«БІЛІМДЕГІ» БЫЛЫҚТАР НЕМЕСЕ ЫСТЫҚ ТАМАҚ ОРНЫНА ШИКІ ЕТ БЕРІЛГЕН

Білім Мәселе
696 Views

Түркістан облысы, Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғыбасшысы Роза Аманова осыдан бір ай бұрын пара алу дерегі бойынша істі болған еді.

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Жақында білім саласында тағы даөрескел заңсыздықтар орын алғаны белгілі болды, енді бұл іске қатысты да тергеу амалдары жүргізілмек.

Неге десеңіз, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп тарапынан бекітілген ыстық тамақ дұрыс берілмеген. Бұл фактілер білім бөлімін Роза Аманова басқарған 2021 жылдары белең алады. Яғни, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Аманова мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын бұзған.

Яғни, экс-басшы аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды бір мезеттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкер Жабаевамен бір көзден келісім-шарт түзеді. Жалпы бүгінде Төлеби ауданында 68 мектеп бар. Онда 29 мыңға жуық оқушы білім алса, соның 2600-і әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар екен. Міне, осы балаларды ыстық тамақпен қамту туралы келісім шарттың қызмет көрсету құны 75 млн 182 мың 16 теңге болып белгіленеді.

Осылай мектеп оқушылары сабақ арасында бір мезет күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі керек болатын. Алайда кәсіпкер тапсырысты уәдеге сай орындамайды. Жабаева оқушыларға ыстық тамақтың орнына азық-түлік себетін таратқан. Себетте шикі ет, жұмыртқа, макарон, сұйық май т.б секілді заттай азық болған…

Бір қызығы, бұл заңсыздықтарға мектеп директорлары бей-жай қарап, көре тұра ешбірі жақ ашпаған. Керісінше кәсіпкердің ісін мақұлдап, ресми құжатқа көпе-көренеу жалған мәлімет енгізіп, мөрін басып, қолын қойып келген. Мұны мектеп басшылары жоққа шығармайды.

Осы мақаланы әзірлеу барысында біршама журналистік зерттеу жүргізіп, мектеп директорларына сауал жолдағанымызда «мұндай тапсырма жоғарыдан келген» деп уәж айтумен болды. Демек, «тапсырма» аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінен болған. Мәселен, Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің әлеуметтік педагогы Айгүл Асқарбекова әлеуметтік аз қамтылған 151 балаға сұраныс береміз, бастапқы екі-үш күнде ыстық тамақ болғанмен, кейін азық-түлік себетімен қабылдансын деген тапсырма ауызша берілгенін айтып отыр.

Ал Әңгір Ата мектебінің директоры Құрманғазы Молдияров:

— Мемлекеттік тапсырысты ұтып алған мекеме «Аудандық білім бөлімінің тапсырмасымен біз азық-түлікті заттай пакетпен таратамыз!» деген соң, солай сұраныс бергенбіз, — дейді.

Түсінгеніміз — бұл мектептегі балалары азықты үйіне алып кетеді, немесе үйге таратылады.

Дегенмен, келісімшартта көрсетілген суммаға тапсырысты орындаушы тұлға мектеп жасындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамту керек деп анық жазылған! Ал, іс жүзінде бәрі басқаша болғанмен, орындалған жұмыстар актісінде келісім шартқа сәйкес толтырылып келген. Демек, есептік құжатта ыстық тамақ деп көрсетіледі.

Осы жерде заңды сұрақ туындайды… Тапсырысты орындаушы жеке кәсіпкер Жабаева мен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің арасында сыбайластықтың ұшы қылаң беріп тұрған жоқ па? Әлде, мектеп директорлары мен тапсырыс беруші, орындаушылардың арасында «көз қысты, бармақ басты» жасырын келісім бар ма?

Біз екі тарапты да сөйлету үшін мектеп директорларынан бөлек аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне бас сұғып, мәселенің мән-жайына қанықпақ болдық. Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Нұрлан Қырбасов білім бөлімінен ешқандай тапсырма, не нұсқау берілмегенін айтып әлек болды. Олардың сөзіне сенсек, бірде-бір білім ұясына ыстық тамақтан бас тартып, орнын азық-түлікпен толтыру бойынша тапсырма берілмеген, керісінше мектеп директорлары ұсынған сұраныс хаттың негізінде азық-түлік үлестіріліп келген көрінеді.

Тағы бір түсініксіз жайт, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен жеке кәсіпкер Жабаева арасындағы келісім-шарт 2021 жылдың 14 қыркүйегінде түзілген болса да, мектеп директорлары сұраныс хаттарын аудандық бөлімге бірнеше күннен кейін берген. Тәртіп бойынша сұраныс алдын-ала берілуі керек, осы сұраныс хаттың негізінде мемлекеттік конкурс өткізіліп, тапсырыс орындаушылардың бірі жеңіп алуы тиіс еді.

Бізге жеткен мәлімет бойынша кейбір мектеп басшылары тіпті бүгінге дейін де сұраныс хат бермеген. Сонда келісім шарт жасасқанда балалар саны мен көрсетілетін қызмет құнын қалай анықталған деген тағы заңды сұрақ өздігінен туады.

Қысқасы, тұрмысы жүдеу отбасылардың балаларын бір мезгіл тамақпен қамту жөніндегі мемлекеттің бұл қамқорлығы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқандай… Себебі, оқушылар мектепте ыстық тамақ ішіп жатқан жоқ, заттай таратылған азық-түлік оның ата-анасына, отбасына берілді. Мұны кім тұтынады, әрине, үйдегі үлкендер… Сонда бала мектепте ашқұрсақ жүре ме? Не себепті, баланың өз тамағын өздеріне қимаған? Басқа басқа, баланың күнделікті ішетін тамағынан жырып, ас-суын үнемдеп қалу… содан табыс табуға талпынудың өзі ашкөздік!

Бұған жол берген кімдер?

Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Маржан Жеткеровадан мәлімет сұрағанымызда ол тексеру жұмыстарына байланысты барлық құжаттар құзырлы органдарда жатқанын жеткізді. Ал, аудандағы аз қамтылған отбасылардан шыққан әлгі 2600 баланың ешбірі жаңа жылдан бері ыстық тамақпен де, азық-түлікпен де қамтылып отырған жоқ. Мұндай әлеуметтік көмек 2021 жылдың соңына дейін ғана беріліп келген.

Осылайша тараптар бар мәселені бір-біріне ысырып, жауапкершіліктен қашқандай сыңай танытты. Ал, осы іске тікелей жауапты тұлғалар мен мектеп директорларының ендігі тағдыры не болмақ? Ендеше жағдайдың ақ-қарасын айырып, әділ шешім шығару құзырлы органдардың еншісіндегі іс.

Е. МАЙЛЫБАЕВ,

Түркістан облысы,

Төлеби ауданы бойынша меншікті тілші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *