Өздеріңізге белгілі, сәуірдің екінші жартысында COVID-19 инфекциясына қарсы жаппай вакцина салу басталды. Осығай орай Шымкент қаласындағы «Сымбат-Нұр» медициналық орталығы әрбір екпе алушы білуі тиіс негізгі ережелер меннормаларды халыққа түсіндіріп, екпе жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алдымен вакцина салғызушы азамат не азаматша өз статусын анықтауы керек «Ең алдымен сіз арнайы қауіп-қатер топтарына жатпайтын адам болсаңыз өзіңіздің уческелік дәрігеріңізге телефон арқылы хабарласасыз. Ол сіздің статусыңызды анықтайды. Егер сіз бірінші шептегі қауіп-қатер тобына жатпайтын қарапайым тұрғын болсаңыз, вакцинаның қосымша партиясы келгенге дейін сізді тізімге алады. Қазір емдік мекемелерде жергілікті халықтың санына қарай жоспар жасалып жатыр. Сол жоспар бойынша кезегіңіз келгенде сізді шақырады.
Бәтеш Айтбайұлы, «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер:
ЕКПЕ САЛДЫРҒАНДАР ВИРУСТАН ҚОРҒАНАДЫ
— Қазіргі таңда дүниежүзіне таралған пандемияның алдын алудың бірден бір жолы жаппай вакцинациялау. Халықтың денсаулығын қорғау мақсатында демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Орталықта екі пункт бар. Бірі қала орталығы Ғ.Іляев көшесі 105 үйде, екінші нүктеміз Қайтпас 2- Ақжайық мөлтекауданында. Жұмыс күндері таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, демалыс күндері таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыстамыз. Екпе салдырамын деушілерге біздің есігіміз әрқашан ашық.
Күніге 100-ден аса адамға екпе салып жатқанымызды айта кетейік. Сол себепті, барша қала тұрғындары екпе салдыруға шақырамын. Шымкент қаласындағы тұрғындардың қазір 50 пайызы вакцина салдырды, егер қала тұрғындары толықтай 70-80 пайыз салдырсақ «қызыл аймақтан» шығатын боламыз. Екпенің пайдасы адам ағзасына көп көмегін тигізеді, мәселен ковидқа қарсы екпе салдырғандар вирустан қорғанады, олардың ауырып қалу ықтималдығы төмен, көбісі ауырмайды, ауырса да жеңіл өтуі мүмкін.
Рахила ҚАЗАҚБАЕВА, «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының аға медбикесі:
ВАКЦИНАЦИЯЛАНҒАН АДАМ БАСҚАЛАРҒА ҚАУІП ТӨНДІРМЕЙДІ
— Вакцинаны егу процесін көшпелі бригада болып жүргізіп жатырмыз. Мәселен, бригадамызбен бірге үй-үйді, мекемелер, жеке ұжымдарды аралап екпе жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сәуір айынан бері бүгінгі күнді есепке алғанда бірінші этаптан бес мыңға жуық тұрғынға екпе салдық. Екінші этапта 3000-нан аса, барлығы сегіз мыңға жуық екпе егілді деп айтсақ болады.
Жалпы «Сымбат-Нұр» медицина орталығына 7 200 адам тіркелген. Орталыққа қарасты 5 медициналық аймақ бар, оның төртеуі ересектерді емдесе, біреуі балалар емін жүргізуге жауапты. Орталықта білікті дәрігер мамандары мен медицина қызметкерлері талапқа сай халыққа қызмет атқарады. Барлық бөлім медициналық тиісті аппараттармен қамтылған.
Екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал.
Вакцинациядан кейін екі апта ішінде алкогольден толық бас тарту талаптардың тізіміне кірмейді. Дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез-келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді. Тек осыдан кейін сіз қалыпты режимге қайта оралсаңыз болады. Ең бастысы – алкогольді асыра пайдаланбаған жөн.
Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұлшықеттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін.
Мұның бәрі иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді. Егер дене қызуы жоғары көтерілсе, әдетте суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Ең жақсысы – парацетамол.