ОЙЛАРЫМ МЕНІҢ…

Әдебиет
504 Views

(Соңы. Басы өткен санда).

Жалғап жатыр замана жолға жолды,

Естіп ең ғой мінеки ол да болды.

«Құдай жоқ», – деп қақсаған атеист пен,

Ар-ұятсыз алқаш та молда болды.

*   *   *

Қылсын дейік пейілін Құдай бәсік,

Ұрлық деген харам іс, ылай кәсіп,

Бұрын жортқан ұрылар дара-дара,

Бұл күндері алыпты сыбайласып.

*   *   *

Бір іске балді бекем буған едік,

Ысқырып бір әкімді қуған едік.

Жаңасы жылпылдаған бір керемет,

Бұрынғы әкімнен де қу ма дедік.

*   *   *

Қыздар жүр бір тыным жоқ желісінде,

Келеді көрінгенмен келсімге.

Жетімдер үйі толы тастандылар,

Көкек жүр ұшып-қонып ел ішінде.

*   *   *

Өмір деген жылдар емес сен сүрген

Өмір деген қызық емес сен күлген.

Өмір деген ісің, барлық тірлігің,

Халқыңа шын қадіріңді білдірген.

*   *   *

Досым сен атақ пен даңқ пайдалы

деп пе ең?..

Ей, қойшы, ол атағың қайдағы… неткен…

Жараспаған дәм-тұзы ғашықтардай,

Олар мені әрқашан айналып өткен.

*   *   *

Адамның ойы қашан тұрақтады?

Берілді міне бізге сұрақ тағы.

Адам ба? Адам деген кітап ол бір,

Оқуы оңай емес бірақ-тағы.

*   *   *

Бір үйде төрт партия, қорқасың, ә?

Таласар тірі өгіздің сорпасына.

Төртеуі төрт бұрышқа тартқылайды,

Шаңырақ түспесе игі ортасына.

*   *   *

Орыстың тілі бізде кіл ыңғайда,

Жұлыным бұл қорлықтан жұлынбай ма?!

Сақаумыз отыз жылда тіл шықпаған,

Қазақстан, қазағым тілің қайда

*   *   *

Жеткенде тағдырымның сұм ажалы,

Біреулер жері кеңіп қуанады.

Біреулер қимастықпен күрсініп жәй,

Біреулер жылай-жылай жұбанады.

*   *   *

Әділдік қайда кеттің бір көрінбей,

Бағаңыз лайықты жүр берілмей.

Мықтылар бұл күндері жөн сөзіңді,

Көрмейді бұралқы иттің үргеніндей.

*   *   *

Біреудің батып жатып, айда арманы:

– Қозғаңдар, итеріңдер айда арбаны.

– Қозғалды…

– Қалай қарай? – деп сұрағам,

Бірақ та ешкім жауап қайтармады.

*   *   *

Белгілі жәй, несіне жасырасың

Адамшылық кәрі мен жасыңа сын,

Біреулерден өмірде зыр-зыр қашып,

Біреулерді көруге асығасың.

*   *   *

Иттердің қасиеті сақ тұрғаны,

Бір досты ырылдап шын жақтырмады.

Талай дос жылмаң қағып алдап кеткен,

Адал дос сол итімдей таптырмады

*   *   *

Бұзылатын бұрынғы келбет, кейпің,

Адам бар ма ауырса сенделмейтін.

Сол аурудың ішінде ең жаманы

Махаббаттың ауруы емделмейтін.

*   *   *

Аспанға мойыныңды бұрмайсың көп,

Тірліктің тауқыметін жырлайсың кеп.

Сан жетпес жұлдыздардың бірі мендік,

Тілеймін сәуле шашып тұрғайсың деп.

*   *   *

Жақсы өлсе жанарлардан жас тамады,

Тұнжырап талайлардың қас-қабағы.

Өздері өлгенменен жақсылардың,

Екінші өмірлері басталады.

*   *   *

Адамдар тоқтамайды шамалыға,

Талпыну талаптары жоғарыға.

Ұсынып кем талантты басшылыққа,

Халықтың қалып жүрміз обалына.

*   *   *

Бір ел бар оқ астында зуылдаған,

Бір ел бар аққан қаны жуылмаған.

Ойласаң соның бәрі бейбіт күннің,

Қадірін ұқпағаннан туындаған.

*   *   *

Оқыдым ғаламтордан мұны депті,

Айтқаным ақиқаттың шыңы депті.

Қолжаулық қып алғасын кім көрінген,

Бұл күнде саясаттың құны кетті.

*   *   *

Сұлу көрсең жан-жүйең қызынады,

Сабындай-ақ көңілің бұзылады.

Жүрек сонда сабырмен дейді саған,

«Тым жеңілдеу екен ғой тұзың әлі».

*   *   *

Өмірдің сырын зерттеп топшыладым,

Қиыннан қиналсам да көп шыдадым.

Ішімнен бір үн шықты: – Бұл өмірдің,

Сырына жеткен адам жоқ шырағым.

*   *   *

Ертеде әділетті болған абыз

Шындығы оның айтқан толған аңыз.

Бүгінде шындық деген өте қымбат,

Сондықтан оны сирек қолданамыз.

*   *   *

Қарасаң достарыңның түрі де көп,

Олардан маңды жерде ірі де жоқ.

Жол бермей жүргенменен тыныштықта,

Басыңа іс түскенде бірі де жоқ.

Рза ОҢҒАРБАЙ,

ақын,

Маңғыстауоблысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *