НАУРЫЗ ТАҢЫ АТПАСТАН ТҰРА АЛМАЙДЫ

мәдениет Қоғам
1 107 Views

Ызғырыққа толтырып асуларды,

Мұзыменен қатырып бар суларды.

Құлан иек, ақ таңның нұрын бөгеп

Ақпаным… Неге мұнша ашуланды?!

Қандай нәрсе жеріме жетпей тұрды,

Неге адамдар бір-біріне сенбей тұрды?

Қар жаудырып, аспаннан алай-дүлей,

Неге аспанның суығы кетпей тұрды?

Жетпей тұрған нәрсе ме, ол ұлылықтар,

Жаратқан, жақсы ойды, мұны құптар.

Бір мерей, жүректегі келіп тұрса

Гүлге айналып кетер еді құрлықтар…

Десек – ой, бір жүрекке берік еді,

Ал, сенім сұлулыққа серік еді.

Деген сезім от болып қызса егер

Солтүстіктің қарын да ерітеді.

Күндік, күңкіл, күншілдік сұрақ қалып,

Ой сезімге келгенде бұлақты алып.

Ақ гүлге айналдырып ұлпа қарды

Келер еді, ақпаным шуақты алып.

Нұрына бөлеп, даланы бұл маңайды,

Қиқулатып көгімнен құралайды.

Жылы жібек, естіріп майда самал

Наурыз таңы атпастан тұра алмайды.

Деп даланың күмбірлі күйін тіле,

Тұратұғын баршаны сүйіндіре.

Аспанымның ақ таңы, Наурыз келді, – деп

Жерге құстарды жіберер сүйіншіге…

Сонда самал ескенде үлбіреген,

Көктің ашық болуын күн тілеген.

Жер беті: көк майсаға оранғанда

Төгілер күй, ішектен күмбірлеген.

Жүрегіңе, жаныңа енгісі кеп,

Айтқан сенің сөзіңе сенгісі кеп.

Қазығұрттай қарт таулар қозғалады

Ақ батасын Адамға бергісі кеп!

Наурыз деген табиғат тамашасы,

Еритұғын нұрына, дала тасы.

Сөйлесе егер тіл бітіп адамзатқа

Жаңбыр болып, төгілер ана жасы…

Аманкүл ИСАҚҰЛҚЫЗЫ,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *