ПОЙЫЗДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Әдебиет
18 Views


Мен мінген Алматы – Павлодар жүрдек пойызы Үштөбе қаласындағы теміржол бекетіне аялдап, купе ішіне отыздан енді асқан төртбақ келген жігіт кірді. Менімен амандасып, төменгі қатардағы бос тұрған орынға жайғаса бастады. Ескі вагондары сырқырап, пойыз орнынан жайлап жылжығанда, жолаушы маған ұрлана екі-үш рет қарағандай болды. Купелес серігімді мен де бір жерде кездестіргендеймін, бірақ есіме түсіре алмадым.
– Шырағым, атам қазақ «Кемедегінің жаны бір» деген. Жол қысқарсын, танысып отырайық, – дедім жас жігітті сөзге тартып. – Мен Дәркеш деген ағаң боламын, бір шаруалармен Павлодарға кетіп барамын.
– Жолыңыз болсын, аға, – деді бейтаныс жігіт маған қарап. – Есімім – Өмірбек. Семейдің маңайындағы бір кеніш орнында вахта бойынша жұмыс істеймін. Байқап отырмын, сіз мені қайдан көргеніңізді есіңізге түсіре алмай отырсыз. Мен сізді купенің ішіне кіріп келгенде-ақ бірден таныдым. Арада он жылдай өтсе де онша өзгере қоймапсыз. «Тау мен тау жалғаспайды, ал, адам мен адам кездеседі» деген осы. Сіздің екі мың теңгеңізді алдап алып қашып кетіп, сол күні жол апатына ұшырағанымыз есіңізде болар.
– Ә, сені шырамыттым, бірақ, есіме түсіре алмай отырғаным рас. Жағдайың қалай, ол оқиғаны мен баяғыда-ақ ұмытып кеткенмін. Аман болсаң болды, шырағым. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылыспайтын жақ болмайды.
– Құдайға шүкір, аға. Біреуден артық, біреуден кем дегендей жүріп жатқан жайым бар. Маған түсіністікпен қарағаныңызға рахмет! Сондағы менің жасағаным нағыз иттік. Кешіріңіз мені.
Жолаушылар пойызы екпін алып, жылдамдығын арттыра түсті. Қысқа әңгімеден соң, екеуміз де сәл үнсіз қалдық. Менің есіме киноның ескі лентасындай өше бастаған сол бір келеңсіз оқиға түсті.
…Әдеттегідей жылдың соңында жұмыс көбейіп кетеді. Сол күні тиісті орындарға тапсыратын құжаттарды реттеп, кеңседе ұзақ отырып қалдым. Тысқа шыққанда қолымдағы сағаттың тілі кешкі онды көрсетіп тұрды. Қаланың іші болса да баратын жерім қашықтау. Мұндай уақытта қоғамдық көліктер аз қатынайды. Көп ойланбастан қол көтеріп, бір көлікті тоқтаттым. Іздегенге сұраған дегендей, жап-жаңа қымбат шетелдік көлік мінген жас жігіт екпіндетіп тоқтай берді.
– Қайда барасыз? – деді ол көліктің әйнегін төмен түсіріп.
– Абай мен Сайынның қиылысына дейін апарып тасташы.
– Базар жоқ, көкесі. 2000 теңге төлесеңіз жеткізіп тастаймын, – деді жүргізуші қуақы үн қатып.
– Келістік, балам.
Машинаның артқы жағына отырып жатып, асығып жүріп, кабинеттің кілтін тастап кеткенім есіме түсті.
– Шырағым, – дедім сасқалақтап, – үлкен кісілерде қайбір ес бар дейсің, ұмытшағыма басып, кабинеттің кілтін ұмытып кетіппін, есіктің аузында қалыпты. Жүгіріп барып ала келе қояйын. Бір аяғым – анда, бір аяғым – мұнда. Айып ете көрме, сәл күте тұр.
– Қарсы болмасаңыз, жол ақысын алдын-ала төлей салыңызшы, ағасы. Сіз келгенше жақын маңдағы азық-түлік дүкенінен су алып келейін, шөлдеп тұрғаным.
Мен сөзге келместен сұраған ақшасын беріп, кеңсеге қарай жүгіре бет алдым. Қырсыққанда лифті жұмыс істемей қалыпты. Үшінші қабатқа көтеріліп, есікте қалып кеткен бір бума кілтті алып, асыға-аптыға төмен түстім. Өкпем өшіп, көлік ұстаған жерге келсем, мені күте тұрам деген жас жігіт ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Он минуттай күттім, бірақ ол жігіт сол кеткеннен мол кетіп, төбесін көрсетпеді. Сонда ғана бір алаяқ қуға алданып, аузымның аңқиып қалғанын бір-ақ білдім. «Алғаның ас болмағыр жаман неме!» деп әлгі жігітті шымкентшелеп бір боқтап алып, амалдың жоқтығынан басқа машина ұстадым.
Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысына жете бергенде жол апатының үстінен түстік. Екі машина қатты соғысып быт-шыт болып, шашылып қалыпты. Жүргізуші жігіт көлігін жол жиегіне асығыс тоқтатып: «Аға, мына апаттың түрі жаман, әлі ешкім келе қоймапты, зардап шеккендерге тез қол ұшын берейік» – деді асыға-аптыға сөйлеп.
Екеуміз жанталасып тұра жүгірдік. Үлкен жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші қарсы шыға келген көлікті дәл бүйірінен қатты соққаны айтпаса да көрініп тұр. Жүргізуші рульді құшақтаған күйі ес-түссіз отыр. Мұндай жағдайда көбінесе көліктің есігі мыжылып, майысып ашылмай қалады. Жанымдағы жігіт қарулы азамат болып шықты. Күштеп тартып қалғанда, есік жұлынып түсті. Әлі есін жинап үлгірмеген жас жігітті тез шығарып, көше жағындағы көгалға жатқызып, жол апатына ұшыраған екінші жүргізушіге бет алдық. Жолдың шетіндегі үлкен қара талға соғысып, есінен танған егделеу кісіні де машинаның салонынан алып шықтық. Хабар жеткен болу керек, түнгі Алматыны азан-қазан етіп, мемлекеттік автоинспектор қызметкерлері де жетті. Бізден апат жайында сұрастырып жатқанда зардап шеккен жүргізушінің бірі есін жиып, орнынан тұрмақшы болғанда, мен өз көзіме өзім сенбедім. Ол мені алдап тайып тұрған жас жігіт еді. Бар абыройын 2000 теңгеге сатқан жылтыр неме де мені танып, екі көзі шарасынан шығып кете жаздады «Аға, мені кешіре гөр! Құдай атты мені! Шайтан арбады! Біттім, құрыдым!» деп сандырақтай бастады.
МАИ инспекторының сұрақтарына жауап беріп, көлікке бет алдық. Мен болған жайды айтқанымда, таксисттің жүзі қарауытып, басын шайқай берді.
– Жасы небәрі 23-те екен. Белі бесіктен шықпай жатып мұндай қулық пен сұмдықты қайдан үйреніп жүр бұл шошқа! Өзінің келешегіне балта шауып жүргенін білмейді-ау бұл сорлы!
Пойыз шағын теміржол бекетіне тоқтап, купелес көршім азын-аулақ азық-түлік алып келді.
– Аға, түскі уақыт болып қалыпты, қарсы болмасаңыз, тамақтанып алайық. Мен қайнаған ыстық су алып келейін, – деп, жауабымды күтпестен дәлізге шығып кетті.
Асқа тәбетім онша болмаса да кемпірімнің жолға дайындаған асын шығара бастадым.
– Өмір деген қызық қой! – деді Ержан қолындағы тандыр нанға сары май жағып жатып. – Кейде түсіңе де кірмейтін жайлар алдыңнан шығып жатады. Шынымды айтсам, сізді жолықтырам деп мүлдем ойлаған жоқ едім. Сіздің журналист, жазушы екеніңізді түрмеде жүргенде білдім. Менің оңып тұрған қылығым жоқ болса да, кітап оқығанды ұнататыным бар. Абақтыда жүргенде отырғандардың бәрі таласып оқыған «Тағдыр» деген романыңызды оқып шықтым. Өмірде шалыс басып, жолы болмаған бас кейіпкеріңіз Дастанның тағдыры маған қатты әсер етті. Сіздің жазу ерекшелігіңіз – кейіпкерлеріңіздің болмысына, психологиясына айрықша назар аударасыз. Жазғандарыңыз шынайы, әсерлі болып келеді.
– Байқаймын, қара жаяу емес екенсің, бауырым. Әдебиеттен де хабарың бар, – дедім таңырқағанымды жасырмай. – Жаңа ғана түрме туралы айтып қалдың, оған қалай түсіп жүрсің?
– Ағасы, ол ұзақ әңгіме, – деді Ержан ауыр күрсініп, – өзіңіз куә болған жол апатынан соң, жіберген үлкен күнәдан дұрыс қорытынды шығарып, адалдықтың жолын таңдауым керек еді. Бірақ «ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, ескі әуеніме бастым. Сол апатта мен қаққан машинаның иесі ауруханаға жетпей қайтыс болып кетті. Ең аз дегеннің өзінде он жыл арқалап, сотталып кетер едім, балалары, жұбайы құдай деген адамдар екен, ондай жамандыққа бармады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» демекші, тас-талқаны шыққан қымбат көліктің құнын да сұрамады. Жұмыстан шығарғаны болмаса, мекеме бастығы да маған кешіріммен қарап, адамгершілік жасады, алғанына екі ай енді ғана толған қымбат машина көлігін жөндеуге қалтамнан көк тиын шыққан жоқ. Көлік жүргізу құқығынан он бес жылға айырылдым. Қан базар ішінде адамдардың қалтасына түсетін ұры болмасам да, оңып тұрған түрім шамалы. Біреуді алдау-арбау, көлденең жатқан дүние болса жымқырып қағып кету – мен үшін үйреншікті әдет.
Әлі есімде, күздің жаңбырлы күні болатын. Үлкен мекемеде бастық болып қызмет атқаратын егде кісіні үйіне жеткізіп салып, күндегі әдетім бойынша «нәпақа» тауып жүргенмін. Достық көшесімен төмен түсіп келе жатқанымда, жол бойында әлденеге асығып, абыржып тұрған қырықтар шамасындағы әйел қолын көтере берді.
– Шырағым, өте асығыс едім, – деді келіншек аптыға сөйлеп. – Астанаға ұшатын ұшаққа кешігіп қалмайын, бағасын екі есе төлеймін. Тезірек жеткізіп тасташы, інім!
Мен көліктің есігін аша бердім. Жолаушыны әуежайға тастап, жолшыбай жанармай құймақшы болып бұрылғанымда, артқы орындықта жатқан қолтырауынның терісінен жасалған қымбат сумканы байқап қалдым. Бірден есіме түсті, ұшаққа асыққан әйелдің қолынан осындай зат көрген болатынмын. Жанармай құятын бекеттен сәл ұзап, оңашалау жерге барып сумканы ашып, асығыс қарай бастадым. Қолыма бірнеше құжаттар, екі әуежай билеті, жеке куәлік ілінді. Сумканың түбінен әлі мұрты бұзылмаған бір бума АҚШ доллары шыға келді. Медициналық жолдама Алтынай Әуелбекованың атына беріліпті. Обыр дертіне шалдыққан егде кісіге қай күні, қай сағатта ота жасайтындығы тайға таңба салғандай анық жазылып, мөр басылыпты. Науқастың тұрақты мекен-жайы да құжаттан орын алыпты. Жөні түзу адам болсам, бірден әуежайға қайта тартып, асығып жүріп ұмытып кеткен әйелдің заттарын қайтарып берген болар едім. Бірақ, ондай адамгершілік менің қолымнан қайдан келсін… Ұрлығымды ешкім көріп қалмасын деп қалаға тартып кеттім.
«Жаман сырын айтам деп, шынын айтады» деп бекер айтпаған ғой. Ой, ағасы, менің бүлдіргенім көп. Күнә атаулының қара балшығына талай рет баттым. Оның көбісін ұмытып та кеттім, ал, әуежайдағы әлгі иттігім осы күнге дейін көз алдымда. Құдай кешірсе де, өз-өзімді кешірмеймін. Анасы обыр дертінен өліп, шырылдап жүрген келіншек жиі-жиі түсіме кіреді…
Жүйткіп келе жатқан жолаушылар пойызының дөңгелектерінің тарсылдағаны басылып, мына ауыр сөздерді тыңдап тұрғандай әсерде қалдым. Менің де жүрегім түршігіп кетті. Ержанды сол сәтте жек көріп, жиіркене қарадым. Ол осыны сезді ғой деймін, дәлізге шығып, терезенің алдында темекі тартып тұрды. Арада екі-үш минут өткен соң купеге кіріп, маған кінәлі жүзбен қарап, сәл үнсіз қалды.
– «Атағыңды шығарғың келсе – жер өрте» демекші, бұл әңгімені сізге босқа айтып отырған жоқпын. Бармағымды шайнап, үлкен өкінішпен айтып отырмын, – деді жолаушы серігім маңдайынан шып-шып етіп шыққан терді сүртіп. – Қанша дегенмен жазушы адамсыз, менің жиіркенішті қадамдарымды болашақ шығармаңызға пайдалануыңыз мүмкін. Одан мен сабақ алмасам да, басқалар сабақ алсын. Ұшарын жел білетін, қонарын сай білетін мендей жексұрынды Алматы сыйдырмады. Жақсы ит өлгенін көрсетпейді емес пе? Мені ешкім білмейтін, танымайтын Шымкент қаласына зытып отырдым. Обалы не керек, жанармай шығаратын үлкен зауытқа жұмысқа орналастым. Жалғыз басты болған соң, жатақхана берді. Ақша тап деп ұрсатын қатын жоқ, әке деп етектен тартатын бала жоқ, еңбекпен алған табысым жеке басыма жетіп артылады. Ес білгелі бері оңай олжа – ұрлыққа үйреніп қалған мен бейбақ мұнда да тыныш жүре алмадым. Ұры – ұрыны алыстан таниды, қолы лас, ісі сұғанақтау, екі-үш жігітпен танысып, өзімізше қылмыстық топ құрып, жанармай ұрлай бастадық. Баукеспелігіміздің арқасында екі жылдай шалқыдық, бірақ, судың да сұрауы бар, бір күні қылмыс үстінде ұсталып, қолымызға кісен салынды. Көп ұзамай-ақ ісіміз тергеліп, 7 жылға сотталып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтық. Зэктердің арасында «От звонка, до звонка» деген сөз бар. Жасалған қылмысым ауыр болмағандықтан, тас абақтыда табан аудармай жеті жыл отырып шықтым. «Үш күнде көрге де үйренесің» деген сөз рас болып шықты.
Абақтының жазылмаған заңы көп, оған шыдауға тура келді. Бұл мекемеде тек қылмыстылар жазасын өтейді деп ойлаушы едім. Оным бекер екен. Еш жазығы болмаса да, қылмыскер атанған ағайындарды көп кездестірдім. Олардың арасында ашыққанда бір тауық ұрлағандар, тоңғанда бір жылы куртканы жымқырғандар да бар. Кейбіреулер үкімет қазынасынан миллиардтап ұрлап, миллиондап пара беріп, судан таза, сүттен ақ болып жатады. Бұл кесепатты бұрын жасырып келді, бүгінде елдің бәрі жақсы біледі. Қанша жасырғанмен, қоғам бұзылып тұр, бұл түрімізбен оңбаймыз. Түрме – жаңылыс басқанды тәрбиелейді деген бос сөз. Мұнда келген адам, бұзылып шығады. Жасырып, жабатыны жоқ, жазасын өтеп келген пендеге ешкім адам екен деп қарамайды, мүйіздеп жандарына жолатпайды. Сондықтан болу керек, қайтадан қылмыс істеп, өз еркімен түрмеге түсіп жатады. Ондайларды да өз көзіммен көрдім. Абақтыда жеті жыл отырып шыққан мен де осыны бастан кешірдім. Ит те болса, «іштен шыққан шұбар жылан» деп мүсіркейтін ата-анам жоқ, сүйеніш тұтатын жалғыз ғана әпкем бар. Оның да жетісіп тұрғаны шамалы. Жесір әйел. Екі баласын қалай адам қатарына қосамын деп, шашын – сыпыртқы, қолын – көсеу қылып, шықпа жаным шықпа деп жүр. Жеке басын асырай алмай жүрген, өткен өмірі сұмдыққа толы мен сияқты бейбаққа кім қарай қалсын. Жасым 40-қа келіп қалса да, маған жар сүю бақыты бұйырмады, ағасы. Баратын жерім, асатын тауым жоқ болғандықтан, Үштөбе қаласындағы әпкеммен бірге тұрып жатырмын. Туысымның бір танысына пара беріп, вахта бойынша жұмысқа әрең орналастым. Семейдің маңайындағы бір мекеменің барып кел, шауып кел дейтін қатардағы жұмысшысының бірімін. Бір ай жұмыс істеймін, бір ай демаламын. Алатын жалақым – бір басыма әрең жетеді. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, бригадирім де Құдайдан қорықпайтын адам. Мейірімсіз, өте қатыгез. Талай қиянат жасады, кейде ұрып өлтіргім келеді. Бірақ, сол оңбаған үшін түрмеде шірігім келмейді, абақтының азабын бір адамдай көрген адаммын. Дұрыс кісі болғым-ақ келеді, бірақ қоғам да, адамдар да өгей бала сияқты жандарына жолатпайды. Қанша ант ұрған болсам да, бір Жаратқан иеміз бар екенін жақсы білемін. Құдайға жолымды түзей гөр деп талай жалындым. Істеген күнәм көп болуы керек, әзірге жылы қабақ танытатын түрі байқалмайды.
Мені онша танымаса да ішіне запыран болып жиналып қалған ойын ақтарып, жәутеңдеп қараған жігіт ағасын қалай жұбатарымды білмей, қатты қиналдым.
– Шырағым, Алла сенің дұғаңа жауап бермесе, оның саған одан да жақсысын дайындап жатқанының белгісі. Сен көрмегенді ол көреді. Сен асыққанмен, ол ең керекті сәтті береді. Ең бастысы – сен жасаған күнәларыңды мойындап, Алладан кешірім сұрап, істеген ісіңе қатты өкініп отырсың. Бұл ізгілікке, жақсылыққа жасаған алғашқы қадамың. Білемін, адамдар алдында, ар алдында қатты қиналып жүрсің. Басыңнан кешіріп жатқан жайлар – Жаратқан иеміздің сынағы. Төзімді, сабырлы болсаң, бәрін де жеңіп шығасың. Түнерген түннің артында арайлы таңның барлығын ұмытпа! Ал, жолың болсын! Ол сені жақсылыққа бастасын, – дедім қол алып.
– Аға, рахмет сізге! Мен сізге иттік істесем де, кешіріммен қарадыңыз. Менің алай-дүлей болып жатқан жан дүниемді түсінуге тырыстыңыз. Алла разы болсын! Хош болыңыз! Айтқаныңыз келсін. Мүмкін сізбен әлі де кездесермін. Алдыңыздан басқа адам болып шықсам, мен нағыз бақытты болар едім, – деді Ержан дауысы тебірене шығып. Ол маған жақын адамымен қоштасқандай қимастық сезіммен қарады. Дауысында – сенімділік, көзінде – үміт сәулесі бар еді.
Түн қара шымылдығын жамылып, айнала түнекке қоюлана түскенде Ержан Семей қаласына жетпей бір шағын теміржол бекетінен түсіп, қараңғылық құшағына кіріп, алыстай берді… Мен купелес серігімнің артынан қарап тұрып, өмірдің қараңғы түнегінен аман-есен шығып кетуін шын жүректен тілеп тұрдым.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері