ӘУЕЗ АТАМҚҰЛ БАТЫР

Тарих Әдебиет
491 Views

(Жалғасы. Басы газетіміздің №18 (203) санында).

Сол екі арада Кенесарының жасақтары жат жерде ұсақ-түйек қақтығыстарға барғанмен, түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізе алмады. Шешуші шайқас 1847 жылғы 17 және 25 сәуір аралығында қазіргі Тоқмаққа жақын, қазақ сарбаздарын қырғыздар қақпанға түсірген терең шатқалда болды.

Кенесары және 30-дан астам серігі тұтқынға түсті, қалғандары «быт-шыт болып, жан-жаққа қашып кетті». Қырғыздардың тұтқынына мыңнан астам сарбаз түсіп, құлақ естіп көрмеген қатыгездікпен өлтірілді. «Құлдықтың қасіретті шынжырын лақтырып тастағысы келген көшпелілердің үміті», қазақтың соңғы ханы осылай қаза тапты.

Ханның жеңіліс табуы мен қайтыс болуы орыс отрядтарының Іленің арғы жағындағы өлкеге және солтүстік Қырғызстанға одан әрі тереңдей енуіне қолайлы жағдай жасап, аймақты Ресей империясына қосып алуды жеңілдетті.

Кенесары үш жүздің дәстүрлі топтарын, рулық бөлімшелерін біріктіруге барлық амалдарды қолданды, дегенмен бұл мақсатқа азаттық күрестің 1844-45 жылдардағы ең шырқау биігіне көтерілген кезеңінің өзінде де қол жетпеді. Кенесары Жетісуға барғаннан кейін азаттық күресі жетекшісінің өз туыстары, Абылай ханның балалары Әли, Сүйік, Әділдер көтерілісшілер жөнінде ымырасыз көзқарас ұстанды. Кейіннен қару кезеніп тұрғанда Ресей үкіметіне көтерілісшілердің келгенін «хабарлау» туралы міндеттемеге қол қойған 27 би мен сұлтанның көпшілік бөлігі сол кезде Жетісудағы көптеген ру бөлімшелерін басқарған Абылай ұрпақтары болатын. Старшындардың, билердің, сұлтандардың бір бөлігі, соның ішінде Орта жүзде де қарсы әрекет жасағанына қарамастан, Кенесары Қасымов үш жүз қазақтары руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре білді. Бір кездерде Кенесары әскерінің саны 20 000 адамға дейін жетті.

Кенесарының сенімді серіктері — топ жетекшілерінің арасында атақты халық батырлары: Ағыбай, Иман (Амангелді Имановтың атасы), Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Саурық, Байсейіт, Жоламан Тіленшиев, Бұқарбай және басқалар болды.

Қатысушылар құрамы түрлі ұлт өкілдерінен: қазақтар, орыстар, өзбектер, қырғыздар, поляктар және басқалардан құралды.

*   *   *

Қандай қиын кезде де ауыртпалық ең алдымен қарапайым халықтың иығына түспей ме! Жолында қарсы тұрғанды қырып-жойып, талқандап келе жатқан орыстың әскері де, бұрынырақ келіп жайлап, төбеге шай қайнатқан қоқанның өзін озбыр ұстаған бектерді де, аш қасқырдай жалаңдап, көрші қазақ еліне қайта-қайта тап берген Орман хан жендеттері де қарапайым ауылдардың үстіне әрі-бері қырып жойып өтетін. Сондықтан халық қатты күйзелді.

Сұраншыдай қалың елдің ішінен шыққан ерлер сол себепті халықтың қамын жемей қайтеді?. Елім деген, жерім деген батырдың намыс оты бойын өртеп, еріксізден еріксіз қызыл шоққа күйіп, өртеніп өлсе дағы ел есінде мәңгілік сақталары осыдан.

1854 жылдың жазында қазіргі Кіші Алматы өзенінің бойындағы Алматы атты қазақ қыстауының (осы күні Алматы қаласындағы Республика сарайының маңайы) жанынан орыс әскерлерінің басшылары бекініс салуды ұйғарды. Сөйтіп, Ұлы жүз қазақтарының приставы (бастығы) майор М.Д.Перемшельский қазақ батырларын үш батыры Сұраншы, Диқанбай, Әуез Атамқұл, Пұсырманды өзіне шақырды. Ондағы мақсаты бұларменен ақылдасып, бекіністің орнын белгілеу болды.

– Мен ештеңе білмеймін. Жер орыстыкі емес, қазақтыкі. Оны бізден сұрамаңыз, елден сұраңыз, – деп, Сұраншы жүзін теріс бұрады.

Сәл ойланған Сұраншы:

– Тақсыр, менің кеше айтқаным шын еді. Әйткенмен бұл жерге ауыл салу дұрыс емес. Мына жерде өлген адамдардың бейіті бар. Өлген адамдардың әруағына обал болады, – депті.

– Жарайды, ол да дұрыс шығар. Ал сіздіңше, ол бекіністі енді қайда саламыз? – дейді майор.

– Төмен, алыс, сонау жаққа салу керек, – дейді сонда Сұраншы қолын сілтеп төмен алыс жақты көрсетіп.

Жаңағы бейіт жатқан жерде бұрынғы ескі қаланың қираған орны да белгілі еді. Онда ертеде Алматы атты қала болған. Мың жылдан, астам бұрын өмір сүріп, кейін оның жойылып кеткендігін қазір археологтар дәлелдеуде.

Сөйтіп, бекініс салу жұмысы 1854 жылдың жазында басталып та кеткен еді. Бекініс салу салтанатына жоғарыдағы аты аталған батырлармен бірге басқа да қазақтың көп адамы қатысады. Алғашқыда бұл бекініс Заилийское деп аталған. Біраз уақыт өткен соң оны Верное бекінісі деп атады. Ол 1867 жылы Верный қаласы болды. Ал, 1921 жылдан бастап Алматы болып өзінің байырғы атымен аталды.

*   *   *

1856 жылдың жазында сол кездегі Ресейдің белгілі географ ғалымы П.П.Семенов-Тянь-Шанский Верное бекінісіне келеді. Ол Жетісу өлкесін зерттеуге шыққан болатын. П.П.Семенов-Тянь-Шанский Ыстықкөлдің алабын барлап, бағдарлап зерттеу үшін жолға шығады. Ол топтың ішінде Сұраншы батыр, Әуез Атамқұл батыр, Пұсырманның інісі Күртібай, Сарыбай, Сүттібай, Серікбай, Тәкім, Андас датқа, Тайтелі, Қаратай, Жолашар, Жантүгел, Сүйінбай ақын, Қалығұл, Құдайберген сықылды қазақтың беделді де белгілі адамдары болады.

Сұраншы батыр серіктерімен орыс ғалымын Верное бекінісінен алып шыққан бетінде жүз шақырым жердегі Қастек өзенімен өрлей тартып, Көктөбе жайлауында отырған ауылына бастап алып келеді. Батырдың ауылына қонақ болған орыс ғалымы серіктерімен сол арада бірнеше күн аялдап, күншығыс жақтағы Қарақыстақ өзенінің өңірлерін аралайды. Ол алқаптың Ақтасты, Әлмерек, Сарысай, Шетенді тәрізді бұлақтарын көреді. Таутекелі, Майтөбе, Қарақия, Сарысай, Дегерес тәрізді биік тауларына көтеріліп, бұл өлкенің сұлу, көркем табиғатын тамашалайды.

Ақтасты сайындағы қызыл жартас құзарын, оның бүркіт ұя салған ұшпа жартасын тамашалап қарайды. Қарақыстақ өзенінің күншығыс жақ бұйратында Желдібай деген жерінде отырған Шапыраштының төбе биі атақты Айдосұлы Сарыбайдың ауылында болады. Қарақия тауының сай-шатқалын аралап Құмбелге дейін шығады. Содан қайтар жолында осы алқаптың күнбатыс өңірінде Асусай мен Қарабастау жайлауларында отырған дәулетіне сәулеті сай Құдайберген Құттықсейтұлының, Суықтөбенің етегінде отырған Әуез Атамқұл батыр ауылында, Ақтастының Қарасаз жайлауында отырған Тәкім Бәйітұлының ауылдарында қонақта болады.

П.П.Семенов-Тян-Шанский тек қазақ ауылдарын аралап, қонақ болып қоймаған. Осы өңірдің таңғажайып табиғатын зерттеген. Тауешкі, арқар, бүркіт, ұлар, суыр сияқты таулы өңірді мекендейтін жан-жануарлар дүниесін әдейі барып көріп, табиғаттың байлығын тамашалай қараған. Осы алқапта өсетін өсімдіктердің мол коллекциясын жинаған. Қастек аймағындағы құз-қияларды аралап, осы маңның биік тауы Суықтөбе басына көтерілген. Көктөбеде бес-алты күндей болып, сосын олар ары асып, атақты Шу аңғарына түседі.

Олар сол беттерімен Ыстықкөлдің күнбатыс жағалауын барып көріп, сол өңірді зерттейді. Жүрген жерлерін картаға түсіреді.

Саяхатшылар қайтарда Күнгей Алатау мен Іле Алатауының батыс сілемін басып өтіп, Верное бекінісіне қайтып келгенге дейін олардың жандарында Сұраншы мен Пұсырман, Әуез Атамқұл бастаған қазақ жігіттері бірге болды.

Кейін көрген-білгенінің бәрін мұқият жазып, орыс ғалымы Санкт-Петербургте журналда жариялайды.

*   *   *

Орта Азия хандықтарының Қазақ жеріндегі белсенділігін Орынбор мен Сібірдің орыс әкімшілігі де, Шыңжандағы маньчжур-қытай өкімет орындары да мұқият қадағалап отырды.

Осындай жағдайда Ұлы жүз өкілдері 1818 жылы патша үкіметіне өздерін Ресей бодандығына қабылдау туралы өтініш жасады. 1819 жылғы 18 қаңтарда орыс үкіметі өтінішті қарап, Ұлы жүз қазақтарын ресми түрде Ресейдің бодандары деп жариялады. Абылай ханның баласы Сүйік сұлтан өзіне бағынышты 55 мың адамымен бірге бодандыққа сол кезде ант берген еді. 1822 жылы тағы да 14 сұлтан – Абылай ханның немерелері мен Әділ төренің балалары орыстың өкімет орындарына бодандық туралы өтініш жасады, бұл өтініш 1824 жылғы 13 мамырда бұл сұлтандардың еркек кіндікті 165 мың адамымен бірге бодандығы туралы құжатқа I Александрдың қол қоюымен қанағаттандырылды. Алғашқылар болып Жетісуда үйсін, жалайыр, албан, суан, шапырашты, ысты, ошақты, қаңлы бірлестіктері және басқалар қабылдады. Қазақ малшыларын өз жағына тартуға тырысып, Сібірдің орыс әкімшілігі малдан алынатын алым мөлшерін оны қоқан жинаушыларының алатынына қарағанда 2,5 есе азырақ (1%) етіп белгіледі.

Сонымен бірге Ресей Жетісуға Қоқанның кіруін дипломатиялық амалдарды пайдаланып тежеуге тырысты.

Цин өкімет орындары да Жетісуда өз белсенділігін көрсетті. Бұл туралы Ш. Уәлиханов, міне, былай деп жазған: «Даланың бұл бөлігіне орыс әскерлері келгенге дейін Үлкен орда 1824 жылдан Ресейдің қамқорлығында деп саналғанмен де, қытайлар болмашы алым жинау үшін Іледен арғы өлкеге өз отрядтарын жіберуді 1840 жылға дейін тоқтатпады, сол жылы олар осындағы шапыраштылардан Тереңөзек алқабы маңында күйінішті де аянышты жеңіліске ұшырады».

Сөйтіп қоқандықтардың қысқы қыстаулар аудандарында құрған бекіністер тізбегі орасан зор аумақты бақылауға және қазақ, қырғыз малшыларынан салық алуға мүмкіндік берді.

Ал қазақтардың негізгі бұқарасы зекет төлеуге міндетті боды. Ұлы жүз руларының көпшілігі (ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, сіргелі, сыйқым, шымыр, жаныс және суан), Орта жүздің (қоңырат, қыпшақтардың, наймандар мен арғындардың бір бөлігі) және Кіші жүздің (жаппас) бір бөлігі осы санатқа жатқызылды. Бұл салық қазақтар үшін ауыр болды, өйткені Ташкент әкімшілігінің тарапынан бақылау болмаған жағдайда оны жинаушылардың (зекетшілердің) жеке баю мақсатымен оп-оңай жаппай қорқытып алу мен тонаушылыққа айналып отырды. Қоқан бекіністеріне жақын маңайда көшіп жүрген далалықтарға олардың гарнизондарын күту, ол бекіністерді жөндеу мен кеңейту жөніндегі міндеттер жүктелді.

Сонымен қатар Қоқан билеушілері Пішпекте, Меркеде, Әулиеатада және Шымкентте өздерінің алдыңғы шептерін күшейту жөнінде шаралар қолданды, атты әскер үшін төңіректегі қазақтар мен қырғыздардан жазалаумен қорқытып жылқылары мен малын тартып алды, сауда керуендерінің жүріп өтуіне барынша қарсы қимыл жасады. Бұл әрекеттердің бәрі Орынбор және Батыс Сібір өкімет орындарына уақытылы жеткізіліп отырды, сөйтіп олар бұған мазасыздық көрсетіп, патша үкіметі тарапынан жауап шаралар жасауды күшейтуге шақырды.

Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу жөніндегі экспаниялық мақсаттары негізінен алғанда екі жолмен: біріншіден, қазақ даласына бірқатар әскери-барлау және жазалау экспедицияларын ұйымдастыру; екіншіден, дала арқылы өтетін «стратегиялық жағынан тиімді жағдайда болған бекіністер шебін» салу арқылы жүзеге асырылды. Бұл шаралардың бәрін аймақта жергілікті отаршылдық әкімшіліктің әскерлері жігерлі түрде жүргізді, соның нәтижиесінде «көптеген ықпалды қазақ көсемдері не шайқастарда өлтірілді, не тұтқынға алынды». 1848 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынған Үлкен Орда приставының қызметі белгіленді. Ол Ұлы жүздің жаулап алынған аудандарын басқаруды жүзеге асырды. 1854 жылы Алматы шатқалында Верный бекінісін, ал 1859 жылы Қастек бекінісін салу аяқталды. Ресейдің Шу алқабы арқылы Қазақтың оңтүстігіндегі Қоқан бекіністерін: Әулиеатаны, Шымкентті және басқаларын басып алу жөніндегі соғыс қимылдары сол жерлерден басталды. 1856 жылы Семей облысының құрамында бастапқы орталығы Қапал қаласында, ал 1862 жылдан Верный қаласында болған Алатау округі құрылады.

Бұл жылдарда Алатау округінің құрамындағы Ұлы жүз қазақтарының саны 25,5 мың шаңырақ, 100 мыңнан астам адам; ал қырғыздар – 15 мың шаңырақ, 60 мыңдай адам болды. Іле және Шу өзендерінің оңтүстік бөлігі арасында Дулат руының қазақтары (9,5 мың шаңырақ, 38 мың адам) Қоқан иеліктерімен шекарада және Шу өзенінде Шапырашты (2 мың шаңырақ, 8 мың адам), Жаныс (800 шаңырақ, 2400 адам), Жалайыр (8500 шаңырақ, 34 мың адам), Іленің солтүстігінде, Балқаш көлі мен Верный-Қапал қалаларының арасында Іле өзенінің екі жағасында, Алтынемел және Алатау сілемдері бойында, Ыстықкөлдің солтүстік жағалауында – Албан (7500 шаңырақ, 30 мың адам) руларының қазақтары көшіп жүрді.

*   *   *

1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді соғыс қимылдары басталды: 26 тамызда – Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек құлады, ал 24 қазанда Ұзынағашқа жақын жерде шайқас болып, онда Алатау округінің бастығы подполковник Колпаковскийдің 3 ротадан, 4 жүздіктен, 6 зеңбіректен және 2 ракеталық станоктан тұратын отряды қоқандықтардың едәуір күштерін (30 мыңдай адам) ірі жеңіліске ұшыратты.

Бұл оқиғалар кезінде қоқандықтардың озбырлығы мен қысым көрсеткеніне қарамастан, оларды Жетісу қазақтары мен қырғыздарының едәуір бөлігінің қолдауы байқалды. Мысалы, шапырашты руынан шыққан Андас датқа, ботбай руынан шыққан атақты адамдар Диқанбай мен Әлжан өз қаражаттарынан қоқандықтар жағына орыс әскерлеріне қарсы шайқасқан еріктілердің жасақтарын ұйымдастырып, қаруландырды. Олар Қапал бекінісін басып алып, қиратуға да ниеттенді. Оларға рубасылары Үмбетәлі мен Байсейіт бастаған қырғыздар бөлігі де қосылады. Егер біреулері қоқандықтарды ашық қолдаса, басқалары соларға игі ниеттес болды. Осыған байланысты генерал-лейтенант М.А.Терентьев 1860 жылғы 15 қазанда Колпаковский ықпалды қазақтарға (капитан Тезек Нұралиевке, подпоручик Жанғазы Сүйіковке және капитан Әбілес Абылаевқа және басқаларға) «сарттардан түскен барлық олжаны беруге уәде етіп, өз батырларымен» өзіне қосылуға шақыру жібергенін көрсетуі тегін емес, «алайда қазақтар қай жағы басым түсетінін күтіп, қызмет көрсетуге асықпады… олар тіпті жаудың қозғалысы туралы хабар беруден де жалтарды, сондықтан біздің адамдар жаудың бағдарын білмей жобалап жылжыды…» — деп жазды.

Пішпекті иеленіп, содан кейін 10 зеңбірегі бар, 20 мыңнан астам адамнан тұратын Қоқан әскері Қордайдан өтіп, Қастектің батыс жағындағы айналма жолдармен шықты да, оны Ұзынағаштан бөліп тастады. «Жақын маңайда көшіп жүрген біздің қазақтар дереу соларға қосылды», — деп көрсетеді генерал-лейтенант М.А.Терентьев.

Орыстар сияқты, қоқандықтар да қазақтың ру шоңжарларының өкілдерін сатып алуды кеңінен пайдаланды. 1851 жылдың өзінде-ақ қоқандықтар мол сыйлықтар беріп, Ұлы жүздің ықпалды қазақ сұлтандары тобын өз жағына тартты, ал Керім би бастаған ботбай, шапырашты, қызылбөрік, жаныс, шымыр және басқа да рулардың қазақтары қоқандықтарға бағынатын Шу өзенінің сол жақ аумағына көшіп кетті.

Петербургтегілер Оңтүстік Қазақстандағы соғыс қимылдарының өрбуін өте мұқият қадағалап отырды. Түркістан мен Әулиеатаны алу жөнінде сәтті жүргізілген операциялар орыстың жоғары дәрежелі ұлықтарынан қолдау тапты, ал бұл оқиғаларға негізгі қатысушылар адамдар – М.Г. Черняев пен Н.А. Веревкин – шендері көтеріліп, генерал-майор атағын алды.

Кейіннен Черняев 1864 жылдың жазында Түркістан мен Шымкент арасындағы кеңістікті мекендеген көптеген қазақ ауылдары Ресей әскерлерінен қорғаныс іздеп көшіп келіп, олармен бірге қоқандықтарға қарсы аттануға рұқсат сұрағанын жазды. Бұлар негізінен қыпшақ, бестаңбалы, қоңырат, албан, дулат рулары мен басқа да кейбір рулардың әр түрлі бөлімшелерінің қазақтары болатын. «Мен қарулары барлардың ғана жүруіне рұқсат еттім, – деп еске алған Черняев».

Жоғарыда суреттелген барлық оқиғалардың әсерімен Қоқан тарихшысы Нияз Мұхаммед Куканди Әлімқұлдың «жиіркенішті мінез-құлқы» және орынсыз қатыгездік әрекеттері салдарынан «барлық қазақтар оның жаулары және кәпірлер әскерінің одақтастары болып шықты; олар Шымкенттің алынуына себеп болды және дінсіздерді Ташкентке аттануға көзін жеткізген де солар еді» деп өкінішпен айтуға мәжбүр болған.

Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанға әскери экспансиясы, әсіресе Ақмешітті, Түркістанды, Әулиеатаны, Сайрамды, Шымкентті және басқа да Қоқан бекіністерін қорғаушыларды талқандауы ерекше қатыгездікпен және әскери тұрғыдан ақтауға болмайтын әрекеттермен жүргізілгенін ерекше атап өту қажет.

Түркістанға шабуыл кезінде оны да қатты қиратып, күшті өрт шығарған орыс әскерлері жергілікті тұрғындарды үрейлендіру үшін ғана Меккеден кейінгі мұсылмандардың екінші қасиетті орны – Қожа Ахмет Йассауи кесенесін де артиллериядан атқылаған.

Деректемелер Әулиеата мен Шымкент алынғаннан кейін де орыс әскерлерінің жүгенсіздік жасағанын көрсетеді.

Замандастарының айтуынша Ш. Уәлихановтың Черняевтен кетіп қалуына патша генералдарының нақ осындай әрекеттері себеп болған. Оның ғұмырнамашыларының бірі былай деп жазған: «орыс әскерлерінің Шоқан діндестеріне немесе оның тайпаластарына, яғни қазақтарға жасаған айуандығы оны қатты ренжітті. Ол жорыққа ендігі жерде қатыса алмайтындығын айтып Черняевтен қол үзді және Верныйға жетіп, ол жерден Тезек сұлтанның ауылына барды».

Сайрам қаласы да күйінішті жағдайға ұшырады, оның тұрғындарын Черняев отрядының орыс әскерлері жем сатып алу кезінде «6 түйесімен қоса төменгі шенді адамдардың бірін» қолға түсірді деп айыптады. Сайрамға 60 казактан, 48 салт атты атқыштардан және Сұраншы батыр қолбасшылық еткен бір мың қазақтан тұратын отряд жіберілді. Артиллериядан оқ жаудырып, басып алынғаннан кейін қала тамтығы қалдырылмай тоналды, тұрғындардан елуден астам адам қаза тапты және одан үш есе көп адам жараланды. Шамамен алғанда сайрамдықтар осылай жазаланды және бұлай жазаланғандар олар ғана емес еді…

Түркістан мен Шымкенттің алынуымен Орынбор және Сібір шептері тұйықталды. Шын мәнінде, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруінің 130 жылдан астам уақытқа созылған ұзақ та күрделі үрдісі осы оқиғамен аяқталды.

1866 жылдың жазында Петербургте Ташкенттің болашақтағы құқықтық мәртебесі туралы болған қысқа айтыстардан кейін II Александр оны Ресей құрамына қосу туралы жарлық шығарды. Бір жыл өткен соң, 1867 жылдың маусымында орталығы Ташкент қаласында болатын Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы заң жарияланды. Оған жаңадан құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кірді.

Оңтүстік Казақстанға Ресей мемлекеттік-әкімшілік жүйесінің таралуына байланысты оның орасан зор империяның құрамына қосылуы рәсімделді. Сол кезден бастап Қазақстан ұзақ уақыт бойы Ресейдің отарлық шет аймағына айналдырылды.

Міне, осындай қым-қуыт дәуірде қазақтың атақты батыры Сұраншыны қоқандар да, орыстар да өздеріне қаратып, жақындастыруға бар күшін салды. Ал Сұраншының жанында үзеңгі жолдас бауыры Әуез Атамқұл батыр жансерігі болып бірге жүріп, сол майданда бірге шайқасып, ерлік көрсетті: бір дерекке көңіл бөлейікші.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *