Бүгінгі таңдағы түркі дүниесінің әйгілі тұлғаларының бірі, арқалы ақын, заңғар зерттеуші, тарланбоз түрколог Олжас Сүлейменов Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғары марапаты – «Үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Оқырман қауымға белгілі, ТҮРКСОЙ 2024 жылды «Олжас Сүлейменов жылы» деп жариялап, жоспарлы түрде бірқатар мәдени-рухани шаралар өткізіліп, атақты ақынның руханият пен ғылым әлемін дүр сілкіндірген «АЗ и Я» кітабының 50 жылдығы арнайы атап өтілген-ді.
Әйгілі ақынға арнайы құрмет ретінде ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев Алматы қаласына келіп, «Үздік қызметі үшін» медалін Олжас Сүлейменовтің кеудесіне ерекше ыстық ықыласпен тақты. Халықаралық ұйым басшысы ақынның мұқым түркі әлеміне сіңірген таңғажайып үлесіне арнайы тоқталып, ол «ой-санамызды кеңейтіп, қаламы арқылы халқымыздың тарихи және мәдени жадын тірі ұстап келе жатқан тірі аңыз тұлға» екендігін атап көрсетті.
Емен-жарқын жүздесу барысында Олжас Сүлейменов өзіне тапсырылған марапатқа алғысын айтып, түркі халықтары арасындағы мәдени бірлікті нығайту бағытында ТҮРКСОЙ-дың қызметін үнемі бақылап отыратынын және ұйымның жұмысына жоғары баға беретініне арнайы тоқталды. Түбі бірге түркінің тұтастығын нығайту бағытында жұмыс істеп жатқан беделді ұйым жұмысына сәттілік тіледі.
М. ТӘУКЕБАЙ