БӨГДЕНІ БІЛУ БҰРЫШЫ

Қоғам
325 Views

Жер бетін, бірінші кезекте өзіндей тұлғаларды, олардың адал еңбегімен өндірілген заттар мен жасалған мүліктерді, барлығымызға аса қажет қоршаған ортаны (барлық жануарларды, өсімдіктерді, тау, су, ауа және т.б.), күн жүйесіндегі планеталар мен қазірше шексіз деп есептелетін галактиканың қыр-сырын пайымдап, қызығы мен «шыжығын» көріп, қаншалықты құнды екенін өзінікіндей бағалап, қорғап, сақтау қажеттілігі мен «көріпкелдік» қиялдарға берілетін және жауапты тек – Адам. Әсіресе, олардың қатарында әрдайым азшылықта болған және уақыт өткен сайын арта түсуге тиісті, алдыңғы қатарлы, озық ойлы, асыл текті жасампаз – жасаушы, құрастырушы, арттырушы, адал, ақниетті – Пір тұтарлық тұлғалар. Ал, бұларға керісінше, арсыз, азғын, сатқын, қоғамның «қотырындай», қалыптасқан жағдайға қарай артып-кеміп тұратын тұрлаусыз бүлдіргі – «жоюшы», қараниетті қасамұрғандар болған, бар, әлі де кездесе береді…

Бұл «жасампаз» бен «бүлдіргінің» аралығын толықтыратын, өте көп мөлшердегі «броундық» қозғалыстағы тұтынушы — «массадан» жоғары көтеріліп «жасампаздарға» жанаса жақындап сіңіп кететін «қасиеттілер» мен төмен түсіп бүлдіргілер «тұнбасын» толықтыратын «қасиетсіздердің» болуы да заңды нәрсе.

Бірақ, осы «массаның» жасампаз бен бүлдіргінің санымен сапасын тұрақты толықтырып қана қоймай, кейде астаң-кестеңдерін шығарып, орындарын ауыстырып жіберетін жойқын күш-қуат, қабілет-қасиет пен ақыл-ойдың таусылмас қайнар көзі екенін ескерген және қажетіне қарай қоғамның көркеюіне дұрыс әрі дер кезінде бағыттай білген білгірдің ісі.

Бар гәп, әрбір адамның осындай көрініс пен құбылысты жастайынан, мүмкін болса ертерек түсініп, ұғып, салыстырмалы түрде өзінің осы үш топтың қайсысына жататынын біліп, ескеріп жүруінде. «Жасампаздар» мен «бүлдіргілердің» бұл өмірде әрдайым қарама-қайшылықта болып, күрестерінің бір сәт те дамылдамайтынын, соның салдарынан, белгілі бір жағдайларда тұтынушы – «массаның» «температурасы» күрт көтеріліп, «қысымы» артқандықтан, өзінен – өзі тұтанатын затқа айналып, «ұшқын» түскен сәтінде қопарылуы мүмкіндігін жадында сақтау қажет әрі аса маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, жалпы адамдардың жоғарыдағы «үш түрдің» қайсысына жататынына қарамай әрі алаламай, әлеуметтік – тұрмыстық жағдайына, қоғамдық — саяси ортадағы орнына, дәулет-дәрежесіне, ілім-білімдегі, өнердегі, спорттағы, … жетістіктеріне, күш-қуатына және тағы да басқа ерекшеліктеріне қарамай, болмыс – бітімдері мен рухани дендері (психикасы) бойынша, ғылыми тұрғыдан төрт түрге (типке) бөлу қабылданған.

Олар: Холерик – қызба, шапшаң, қызу қанды,…; флегматик – сылбыр, енжарлау, баялау,..; сангвинник – көңілді, қағылез, әрекетшіл,..; меланхолик – уайымшыл, күйгелек, мұңлы,… адамдар деп есептеледі.

Менің жеке пікірімше, бүгінгі күнге дейін әлемдегі 7.896.597.000, ал Қазақстандағы 19.178.130-дан астам адамның әрбірі, негізінен алғанда, келтірілген топтың біреуіне жатқанымен, өзінің жеке өмірі мен қоршаған ортасындағы заттарды, мүліктерді, құбылыстарды, әрекеттерді тек өзіне ғана тән түрде қабылдағанымен, кейде қысқа мерзімде басқа үш түрдің біріне тән мінез-құлық көрсетіп, іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Мысалы, уайымшыл, күйгелек, мұңлы,… адам, өзінің жеке басына керек кезде, бір пайдалы нәрсеге қол жеткізу сәтінде холерикше қызбаланып кетіп, артынша тез басылып, «неге бүйттім» деп қайтадан мұнайып қалуы мүмкін. Дәл осы сияқты холерик те енжарлыққа салып, қолы жетпей қалған нәрсесі үшін, артынан «тас талқан» болып ашулануы ғажап емес.

Бірақ, қалай және қандай жағдайда болмасын, әрбір төрт түрдегі адамдар ата-ана, баба-әжелерінің тегінен, яғни генетикалық ерекшеліктерін сақтап келе жатқан, нақты бір отбасына тән қасиет, алған тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесіне, ұстанымдарына қарай іс-әрекеттер жасап, мінез-құлық көрсетіп, кейіп танытатыны белгілі. Былайша айтқанда, әрбір адамның ішкі дүниесіндегі сезімдер толқыны, дауылы, арпалысы мен тебіренісі сыртқы мүшелерінің қозғалысынан байқалады, әсіресе бет-әлпетіндегі мимикалық құбылыстарынан, айнаға шағылысқандай айқын көрініп тұрады. Соған қарап, оның қандай адам екенін аңғаруға болады.

Бірақ, кез-келген адамның сондай сыртқы көрінісі, хамелеон сияқты қоршаған ортасына қарай түсін өзгертіп, кейпін құбылмалы еткенімен, солтүстік поляр шұғыласындай жалтылдап, ойнақыланып тұрғанымен, ішкі дүниесінің «дүмпуін» басса да ышқынысына ықпал ете де, өзгерте де алмайтыны өмір тәжірибесімен және білім-ғылым жетістіктерімен зерттеліп, расталған – «генетикалық код» іспеттес нәрсе.

Жоғарыдағы жеке пікірім мен жорамылымды айта келіп, құрметті оқырман, төменде назарларыңызға ұсынылатын кейіпке қарап, өз пайымымды келтіремін.

Сіз бұған қалай қарайсыз? Мүмкін Сіз осындай адамды немесе адамдарды білетін, жете танитын боларсыз. Солай болса, осыған ұқсастығын сипаттап, ойыңыз бен ұсынысыңызды бөлісе отырыңыздар.

Диірменші К.АМАНЖҮР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *