БІЗ АБАЙ ЖОЛЫНДАМЫЗ

Мерей Руханият
1 134 Views

Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын зерделеуге арналған іс-шара болып өтті.

«Біз Абай жолындамыз!» атты шараны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов кіріспе сөз сөйлеп ашты.

ҚР ҰҒА академигі, экс-сенатор Ғарифолла Есім, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, көрнекті ғалым Намазалы Омашұлы, «Заманауи зерттеулер» ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD Мұхит Сыдықназаров, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, айтыскер-ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің 3-курс студенті, «Qamqor» еріктілер қозғалысының мүшесі Диана Сайлаубаева «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Мемлекет ісінің мүддесі», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» тақырыбында ой қозғады.

Студенттер шара барысында Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов бейнесін сомдап, университет ректоры Ерлан Сыдықов «Отырар» кітапханасына академик Серік Қирабаев тапсырған «Абай жолы» эпопеясының алғашқы тарауынан үзінді оқып, эстафетаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен әлемді аузына қаратқан әнші Димаш Құдайбергеновке және Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы, олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке тапсырды.

Іс-шара соңында «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқап, игі шараға жиналғандар естелік суретке түсіп, көңілді тарқасты.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шаралар мұнымен тоқталмады. Жақында Абай ауданы азаматтарының бастамасына қолдау ретінде ректор Ерлан Бәтташұлының бас болуымен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін университетіміздің академиктері мен белгілі профессорлары, оқытушылары бірлесе шырқап, көптеген ақпараттық ресурстарда, әлеуметтік желілерде көрініс тапты. Сонымен қатар факультеттердің барлығының қатысуымен әрбір құрылымдық бөлімше екі жолдан бөліп алып, ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әні университет көгінде шалықтап тұрды.

Ұлы ақын бабаның мерейтойлы жылында бұдан басқа да көптеген шаралар жүзеге асырылмақ.

М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Нұр-Сұлтан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *