МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ

Білім
2 337 Views

«Педагог — жаңа ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беріп, жалған сенімдерді, кінәраттар мен кеселдерді бермеуге тиісті адам».

А. В. ЛУНАЧАРСКИЙ

Бүгінгі жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жаңаша тәрбиелеу – көкейкесті мәселе болып тұр. Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман дайындау – уақыт талабы. Сондықтан да бүгінгі таңда тәуелсіз елімізге білікті маман, өз ісінің шебері қажет. Ал педагогикалық шеберліктің негізі неде? Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет.

Біздің басты мақсатымыз – сапалы білім, саналы тәрбие беру. Мұғалім өзіне жүктелген осы абыройлы міндетті жүзеге асыру жолында қолданылатын амал-тәсілдер құрамынан этика елеулі орын алады. Осы орайда М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясының Шымкент көлік колледжі білім беру үрдісінде жаһандық бәсекеге қабілетті маман даярлауда елеулі істерді атқарумен қатар, педагог мамандардың мәртебесін арттыру, олардың әлеуетін көтеру жолдарын да қарастырып келеді.

Жақында колледж директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Абдыжалил Абуталипович Аккузовтың басшылығымен колледжде «Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен әдебі» тақырыбындағы колледжішілік семинар өтті. Семинар барысында педагог мәртебесін көтеру жолдарын талқылап, білім беру саласында қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуетін көтеру керектігі айтылды. Педагог оқытудың жаңа әдістерін барынша жетік меңгеріп, неғұрлым шығармашылығы жоғары болса, оның кәсіби құзыреттілігі соғұрлым кең болмақ. Қазіргі заманауи талапқа сәйкес өзіндік көзқарасы бар жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру мұғалімдер үшін маңызды мәселе болып отыр.

Сонымен қатар, семинарға арнайы ұстаздарға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісуге педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі, ұлағатты ұстаз Омар Есеналы келіп, өз ойын ортаға салды.

Педагогикалық этика деген кең ауқымды мағына. Ұстаз деген абыройлы атаққа лайықты болу үшін жан-жақты білімді болып қана қоймай, сондай-ақ әділ де әдепті, қарапайым да кішіпейіл, бауырмал да қайырымды, қысқасы, жоғарғы саналы азамат болуы тиіс деген сөз. Ұстаз этикасы – мұғалім мен бала ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас. Педагогикалық бірінші принцип: дұрыс амандасу. «Сәлем сөздің анасы» деп бекер айтылмаса керек. Кім болса да ең алдымен амандасу, ол адамның көрегенділігін, білімділігін, мәдениеттілігін көрсетеді. Шебер мұғалім кіммен болса да тіл табысып, үйде, достарының қасында, ұжымда болсын жағымды атмосфера тудыра біледі. Алдында отырған 30 баланы айтып жатқанына сендіре білу, көңіл-күйін айтқызбай-ақ түсіну, дер кезінде көмек көрсету, бұл қасиеттер мұғалім үшін аса маңызды дүние. Педагогтың көңіл күйі – оның тәрбиелейтін зор күш қуаты. Кімде-кім мұғалімнің көңілін бұзса, ол оқушыларымыздың тәрбиесіне зиянын тигізеді. Сондықтан өзіңіздің де, өз әріптестеріңіздің де көңіл күйіне абай болған жөн.

Ұлы педагог А.С Макаренко айтады: «Оқушы сіздің еркіңізде, мәдениетіңізді жеке ерекшелігіңізді сезіне алатындай болуы керек». Сөйлеу кезінде адамның адамгершілік қасиеттері, ерік-жігері мен қажыр-қайраты немесе жалтақтық, жағымпаздығы да айқын аңғарылып тұрады. Мұғалім өте әділетті, шыншыл болуы тиіс. Бұл жерде Л.Толстойдың «Егер мұғалім өз ісіне сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен біріктіре алса, онда ол шын мәніндегі мұғалім болғаны» деген сөзі еске түседі.

Қорыта айтқанда, мұғалімнің басты қызметі жаңа қоғамға сай білімді, көкірегі ояу, тәрбиелі, әр уақытта еліне қызмет ететін, оңды-солын білетін жақсы азамат қалыптастыру. Ал мұғалімнің негізгі міндеті қазіргі кездегі жаңа оқыту мен тәрбиелеу технологияларын меңгеріп, өз кәсібін әрі қарай дамыту. Қазір колледж қабырғасында партада отырған өскелең ұрпақ – ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын білімі терең, тәрбиесі тәлімді тұлғаға айналуына ұстаздың атқарар рөлі ерекше. Колледж басшысы А.А.Аккузов мырза да өз ұстаздарына қанаттары талмай, темір жол саласына мықты мамандар даярлауда аянбай еңбек ету арқылы педагог деген мәртебеге дақ түсірмей, адал қызмет етуге бейімделуі тиіс.

Индира НАМУРАТОВА,

М.Тынышбаев атындағы Шымкент көлік колледжінің әдіскері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *