМАСЫНА сәйкес қыруар тірліктер қолға алыныпты. Мәдени және лингвистикалық мұраны дамыту, халықаралық платформаларға тәуелділікті азайту және нақты ұлттық қажеттіліктерге мамандану үшін LLM құру қолға алыныпты. ҒЫЛЫМ бойынша медицина, уран, газ өндіру, агроөнеркәсіптік технологиялар сияқты басым салаларда жасанды интеллект (бұдан әрі ЖИ) қосымшаларын құру бойынша ПТФ аясында жобалар мен бағдарламаларды іске қосу жедел жүзеге асырыла бастаған. КАДР ДАЙЫНДАУ жаңаша қарқынмен жүзеге асырылуда. ЖИ бойынша шетелдік университеттермен байланысты нығайтып, ЖИ бойынша жаңа білім бағдарламалары жасалған. ЖИ бойынша ТНК-мен ынтымақтастық күшейген.


TIL QAZYNA ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТІЛДЕР КОРПУСЫН ҚҰРУ ҮШІН ОРТАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ жаппай қолға алынған. «Oxford Qazaq Dictionary» Онлайн платформасы қазақ тілін онлайн оқуға арналған сөздіктің логикалық жалғасы болып табылады. Енді 2024 жылдың IV-тоқсанында одан әрі дамытылады. Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған қазақ тіліндегі сөйлеу синтезі бар бағдарлама жасалған, қазақ тіліндегі мазмұнды басқа тілден автоматты аударуға арналған қосымшасы қолға алынған.
Мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған мобильді ойын ойластырылып, геймификация элементтерімен қазақ тілін оңай үйрену іске асырылмақ.
Қолданыстағы LLM қазақ тіліне бейімдеу іске асып, автоматты аудармалардың сапасын және дауыстық көмекшілермен, чат-боттармен өзара әрекеттесуді жақсарту үшін microLLM құру басталды. Qazgramma құралы ЖИ негізінде жасалған және қазақ тілінде қатесіз жазуға көмектеседі. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ИВТ институтының зерттеу тобы ЖИ бойынша өңірлерде 12 жобаны іске асырған. АҚШ, Түркия, Польша, Испания, Ресей және т.б елдермен халықаралық қатынас нығайған.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ (ЖИ) БОЙЫНША КАДР ДАЯРЛАУ үлкен қарқынмен қолға алына бастаған. KORKYT ATA UNIVERSITY ЖӘНЕ SEOULTECH ЖИ бойынша әріптестік орнатқан. Қорқыт Ата университеті және СеулТехом келісім жасаған. «Ақпараттық жүйелер», «Киберқауіпсіздік», «Компьютерлік техникалар және бағдарламалау», «Информатика» білім беру бағдарламаларын енгізу және іске асыру ниетте. 1 жыл фаундейшн және 3 жыл СеулТеха бағдарламасы. Ағылшын және корей тілдерінде қарқынды курстар (аптасына 12 сағат), 88 PhD, 155 магистр дайындауда 182 жетекші университет мен ұйымдарда тағылымдамадан өткізу (Болашақ бағдарламасы және т.б.) қолға алынады. CITY UNIVERSITY OF HONG KONG филиалы (Қ.САТПАЕВ атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті базасында КАЗНИТУ және City UNIVERSITY of Hong Kong келісімі бойынша (28-30 қараша 2023 ж.).
Жасанды интеллект бойынша екі дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру қолға алынады. Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында биыл қыркүйекте ЖИ орталығы ашылмақ, Лу Бань шеберханасымен үш жақты келісімге қол қойылып, INTI Малайзия университетімен халықаралық ынтымақтастықта жұмыс істемек. Оқу бағдарламаларына ЖИ енгізіліп, Nazarbayev University базасында ЖИ академиясы құрылмақ.
Бұл материалда біз атқарылған және жүзеге асырылатын ауқымды істердің бірқатарын ғана айттық. Алдағы уақытта бұл әңгіме жалғасатын болады. Айта кетсем, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Бас редакторлар клубының мүшелерімен басқосуынан соң БРК-ның президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай фейсбук желісінде пост жариялап, осы кездесуден кейінгі ойларымен бөлісті. Сол толғаныстарды өзгеріссіз бере кетуді жөн көрдік.


«БАҚ ЖҰЛДЫЗДАРЫ – ҒАЛЫМДАР БОЛУ КЕРЕК» атты толғанысында Бибігүл Нұрғалиқызы былайша тебіреніпті: Қазақстанның ғылымы жылдар бойы БАҚ-та өгей қыздың күйін кешіп келеді. Баспасөз беттерінде ғылыми жұмыстардың нәтижелері мен ғалымдардың өздері туралы жарияланған мақалалары, өкінішке қарай, тым аз. Қазақстанда мамандандырылған басылымдар нарығы дамымаған. Сонымен бірге ғылымда ашықтық жетіспейді, сала әзірге жабық күйінде, ғалымдар баспасөзбен байланысқа түсуге құлықсыздық танытып келеді. Шыны керек, ғылыми ұйымдардың PR-шыларында баспасөз хатшылығы жоқтың қасы. Ал әлем жаңа технологиялық өзгерістерді секунд сайын аңдып, алыстағы өркениетті елдер ғана емес, келешегін ойлаған кез келген ел қоғам назарын ғылыми жетістіктерге бұра бастады.
Өкінішке қарай, біздің тренд тақырыптар хиджаб, домбыра харам, харам емес, зорлық-зомбылық т.б. аспай отыр. Оған өтірік араласқан өсек деңгейіндегі ақпарат тоқтаусыз нөсер жауындай құйылып жатыр.
Ұлттық ғылымның, өнеркәсіптің және агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктері ел дамуының және мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын айшықтайды. Олар әлеуметтік оптимизмді де қамтамасыз етеді. Алайда, қазіргі уақытта ғылым, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының жетістіктерін насихаттауға атсалысып жатқан БАҚ-тан қоғамдық пікір көшбасшыларын табу қиын.
Ғылыми жетістіктер, мемлекет пен бизнес бірлесе жүзеге асырып жатқан бастамалар туралы ақпарат мардымсыз. Сондықтан Бас редакторлар клубы ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекұлымен кездесіп, ғылым мен жаңа технологиялар саласында атқарылып жатқан жұмыстармен арнайы таныстық.
Кездесуде жоғары білім беруді дамытудың перспективалық бағыттары, кәсіптік стандарттар мен еңбек нарығының талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту жолдары мен мемлекеттік тілді дамыту және білім беру үдерісіне жасанды интеллект сынды инновацияларды енгізу мәселелері, жасанды интеллект мамандарын дайындау мүмкіндіктері, сондай-ақ, Қазақстан ғылымының дамуына жасалып жатқан қадамдар сөз болды.
Еліміздің ғылым саласындағы саясатының дұрыс бағытқа бет алуы отандық ғалымдардың мүмкіндігін ашқан. Соның нәтижесінде отандық иіссу, селен бұйымдарын өңдеу, титанның жаңа функциялары, обырдан емдейтін дәрі-дәрмек сынды жаңа ғылыми жетістіктер қағаздағы зерттеулер емес, нақты өнімге айналғанын өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Бұл дүниелер қолдау тапса, жаппай өндіріске шықса, ішкі нарықта ел халқының игілігіне жарары сөзсіз.
Әрине, Мемлекет басшысының ғылымға деген қамқорлығы арқасында министрліктің біраз шаруаны тындырғаны көрініп тұр. Мәселен, шетелдік жетекші ЖОО-лар филиалдары елімізде ашылып, жастарға заманауи технологиялар мен ІТ, жасанды интеллект бағытында білім беруі қуантарлық жағдай. Солардың қатарында, осы жылы өңірлерде ашылатын Гонконгтық «City U», «Оңтүстік Кореялық «SeoulTech», Ресейлік Д.И.Менделев атындағы химия-технологиялық оқу орыны мен Түркиялық «Gazi» сынды университеттердің филиалдары бар.
Жалпы БАҚ өкілдері елімізде шыққан жаңа өнімдер мен ғылыми жетістіктерді қоғамға жаппай насихаттаса, жастарымыздың да ғылымға деген оң көзқарасы пайда болары сөзсіз. БАҚ-та ғылыми-көпшілік контентті ілгерілетудің, сондай-ақ жаңа қоғамдық пікір көшбасшыларын, атап айтқанда, жас ғалымдар есімін танытып, танымал тұлға ретінде қалыптастырудың тиімді тетіктерін құру қажет. Шоу-бизнес жұлдыздары, блогерлер және әртістер сияқты ғалым, өнертапқыштардың медиа кеңістігінде қалай танымал бола алады? БАҚ жастарды ғылыми қызметке тартуға мотивация жасай ала ма? БАҚ жастар үшін ғылым мен ғылыми қауымдастықтың тартымдылығын қалыптастыратын трендтерді белгілей ала ма? Ғылымды танымал ету нақты бизнеске, сондай-ақ ел экономикасы мен оның бәсекеге қабілеттілігіне қалай әсер етеді?


Бұл сұрақтарға бірлесе жауап іздеп, ұсыныс-пікір білдіргеніміз жөн.
Бас редакторлар клубының тағы бір белсенді мүшесі, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай мырза да ФБ-да пост қалдырыпты. Оның мәтіні төмендегідей:

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ТӨҢКЕРІСКЕ ТӨТЕП БЕРЕ МЕ?
 Алдағы 10-15 жылда үлкен ғылыми-технологиялық төңкеріс болады. Сол төңкеріске қазақтың ғылымы төтеп беруі үшін, бүгін бізге нақты қарекет керек. Соның ішінде медиа индустрияда да адамзатты таң қалдыратын өзгерістер болмақ. Жуырда Бас редакторлар клубының президенті, сенатор Bibigul Zhexenbay бастаған бір топ әріптестерімізбен бірге еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзамен кездесіп, ғылымды дамытудағы бүгінгі және болашақтағы бағдарлар мен басымдықтар туралы әңгіме-дүкен құрдық.
Дөңгелек үстел басында отандық ғылым, әлемдік ғылым, ғылыми-технологиялық төңкеріс туралы өте байыпты әрі пайдалы ақпараттарға қанығып, бұл саладағы әркім естіп-білмеген жетістіктерге таңдай қағып, түйткілдерді ойға түйіп тарқастық. Министрдің бір ғана жасанды интеллектке қатысты ауқымды, толық, түсінікті мағлұмат бергеніне ризашылық сезімде болдық..
Қазір дүние жүзі жасанды интеллектке қарап, елеңдеп отыр. Елеңдемегенде қайтсін, адамзат баласы ашпаған ғылыми жаңалықты ЖИ ашып беруде. Мысалы, бір жылда ЖИ көмегімен жаңа 46 химиялық элемент ашылыпты! Демек, ғылымдағы төңкерістің табалдырығында тұрмыз деген сөз. Осыны әу бастан-ақ аңғарған АҚШ пен Қытай ЖИ-ті өте қарқынды дамытып, триллиондаған ақша «құйып жатыр». Google жасаған бір керемет алгоритм бар. Бір ғана сөзді жазсаң, сол сөзге 1 минуттың ішінде ролик түсіріп береді екен.
Саясат Нұрбек мырза айтқандай, Қазақстан қазір ЖИ төңкерісінің алдында осы технологияны түсінетін және түсінбейтін елдердің арасында тұр. Егер әлемдік ғылымдағы шынайы бәсекеден қалып қоймаймыз десек, онда ЖИ-ке қаражат салып, осы салада озық тәжірибесі бар елдермен қарым-қатынас жасап, маман даярлайтын болсақ, онда ортадағы елдер тобына қосыламыз. Осы ретте құзырлы ведомство басшысы елімізде ЖИ бойынша маман даярлау мәселесіне ерекше ден қойылып отырғанын айтты. 14 университетте ЖИ-ге қатысты қанаққақты жобалар қолға алынған. Иә, технологияның көшінен қалмаймыз десек, бүгін қамданып, әлемдегі озық интеллектуалды ұлттардан үйренуге тиіспіз.
Жып-жылы атмосферада өткен жүздесуден өте көп ақпарат алдық. Бір қуанарлығы, министрлік пен клубтың арасындағы ынтымақтастықты жандандырып, алдағы уақытта үш ай сайын кездесіп, ғылыми жаңалықтарды біліп, оны БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жеткізуді ізгі дәстүрге айналдыруға уағдаластық. Саясат Нұрбек мырзаға мың да бір алғыс!
Осы жолдардың авторы да ФБ-да лебіз білдірген еді:

ҒЫЛЫМ ӘЛЕМІНЕ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАР
Әлем әлпеті ай санап емес, күн санап өзгерген заман. Біз қайда, қалай бара жатырмыз? Еліміз еңсесін көтеріп, тұғырын тіктеу үшін не істемек керек? Жасанды интеллекттің жойқын ықпалы жағдайында ғылымды дамыту бағдарында не тірлік жасалуда? Дамыған елдер санатында болу үшін мемлекеттік саясат бағдары қай бағытта дамығаны абзал?
Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Бас редакторлар клубының мүшелерімен бүгін өткізген еркін форматтағы кездесуінде осынау сауалдар төңірегінде келелі ойлар кестеленді.
Министріміз 53 слайдтан тұратын ауқымды ақпаратында Қазақстанның ғылымын шұғыл дамыту бағытындағы нақты жұмыстарды баяндап, өркениет көшінен қалмау үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын нақты мысалдармен айтты. Бұл ретте 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім және ғылымды дамытудың концепциясымен таныстыра отырып, 19 мақсатты индикатор, 3 бағыт ұстану арқылы 9 нәтижеге қол жеткізу үшін 124 шараның жүзеге асырылатынын жіпке тізгендей баяндады.
Осыдан былай кадр мәселесіне көзқарас өзгермек. Кезінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып алып, шетел асып кеткен талантты, білімді қыз-жігіттерді елге қайтару тұрғысындағы тірлік жемісін бере бастапты. Олардың зертхана ашып, туған елінде жұрт игілігі үшін құлшына жұмыс істеулеріне жағдай жасала бастаған. Мемлекет басшысының ғылымды дамытуға байланысты нақты тапсырмаларына сәйкес министрлік бұл іске мақсаткерлікпен кірісіп, соңғы бір жылдың ішінде инновациялық технологияларды жүзеге асырып жүрген жат елдердегі ұландарымыздың елге ағыла бастағаны жүрегімізді жылытты.
Осындай ілкімді істің нәтижесінде әлемдегі аузына құс тістеген ғалымдар қол жеткізе алмаған онкологиялық ауруды емдейтін дәрі ойлап табылған, 3 жыл тоқтаусыз істейтін батарея жасалған, жез өндіру қалдықтарынан құны 10 есе қымбат өнімдер ойлап табылып, шығарыла бастаған, гендік терапиядағы ел естімеген жаңа тәсіл, семіздікті тоқтататын дәрінің ойлап табылуы, 50 жылға шыдас беретін шағын ядролық батарея, титаннан жасалған отандық өнімдер легі өз алдына бір әңгіме. Бұл министр мырза айтқан оншақты ғылыми жаңалықтың шет жағасы ғана…
Тағы бір қуантарлық жағдай, Астана мен Алматыға емес, еліміздің өңірлерінен дүние жүзіндегі атағы жер жарған оншақты университеттің филиалдары ашылып, қазірдің өзінде бірқатарларында студенттер бірнеше тілдерде білім ала бастаған.
Сонымен қатар қазақ тілін мақсатты түрде дамыту бағытында тіл модельдерін дамытып, мемлекеттік тілдің ғылым, өндіріс тілі болуы бағытында ірі жобалар жүзеге асырыла бастауы бізді қуантты. Жасанды интеллектті елге қызмет істету мақсатында еліміздегі іргелі оқу орындары базасында орталықтар құру үрдісі шұғыл қолға алынған. Бұның бәрі жақында қабылданатын «Ғылым және технологиялық саясат» заңында одан әрі қарастырылатын көрінеді.
Айта берсек, елге ең қажетті дүниелер ғылымды дамыту аясында қолға алынған. Басқосуға келген бас редакторлар, майталман журналистер болашақта БАҚ-та осында айтылған мәселелерді халыққа жеткізіп, ғылымды жан-жақты насихаттауға шын ниеттерін білдірді. Қарап отырсақ, министрлік 6-7 жылға ілгері ойлап, жаңаша технологияларды өндіріске енгізуге мұрындық болуға бел шеше кіріскен жайы бар екен. Бұл тамаша ниетті неге жаппай қолдамасқа? Кездесуді түйіндеу барысында клубымыздың президенті, сенатор Бибігүл Жексенбай біздің әріптестеріміздің Отан игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуге әзір екендігін мәлімдеді.
Иә, шаруаларыңызға сәттілік тілейміз, Саясат Нұрбек мырза һәм Бас редакторлар клубы сіздердің бастамаларыңызды қызу қолдайтын болады!
Сөз түйінінде айтпағымыз, республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті де ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамаларына қолдау көрсетуге әрдайым әзір. Болашақта министрлікке медиақолдау көрсете отырып, осынау ірі мемлекеттік мекеменің ел болашағы, ұлт қамы үшін атқарған игілікті істерін жүйелі түрде жариялап отыратын болады.
Айта кету керек, ғылым әлеміне жаңалықтар әкеліп жатқан ірі оқу орындары елімізде бар. Соның бірі – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов басқарып отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Бұл оқу орнында ай сайын әлемді елең еткізетін жаңалықтар болып жатады. Ғылыми-зерттеу университетіне айналған бұл оқу ордасының ғалымдары ашқан қыруар жаңалықтар газетімізде және басқа БАҚ-та жиі жарияланып келеді.
Кездесу барысында министр ғылымға нақты үлес қосқан ғалымдардың өнімдерін жиналғандарға көрсетіп, егер ғалым өзінің елге қажетті, сұранысқа ие өнімді ойлап тапқанын айтса, көрсетсе, қаржылық қолдау арқылы мемлекеттік көмек болатынын қадап айтты. Ондай хас таланттарға ЗЕРТТЕУ ШЕБЕРХАНАСЫН АШУЫНА ІС ЖҮЗІНДЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕТІНІН мәлімдеді. Мұны нақты мысалдармен баяндап берді. Ондай инновациялық сұранымға ие өнімдерді шығарған ғалымдар туралы біз де газетімізде жан-жақты жазатын боламыз.


Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық
қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің бас редакторы,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *