Белгілі бір кәсіптің шыңына шығып, шынайы шебер иесі атанған тұлғалардың қыр-сырына үңіліп, әңгімеге тартып көрсеңіз, қай-қайсының ұстазы мықты болғанына көзіңіз жетеді. Не мықты ұстаздың тәрбиесін көрген, не оның терең білімімен сусындаған болып шығады. Әсілі ұстазы мықтының ұстанымы мықты деген сөз осыдан қалған ғой.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ұлағатты ұстаз Мәрзия Нәлібайқызы. Ол жалынды жас шағынан күні кешеге дейін қырық жыл білім саласында еселі еңбек еткен, талай талантты шәкірттерді тәрбиемен ұштаған дарынды педагог және ұжымды іскерлігімен басқарған басшы, бұл күнде алпыстың сегізіне келіп өмірде көрген-түйгенін, оқыған-тоқығанын айналасымен бөлісіп отырған, жан-жағына шуақ шашқан ақ жаулықты Ана, немере-шөберелерінің асыл әжесі!
Мәрзия Құдиярованың есімі Түркістан облысына жақсы таныс. Қалай десеңіз, бұл үлгілі есімнің педагогика саласына қалдырған ізі, жүріп өткен жолы, қолтаңбасы ерек. Келісесіз бе, кейбір жандар дүниеге келгенде мамандығымен, белгілі бір кәсіпке, өнерге бейімдігімен туылады. Ал Мәрзия туабітті педагог. Баланы оқуға бейімдеп, оның ынтасын арттыруға келгенде, әр оқушыны өзінің қабілетіне сай бағыттап тәрбиелеу ісінде Мәрзия Нәлібайқызыдан асып түсері жоқ. Бір қызығы, марқұм әкесі Нәлібай қыздары Мәрзия мен Үрзияның келешекте кім болатынын тап басып айтып кеткен екен… Үлкен қызы Мәрзияны шақырып: «Қызым, сенен жақсы мұғалім шығады» десе, кіші қызы Үрзияға сот боласың депті… Расында Үрзия Дүйсенбаева бертінге дейін ел тік тұрып сыйлайтын адвокат қызметін атқарды. Құқық саласының білікті маманы, өте сауатты, білікті кадр бола білді. Әттеген-айы, өмірден ерте озғаны өкінішті.
Мәрзия апайымыз үйдегі жеті баланың жөн айтар үлкені. Әкесі Нәлібай жастай жетім қалса да, он үш жасынан намазға жығылған, бір Алла деп өткен әулие кісінің қатарынан еді. Түркістандағы Сұлтан Қожа Ахметтің кесенесін шыр айналып, көкке қолын жайып Құдайдан перзент сұрайды. Анасы Бибімарияммен бас қосқанда әкесі Нәлібай ердің жасы елу еңсеріп қалған-ды. Анасы Бибі отыздың о жақ-бұ жағы. Тәңірім тілеулерін беріп, жарық дүниеге перзенттері осы Мәрзия келеді. Одан кейінгі інісінің аты сол Ясауи бабамыздың құрметіне Сұлтан Ахмет қойылды.
Ақыры балалық шақтың көрінісі қылаң беріп қалды ғой. Мәрзия апай бала жасында қандай болған десе, ол білімге ынты-шынтымен құмар, жігері жанып тұрған қайратты да, мейірімді қыз екен.
Мәрзия 1971 жылы мектеп бітіргеннен кейін бір жыл кітапханашы болып жұмыс істейді де, келесі жылы Алматыдағы әйгілі Қыздар педагогикалық институтына құжат тапсырады. Бір жыл бойы дайындықтан қол үзбегені тәуір болды, билеттегі сұрақтарға мүдірмей жауап берген қыз ЖенПИ-дің педагогика-психология факультетінің студенті атанады. Төрт жыл төрт айдай зымырап өте шықты, 1976 жылы қолына су жаңа дипломын алған Мәрзия өмірлік серігі Асылханмен Сайрам ауданына жұмыс барысымен келген еді. Құдай қосқан қосағы Асылханның мамандығы ауылшаруашылығы болғандықтан сол кезде жолдамамен Сайрамға жіберген. Мәрзия апайымыз еңбек жолын балабақша меңгерушілігінен бастады. Ауылға нағыз сұранып тұрған мамандық, жас келсе іске деп, жұмысты жандырып істейтін Мәрзия білек сыбана еңбекке араласып кетті. Сайрамда жүрген жылдар оны еңбекке шыңдаған үстіне шыңдады. Кейін жас отбасы туған жері Түркістанға қарай жылжиды, мұнда Мәрзия апай ұстаздық жолын осындағы педучилищеде жалғастырды. Жиырма екі жыл тапжылмай жұмыс істеп, балалар анатомиясынан сабақ берді. Жақсылардың кеудесі қашанда алтын сандық, білгенін үйретуден жалықпаған Мәрзия апайдың тек сабақ беріп, шәкірттерін білімге нәрлендіріп қана қойған жоқ, ұрпаққа жетелі, саналы тәрбие де бере білді.
2000 жыл жаңа ғасырдың басында Түркістан жаңа бағыт алып, дамып жатқан кез еді. Түбі бір Түркі дүниесінің түп қазығы, рухани қалада халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылып, оқу бөлімінде бір-ер жыл жұмыс істеді, тәжірибе жинақтады. Ал 2002 жылы Түркістанда «Дарын» мектебі ашылғанын естігенде бағын сынап көрмекке барған, адамды бір көргеннен танитын сол кездегі мектеп директоры алдына келген тәжірибелі ұстаз Мәрзия Құдияроваға тест сұрақтарын ұсынады. Басшы алдына кірген бойда еш дайындықсыз, жаңылыспастан тесті тапсырып шыққан Мәрзия мұғалім сол күні мектеп директорының бұйрығымен жұмысқа қабылданады. Басшы орнынан қозғалмастан дереу жұмысқа қабылдау жайлы бұйрыққа қол қойғаны – бұл жылдар бойы үздіксіз бала тәрбиесі мен терең білімімен айналысқан ұстаз келбетін айна-қатесіз тани білуі еді.
Мәрзия апай өзінің оқу-әдістемелік ұстанымында шәкірттерінен ең алдымен талап етер қағидасы – жауапкершілік, еңбекқорлық, ізденімпаздық, шынайылық. Бұл қасиеттерді ол ұстаз ретінде шәкірттеріне бере білді де!
Дарынды балалар мектебінде жүріп, Мәрзия апай небір талантты оқушылардың қарым-қабілетінің ашылуына сеп болды. Кейде отбасылық жағдайдың қолайсыздығына байланысты баланың білімі төмендеп кететін сәттері болады, ондайда психолог ретінде оқушымен бетпе-бет келіп жан-дүниесімен тілдесетін. Мектеп ұлттық бірыңғай тест тапсыру бойынша 2006 жылы еліміз бойынша рекорд жасады. Мектеп бітірушілер түгелдей дерлік жоғары балл жинап, ең сапалы көрсеткішпен барлығы жоғары оқу орнына грант оқу жүйесіне түсіп кетті. Ұстаздық жолына жан-тәнімен берілген Мәрзия апай бұл менің ең қызықты, өнімді еңбек еткен жылдарым еді деп еске алады. Дегенмен, Мәрзия Нәлібайқызы мұнымен тоқтап қалмаған, 2009 жылы апайдың ұйымдастыру, ұжымды басқару, істі шырқ үйіріп дөңгелетіп әкету қабілетінің бар екенін біліп, аудандық білім бөлімі Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында «Балбөбек» балабақшасына меңгеруші етіп жібереді. Әйгілі Әл-Фараби бабамыз: «Ұстаз — жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер — білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар — намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен. Мәрзия апайдың бойынан осы қасиеттердің бәрі табылады. «Балбөбек» балабақшасын алға ұмтылдырып, тәрбие мен білім, тазалық жағынан республикадағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі білім мекемелерінің алды болды. Сондықтан жергілікті білім бөлімі осы қызметі үшін Мәрзия Құдияроваға Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні омырауына тақты.
«Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі болып жүрген шақта ұжымда елуге тарта қызметкерлердің мейлі ол әдіскер, мейлі тәрбиеші, мейлі аспазы, техникалық қызметкер деп болсын, ешкімді қызметіне қарай бөлмеді, біріне апа, біріне әпке, біріне ана болып сырласты, рухани дем берді. Ұжым мүшелері кез келген нәрсені алдымен Мәрзия апаймен ақылдасатын, ақылына көркі сай, көркем мінезді басшыларын шын сыйлайтын. 2013 жылы апай зейнетке шыққанда қимай қоштасқаны сондай, көзіне жас алмаған адам қалмады. Мәрзия Нәлібайқызы өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тілге шешендігімен мұғалімдер қауымын емес, ата-ана мен оқушы, бала жүрегін баурап алатын. Сондықтан балабақша ұжымы зейнетке кеткен Мәрзия апайды жібергісі келмеді, әлі де ұжымға, білім саласына берері көп ұстазды көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Бұл күндері немерелеріне бас-көз болып үйде отырған Мәрзия апайды бұрынғы ұжымы іздеп келіп, қауқылдасып, әңгіме өрбітіп дастархан басында жиылып тұрады. Міне, нағыз сыйластық деген осы!
Ауылшаруашылығы саласына ұзақ жылдар еңбек еткен, әрі ұстаздық жолды да таңдаған Асылхан аға мен Мәрзия апай осынау өнегелі ғұмырында төрт ұлды тәрбиелеп өсіріп, осы күндері бәрін аяқтандырып, келін түсіріп, құда-құдағи атанып отырған киелі шаңырақ. Тек отағасы Асылхан аға немерелеріне ата болып қызық көрер шақта өмірден озып кеткені болмаса… Тұңғыш ұлы Дәулетбек Құдияров – бұл күндері жаңадан құрылған Сауран ауданында аппарат басшысы, бұрын Кентауда ауылшаруашылығы бөлімін басқарды, Шұғанақ ауылында ауыл әкімі, әкім кеңесшісі, ішкі істер бөлімін басқарды. Одан кейінгі ұлдары кәсіпкерлік салада. Мәрзия апай өзін қоғамда орнын тапқан, бала тәрбиесіне қыруар еңбек сіңірген, шаңырағын биік көтерген бақытты АНА.
Құралай АХМЕТОВА