МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ

Ақорда
682 Views

Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесініңкеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардыңөкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақбұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.

– Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Ассамблея халықтың тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге және азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.

Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді.

– Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Біз бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен, этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқарады. Әсіресе, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек. Шын мәнінде, этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі екенін айтты.

– Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *