НАҒАШЫБЕК НАҚЫШТАРЫ

Таным
1 354 Views

Көктемнің жылбысқы жауыны бүркіп тұрғанына бүгін үшінші күн. Даланың миы шығып, былжырап жатыр. Аяққа жабысқан ми батпақты былш-былш кешіп, үн-түнсіз үйге қайттық».

«Ауызғы бөлме төбесінің бір бұрышы көкаязданып, шып-шып тамшы тама бастапты».

«Ондық шам да тұтанбай сықсияды. Ауыр қозғалып шешем ас жылытқан болды».

«Айкезбе адамдай дел-сал мәңгіріп», «Қарсы алдымнан тік шапшыған арқар кеуделі таудан қоңыр самал есті».

«Жүгері басы жарылып, жайқалып, желек жамылғанда балағы суға малынып тұрмаса, төменгі жапырақтары қурап, собығы сола бастайды».

«Жылы түн. Жымыңдаған жұлдыздар. Сылқ-сылқ күлген су».

«Жылдай ұзақ қыс түні де сейіліп, бозамықтанып сызат берді».

«Қосақтаулы қой қораның ығында дірдектеп тұр екен. Алдына бір бау шөп тастап едім, тарпа бас салды».

«Ұшақтың қалағы шыр айналып, түйіршік қарды суырып, аз-кем зіркілдеп тұрды да жеңіл сырғи жөнелді. Іле қалқи көтеріліп, биіктеп барып, бетін күншығысқа түзеді».

«Әп-сәтте пеш дүрілдей жанып, қазанға ет салынды. Божылдаған шай да әне-міне дегенше дайын болды».

«Есік алдында айдай толқып, күндей күліп есілген жібектей періште сұлу қыз тұр».

«Түйенің ортан жілігіндей алып жігіт тоқсан тарқатылып, сексен ширатылып жалынды».

«Шілде шыға мына құбыла тұста құйрықты жұлдыз қанқызыл боп салбырап тұратын жаман ырым пайда болды».

«Баж етіп жабайыланып кеткен, қабырғалары ырсиып, жүндері түтеген қара мысық үйден ыршып шықты… Көзі ұясынан шыға шақшиған екі інісінің әр-әр жерін мысық тістелеп тастапты».

«Өз ошағында бақытсыз адам – нағыз бақытсыз адам».

«Махаббат дегеннің осыншама захар екенін кім білген».

«Мақта-мата комбинаты дегенді кім көрген. Ішіне кірсең, мың сан тарсыл-тұрсылдан құлақ тұнады. Айналасы атшаптырым зал ішіне қатар-қатар қойылған зіркілдеген көк станоктар. Олардан майда-шүйде жүн-жұрқа тозаңы бұрқырап ұшып жатыр».

«Бозбалалар толы эшелон Қиыр Шығыс қайдасың деп тарс-тұрс ырғағынан жаңылмай, анда-санда боздап қойып тартып келеді».

«Анау әскерден келгендерге тиіп жатқандардың да әуселесін көріп жатырмыз.Үйірге жалғыз түскен сәуріктей боп олар бірін алып, бірін тастап сапырып, талайды тірі жетім етіп, жылтырағанға өліп-өшіп жүгіріп жүр».

«Ұйқысы шайдай ашылып кетті. Су перісіндей сұлу мүсін, ып-ыстық дем, көтеріліп-басылған жартылай жалаңаш толық кеуде, жібектей төгілген қолаң шаш есін алды. Жүрегі лүпілдей соғып, сезімі атойлап, келіншектің жанына қалай жетіп барғанын өзі де байқамады».

Құрметті оқырман! Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні» хикаяттарын, «Ақ шымылдық» әңгімелер жинағын оқығанда көңілге ұялаған осынау бір сөз орамдарының астын сызып отырған едік. Солардың біразын мінеки, назарыңызға ұсындық. Өйткені, осы сөйлемдердің өзі-ақ «Теңіздің дәмі – тамшыдан», дегендей Нағашыбек Қапалбекұлы қаламгердің шығармашылық болмысынан мол хабар береді. Алдымен оның стильдік ерекшелігін айғақтайды. Тіптен, Нағашыбектің қазақ прозасының қай мектебінен шыққанын да айнытпай айтып тұр. Әрине, Майлин мектебі. Қазақ қара сөзінің асқан шебері Бейімбет Майлин мектебі. Бүгінде бұл мектептен өтпеген қазақ қаламгері кемде-кем. Ол мектеп – қазақ қара сөзінің күре тамыры классикалық реализм мектебі. Қазақ қара сөзі осы арнада дамыды, дамып та келеді. Бұл мектептен өткен суреткерлер тәсілі – өмір шындығына зәредей қиянат жасамау, яғни шынайы өмір мектебі. Өмір мектебінен көрген, жиған, түйгеніңді мөлдіретіп ақ қағазға түсіру. Бұл мектептегі басты өлшем – өмірдің өзі. Тіршілік тынысын фотографиялық дәлдікпен қағазға түсіре білсең – онда сен осы мектептің үздік шәкіртісің.

Нағашыбек осынау ұлы мектеп қағидаларына адал қызмет еткен қаламгер екен. Оны біз өкінішке орай, кеш білдік. Өйткені, Нағашыбектің кітаптары қолымызға кеш тиді. Жазушы қауым деген де қызық. Көбінесе көзі алыста шетелдік үлгілерде жүреді. Әлемдік әдебиет алған биіктерді аламын деп ат ізін ауыл жаққа аз салады, яғни бір-бірін оқи бермейді. Онымыз оңған тірлік емес. Оқыса қазақ қаламгерлері бір-бірін толық таныр еді. Терең табысар еді. Бүгінгі жазушылар арасындағы достық – бірінің кітабын бірі оқудан орныққан достық. Бірақ, бір-біріңді оқу дегеннің де екінші жағы бар. Жазушылар бір-бірін оқып, көңілі толмаса қиын. Онда көбінесе кетіседі. Айтпағымыз, жазушы жүрегіне апаратын жол, жалғыз жол – оның кітаптары екені. Бізді Нағашыбекпен табыстырған – кітаптарымыз.

Нағашыбек Қапалбекұлы 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келіпті. Әскерде жүргенде 1969 жылы Қытай мен КСРО арасында болған Даманск қақтығысына қатысқан. Демек, соғыс ардагері. Бүгінге шейін 35 кітап шығарыпты. Оның бәрі прозалық шығармалар емес. Тарихи-танымдық кітаптары мол. Дені Жамбыл ата өмірі мен шығармашылығына арналған. Нағашыбек – туған жерінің нағыз патриоты. Оның қаламынан Қарасай, Райымбек, Шапырашты Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Өтеген, Бекболат секілді халық батырлары және Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет сынды халық ақындары, Төле би, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал тәрізді тарихи тұлғалар жөнінде тарихи очерктер туды.

Байқап отырғанымыздай, Нағашыбек өзінің бүгінгі шағына құр қол келмепті, мол шен-шекпенмен келіпті. Алайда, осылардың ішінде халқына ол алдымен қаламгер Қапалбекұлы ретінде қымбат. Бізге де. Ендеше, соның сыры неде? Нағашыбектің «Дос жүрегі» деген тамаша әңгімесі бар. Осы әңгімені парақтап отырмыз.

«Дүние ғапыл деген де рас».

«Ермек, күркілдеуік кәрі шалдай жүруінен тұруы көп мәшинесін жөндеп әуре, қашан көрсең көзі ғана жылтылдап бет-аузы, үсті-басы май-май болып мәшинесінің астында тырбаңдап жатқаны».

«Бүлк-бүлк етіп беті сынап түстеніп, өзен тұншыға сыбырлап, тұнғиықтана ағады. Жағасындағы балапан құрақтар суыққа тоңғандай болар-болмас діріл қағады. Таулар ғана батагөй қарттардай тәкаппар шалқайыңқы».

Әңгімені оқырман тұшына оқиды. Өйткені, өмір детальдарында дәлдік бар. Көздеген нысанасына дәл тигізген қаламгерлік мергендік. Ауыл өмірінің шынайы штрихтары. Шебер сүйкеген сөз бояу сол бір ауыл тұрмысында талай көрген суреттерді көз алдыңызға қолмен қойғандай әкеледі. Майлин мектебінен өткендер ылғи да өстеді.

Жазушының әңгіме, хикаяттарынан біз байқаған басты ерекшелік алайда жалғыз дәлдік емес. Басты ерекшелігі – Қапалбекұлы қаламгердің қазақша ойлау қабілетіне сызат түспегені. Қазақ қаламгерлерінің дені ауылда туып, етек-жеңін ауылда жиғандар. Алматыға оқуға келіп, оқудан кейін осында үйленіп, үй болып қалып қойғандар. Сөйтіп, саналы ғұмырын қалада өткізгендер. Ал, бұл шаһардың тілі болса қашаннан орыс тілі. Қазақ тілді орта бұ қалада күні бүгінге шейін қалыптаспаған. Соның зардабын асфальтта туған қазақтар ғана емес, ауылда туып, қалада тұрып қалған қаламгерлер де тартады. Қалада тұрған қазақ қаламгерлері уақыт жүйріктен қалмаймын деп орыс тілін «орыстан артық білуге» әрекет жасады. Нәтижесінде, жылдар өте келе жазушының қаймағын бұзбай ауылдан алып келген ана тілінің әрі кете бастайды. Өзінің тілдік ортасынан ерте ажырау салдары. Оны бірақ, біз мойындай бермейміз. «Орыс тілін орыстан артық меңгерген» жазушыларымыздың ой жүйесінде өзгерістер орын алады. Ол өзгерістердің шығармашылық майданда оң да, теріс те жағы бар. Әсіресе, қазақша жазған кезде теріс зардабы көп. Осыны білген орыс жазушылары о бастан деревнядан қол үзбеген, соны дәстүрге айналдырған.

Өз тілдік ортасынан көпке шейін қол үзбей Нағашыбек көрегендік жасаған. Қала дегеннің «қызығын» ол соңғы 15 жылда ғана көре бастаған. Нәтижесінде, ақ қағазға ауыл жайында Нағашыбек салған нақыштар мейлінше мөлдір, табиғи, тірі қалпында жүр. Ол неден? Қаймағы бұзылмаған қазақша ойлаудан дер едік. Бірақ, қазақша ойлағанның бәрі қаламгер емес қой! Рас. Бұ жерде әңгіме қаламына тәңір дарытқан дарын туралы болып отыр. Сол тәңір берген талантты мәпелей білу де талант. Прозашыға ең алдымен әңгімешілдік керек. Ауызша әңгімешілдік емес. Жазбаша кәсіби әңгімешілдік. Сонда оқырман кітапты бас алмай оқиды. Оқырманды алғашқы сөйлемнен бастап жетектеп отыратын жазушы – ең бірінші мақсатына жеткен жазушы. Жоғарыда әңгіме болған Нағашыбектің «Дос жүрегі» әңгімесі осы үдеден шыққан. Бір ауылда тай-құлындай тебісіп бірге өскен Қайыркен, Таңат, Ермек атты үш жігіттің достығы туралы жүрек сыздатар сыр. Сал болып ауруханада жатқан Қайыркенге кіріп шыққан балалық шағының досы Ермек ауылдағы қарапайым шопыр. Қашан көрсең мәшинесінің астында май-май болып жататын досы. Ауылға екеуіне ортақ дос Таңаттың келгеніне бір ай болғанын айтады. Содан сал болып жатқан Қайыркен ауруына ауру жамайды. Ауылға келгеніне бір ай болса да қалада тұратын астына қара «Волга» мініп жүрген кешегі өмірдің ыстық-суығын бірге көрген Таңаттың ауруханаға бас сұқпағаны қалай? Көңіл сұрамағаны қалай? Қайыркеннің жүрегі ауырды. Ауылда кәрі кемпір-шалдың баласы Таңат үйленгенде осы Қайыркен мен Ермек емес пе еді, ашқұрсақ жүріп ауыздағысын жырып берген!! Енді, міне, бар болған кезде өзгеріп шыға келгені ме? Жазушы осы әңгімесі арқылы бүгінгі күннің бір жан ауыртар тақырыбын қозғайды. Ер адам үшін достан көрген назадан өткен азап бар ма?! Бірақ, сұрқылтай уақыт, сұм есеп, құрғыр құлқын адамды өзгертеді. Төсекке таңылып жатқан Қайыркеннің көз алдынан үшеуінің достық тарихы өтеді. Неткен таза сезім! Сол аппақ сезімге енді өшпес дақ түсті. «Осы әке-шешелеріміз жас кезінде, біріне тартсаң біріне жетпейтін шақта, бәрі де тату-тәтті, айрандай ұйыған тәтті ғұмыр кешпеді ме? Қара суды қайғысыз ішіп, бар тапқанын ортаға салып, соғысты бастан кешіргендердің бүгінгі ұрпағы – мына біз не боп барамыз? Оқшау тірлік, оңаша өмір, өзімшілдік, өзіне тарту етек алып кеткен бе? Біреудің қайғысына екіншіміз күлетініміз не, адамшылық астамшылыққа ауысқаны ма, шынымен?!» деп толғанады Қайыркен.

Нағашыбектің тағы бір жілікті шығармасы – «Таудан түскен тұман» хикаяты. Шағын роман десе болғандай салмақты, татымды дүние. Ыдырыс мектеп жасында жүріп ауылдағы кемшіліктерді аудандық газетке жазамын деп кеңшар директорының қырына ілігеді. Момын малшы әкесінің отарынан қой жоғалып, әкесі сотталып кетеді. Малды ұрлаған кеңшар директоры Кенжалинмен әмпей-жәмпей көрші шопан болып шығады. Соны дәлелдеймін деп жүріп екіқабат шешесі сырқатқа ұшырап ауруханадан бір-ақ шығады. Бала Ыдырыс шүпірлеген үш қарындасымен ыздиған суық даладағы жалғыз үйде тұттай тірі жетімге айналып, ызғырық тағдырмен бетбе-бет қалады. Араға он жыл салып ауылға республикалық белді газеттің тілшісі болып оралады. Баяғы әкесін түрмеге тығып, қазасына себепші болған Кенжалинді қан қақсатады. Кек қайтарады. Бұл шығарманың басты қасиеті осынау сюжетте емес. Басты қасиеті – бала көзімен шынайы суреттелген өмір шындығында. Қу тірлікте кісінің кісіге жасайтын қиянаты туралы хикаят тірлік қисынынан қылаудай ауытқымайды. Сол ортаға тән тіл қаймағы бұзылмай, қағаз бетіне түскен.

Жазушының соңғы шыққан «Ақ шымылдық» жинағына да жақсы оқылатын таңдаулы әңгімелері енген. Әр әңгіменің өзіндік тәлім-тәрбиесі бар. «Құт пен жұт» әңгімесі бүгінгі қазақ үшін күйіп тұрған халық санын көбейту тақырыбын көтереді. Екі әйел алған егде қазақтың өзіміз сияқты ашқұрсақ зияткерге айтқаны: «Бала тауып беретін жас әйел ал! Қазір не көп, бойдақ қыз-келіншек көп, тас лақтырсаң соларға тиеді. «Әкеден пұл қалғанша ұл қалсын».

«Бәйбішелер бала таба алмады ма, онда күйеулеріне тағы да ұл-қыз көбейту үшін мұрсат берсін. Бәрібір осы бір қатынмен қатып-семіп қалған еркек кіндікті көрмедім, жіңішкелеп басқаға бәрі барып жүр ғой өздерінше білдірмегенсіп». «Жалғыз ұлы бар кісінің шығар-шықпас жаны бар. Үш ұлы бар кісінің Бұқарада қолы бар, қорасында малы бар» дегендей, әр отбасында кемінде үш-төрт еркек бала болуы керек. Ұл көбеймей – ел көбеймейді. Білдің бе? Сонда ғана біз ілгерілейміз. Мына ұлан-байтақ жерімізге кім ие болады ХХІ ғасырда?! Дәл осы күнге дейін қазақ атамның ұрпақтары үзілмей, мына сайын даламызды сақтап, баптап, бізге аманаттап берді. Ашаршылық, соғыс, қанша қуғын-сүргін, зауал туса да, олар өсті, көбейді. Ал бүгінгі кезеңде көбеймесек, онда сол ата-баба әруағы алдында қарыздар болмаймыз ба?! Мына берекелі сахарада кім көрінген жатжұрттықтар тайраңдап, қызығын көрмей ме? Жері байдың – елі бай. Неге бір баламен тоқтап қалдыңдар?»

Бұл қаладан келген шибұт зияткер інісіне ауылдағы екі әйел алып екі үй толы ұл-қызға ие болып отырған түйеші айтқан уәж. Түйеші аға одан әрмен сілтейді:

«Қыз бала күйеуге тигеннен кейін рет-ретімен жүкті болып, қанша нәресте бойға бітсе, соншасын табуы керек. Ол ананың қанын тазартады, тәнін жасартады, мейірім-шапағат береді, үйіне ұрыс емес, ырыс әкеледі. Ал, жарық дүниеге келмей жатып баланы алдыртып тастағандар Алланың қаһарына ұшырайды. Содан қатындар долыланып, түрлі кеселге ұрынады».

Байқап отырғаныңыздай, бүгінде қазақты не толқытса, жазушы кейіпкерін де сол толқытады. Әр сөйлем астарында ұлтым деп соққан жүрек тұр. Автордың азаматтық келбеті тұр. Құптамасқа лаж жоқ. ХХІ ғасыр – қазақ үшін ұстараның жүзіндей қылпыған қиын ғасыр. Қисынын тапсаң – құт ғасыр, таба алмасаң – жұт ғасыр. «Құт пен жұт» қазақтың бүгінгі жанайқайы. Осылай өзіндік нақышы бар Нағашыбек не жазса да халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жазатын қарымды қаламгер деуімізге де болады.

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы, қоғам қайраткері

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *