ТӨРЛЕТ НАУРЫЗ ТӨРІМЕ!

мәдениет Қоғам
964 Views

Газетіміздің мерекелік шығарылымына арқау болып отырған, келіп жеткен Наурыз мейрамы – біздің халық үшін ең сүйікті думанының бірі. Көктемгі күн мен түннің теңелуін ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Терең тамыры бар бұл мейрам – бірлік пен береке рәмізі бола отырып Ұлы Даланың мыңжылдық тарихынан бастау алады. Ол – қазақ халқы өмірінің, биік рухының, ұлттық мәдениеті пен өнерінің, салт-дәстүрінің жанын бейнелейді.

МЕРЕКЕ ТАРИХЫ

Наурыз – күн күнтізбесі бойынша мұсылмандық жаңа жыл мерекесі. Мейрам көптеген Азия халықтарында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі мемлекеттерде тойлана бастаған. Бұл күні зұлым күштер адамның үйіне кіре алмайды, табиғат оянады, жерге жақсылық пен игілік түседі деп есептеледі. Наурыз сөзінің өзі ежелгі ирандық сөздерден құралған: «ноу» – жаңа және «роуз» – күн. Көктемгі күн мен түннің теңесу күні жұлдыздар бір жылдық айналымнан кейін өзінің алғашқы нүктелеріне келіп, жол-шеңберін жаңадан бастайды. Аңызға сәйкес Наурыз алдындағы түн өте маңызды. Қараңғыда Жер бетінде бақыт жүреді, ал таңертең береке, жақсылық пен мейірімділік түседі. Игі рухтарға деген сенімнен басқа мереке көктем уақытында табиғаттың жаңаруы және жаңажылдық цикл басталатынын түсінумен байланысты. Дәл осы күннен ағаштар гүлдей бастайды, дала балғын, жасыл шөпке оранады. Ол жануарға азық болып, семіртеді. Бұл – өз кезегенде адам үшін де астың молаюы деген сөз.

Ырымға сай жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің деген түсінік бар. Сондықтан да Жаңа жылды қарсы алуға қазақтар үлкен жауапкершілікпен қараған. Оған алдын ала дайындала бастайды. Шаруашылықты ретке келтіріп, арықтарды тазалайды, шаңырақты жинастырады, таза киім киеді, асы мол дастарқан жаяды. Жаңбырдың, егіннің, сүттің жыл бойы молшылықта болуына ниет етіп, барлық ыдыстарды сүт, су, айран және астықпен толтырады.

Қариялар айтқандай, Наурыз үйге кіргенде барлық аурулар мен сәтсіздіктер оны айналып өтеді. Бұл мейрамда барлығы бірін-бірі құшақ жая қарсы алып, ең ізгі тілектерін білдіреді.

МЕРЕКЕ ДӘСТҮРЛЕРІ

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық одан әрмен ұлттық сан түрлі ойындармен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін. Түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Осы орайда Наурыз мейрамының бас асы – Наурыз көже туралы айтып өтпеске болмас. Бұл мейрамда Наурыз көже барлық дастарқаннан табылады. Оның құрамына негізгі жеті түрлі тағам кіреді: су, ет, тұз, май, ұн, жарма және сүт. Жеті саны – қазақта киелі сипатқа ие. Наурыз көженің жеті компоненті өмірдің жеті элементін білдіреді. Наурыз көже үшін қойылатын үлкен қазандық – бірлікті бейнелейді.

Ал, бұл күннің ойыны мен бәйгелері ерекше назар аударуға тұрарлық. Ақындар сөз өткірлігімен жарысады. Ал ақындық өнері жоқ жандар өздерін жаңылтпаш пен жұмбақ шешуде сынап көре алады. Сонымен қатар қыз жігітті «Қыз қууға» шақыра алады. Алайда, бұл ойынның шарты дәл осы мейрамда шамалы өзгеше. Егер ер адам жеңсе, ол қызға құда түсе алады, ал жеңілсе арудың кез келген ниетін орындауға міндеттеледі.

Бұл мереке дәстүрлі спорттық жарыстарсыз да тойланбайды. Қазақтың ұлттық күресі, логикалық үстел ойыны – тоғызқұмалақ, 5 – 15 шақырымға жалғасатын – бәйге. Мұның барлығы мерекенің қызықты әрі тартысты болуына, жұрт көңілін көтеріп, бұл күнді ажарландыруға өз үлесін қосады.

Қазіргі Қазақстандағы Наурыз мейрамы

Өкінішке орай ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан Наурыз мейрамын тойлау мүмкіндігінен айырылып қалды. Кеңес Өкіметі келген соң бұл жақсылық пен игілік мейрамы діни деп таныды. 1926 жылдан бастап Наурыз мерекесін атап өтуге тыйым салынды. Осылайша 62 жыл бойы көктем келгенін ресми түрде ешкім атап өткен жоқ. Алайда, Одақ құлдырауға жақын күндері, адамдар шыдаудан шаршап, 1988 жылы Наурыз мейрамын ашық түрде атап өтті. Содан бері мейрам қалың жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Үш жылдан кейін Үкімет Наурыз мейрамын халықтық мереке деп таныды, ал 2001 жылы Қазақстанның ұлттық мерекелерінің тізіміне енгізді. Қазіргі Қазақстанда Наурыз 21-23 наурыз аралығында үш күн тойланады. Алты онжылдық бойы тойланбауына қарамастан, мерекенің басты қағидаттары мен дәстүрлері іс жүзінде өзгерген жоқ. Бұрынғыдай Ұлыстың ұлы күнінде адамдар бір-біріне жақсылық тілейді. Қалалар мен ауылдарда саябақ аймақтарын тазалап, қоғамдық орындар жақсартылып, жаңа ағаштар отырғызылады. Бұл мейрамда туған — туыстарын құттықтап, ескі ренішті ұмытып, жақындарға жылулық сыйлайтын тамаша мүмкіндік туады.

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын! Бақыт пен береке әр шаңыраққа қонсын! Мерекелеріңізбен құрметті отандастар!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *