Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Түркістан қаласының жұртшылық өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзі
Түркістан қаласы, 23 наурыз, 2019 жыл
Құрметті қауым!
Ардақты ағайын!
Ең алдымен баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз рухани бай мұрамыздың жарқын символына айналды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл мереке – халық бірлігінің негізі.
Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүние жүзі тарихында ешқашан болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңшілігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екенімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екенін дәлелдедік. Бұл – болашақ ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге. Елбасы айқындаған бағыт-бағдардың өзгермейтінін баршаңызға нық сеніммен айтқым келеді. Менің негізгі мақсатым – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен оның ісін жалғастыра беремін.
Елбасы бізге табысты мемлекет құрып берді. Ол Қазақстанды әлемдегі озық елдердің қатарына қоса білді. Елбасының реформалары мемлекетті орнықты даму жолына шығарды. Бірақ әлемде бәсекелестік артуда. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Жалпы, бүкіл дүние жүзі дағдарысқа ұшырады. Әлемнің болашағы бұлыңғыр. Бұл туралы өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан, тоқтап қалуға мүлде болмайды. Халқымыздың бірлігі, ұлтаралық келісім, күшті экономика – әрі қарай алға басуымыздың негізі әрі кепілі.
Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Осы киелі топырақта Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Түркістан тарихы – барша қазақтың тарихы». Қасиетті жерге келгенде бәріміз айрықша сезімге бөленеміз. Рухымыз асқақтай түседі. «Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени кешені аумағында қазақ халқының игі жақсылары жерленген. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Бұл өңірдегі күрделі жұмыстарды ұйымдастырып, табысты жүзеге асыру осы білікті басшының қолынан келеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді.
Бүгінде қазақстандықтарды не мазалайтынын білемін. Жұмыс барысында бірінші кезекте қолға алатын бірқатар мәселеге назар аударғым келеді. Ең алдымен бұл – әділеттілікке қатысты мәселелер. Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Тағы бір басты қағида бұл – әділ әрі тиімді мемлекеттік қызмет. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге байланысты бұл салада көп жұмыс істелді. Оны әрі қарай жандандыра түсу қажет. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі.
Уважение к честному труду. Мы порой забываем, что в основе успешной жизни и достатка лежит, прежде всего, труд. Идея ценности трудолюбия, справедливого вознаграждения за достойный труд должна стать во главу угла нашей общенациональной идеологии. Мы должны создать условия для трудоустройства и профессионального роста наших граждан, в первую очередь, молодежи.
Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар көп. Сондықтан, осындай креативті жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау керек. Олар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз.
У нас сложилось искаженное представление о тех, кто работает за границей. Уверен, это – сильная и конкурентоспособная часть наших граждан. Мы должны работать над тем, чтобы их потенциал мог быть использован в нашей стране. Нужно создавать рабочие места. Это – приоритетная задача Правительства и акимов. Тогда мы будем еще сильнее. В то же время нельзя поощрять социальное иждивенчество среди тех, кто не стремится найти работу. Государство будет поддерживать социально-уязвимых. Все остальные должны работать.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекет қаржысын үнемдеу. Үкімет бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына қайта бейімдеуге тиіс. Басты Халықаралық форумдар өткізілді. Олардың пайдасы зор болды. Әсіресе, ЭКСПО-ны ерекше атап өткен жөн. Бұл жаһандық деңгейдегі іс-шара болды. Бірақ қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізілетін имидждік іс-шараларды күрт азайту керек. Мен Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктеймін. Ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қоюымыз қажет. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – дені сау ұлт, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру. Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Тұрғындарымызға таза ауыз су, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым қажет. Міне, біз осы міндеттерді шешетін боламыз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын.
Келесі міндет – рухани және адамгершілік құндылықтарды одан әрі нығайту. Бізде бұл мәселелер бойынша жол сілтейтін темірқазық бар. Бұл – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. Осы қағидаттарды қатаң ұстану арқылы ғана біз жаһандық әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді сақтап қаламыз. Ұлтымыздың мәдени кодына сүйенбесек, елімізді одан әрі жаңғырта алмайтынымыз анық.
Келесі бір өте маңызды мәселе – мықты жастар саясаты. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанын білесіздер. Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында! Еліміздің ертеңі де – жастар!
Ардақты ағайын!
Бірлік бар жерде, әрдайым тірлік болады. Мен үшін бұл халық даналығының мәні аса зор. Біз ортақ мақсаттарымызға бірге қол жеткіземіз деп сенемін! Бүгінде бүкіл қоғам өркендеген Қазақстанды одан әрі дамыта түсу идеясын іске асыру үшін жұмылуы керек.
Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым ең алдымен сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл – бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі.
Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады.
Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді. Сөзімнің соңында баршаңызға бақыт тілеймін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!