Талғат Ешенұлының тылсым тілі — оның поэзиясындағы портрет
Қазақ поэзиясы — талғампаз жанға рухани саяхат сыйлайтын әлем. Сол әлемде соңғы жылдары өз үнімен, дара қолтаңбасымен ерекшеленіп келе жатқан жас ақындардың бірі — Талғат Ешенұлы. Оның «Ұлы қаладағы блюз» атты жыр жинағы бір оқығаннан кейін екінші қайтара қайталап оқуға итермелейтін, әр беті жүректі лүпілдетіп, толғандырып, тебірентетін туынды. Бұл жинақ — ақынның ішкі әлемінің айнасы ғана емес, бүгінгі оқырманның да жан жарасын көркем тілмен жеткізген сөз өнерінің нағыз үлгісі іспеттес.
Кітап «Айтербеген» және «Жантербеген» атты екі бөлімнен тұрады. Бұл атаулардың өзі-ақ поэзияға келген адамның тек сыртқы әлемді сипаттап қоймай, жан мен жүректің терең түкпірлеріне бойлайтынын аңғартады. Бірінші бөлімде ақынның жүрегіне жиналған, бірақ сыртқа шықпаған шерлер, бала күнгі елестер мен болашаққа деген сенімсіз үміт суреттелсе, екінші бөлімде ішкі шындықтың буырқанып сыртқа шығуы, жан дүниедегі үнсіз күрестің жыр тілімен сөйлеуі көрініс тапқан.
Ақынның басты ерекшелігі — шынайылық. Ол боямасыз жазады. Тілі жеңіл, қарапайым, бірақ әр сөздің астарында үлкен мағына мен терең түйсік бар. Оның өлеңдерінде адам жанының тылсым сырлары, тағдыр мен таңдау арасындағы тайталас, сезім мен салқын сана арпалысы көркем бейнеленеді. Жинақтағы «Тағдыр сапары», «Ницше жылаған», «Қала және сен», «Бояулы», «Әткеншек әңгіме», «Мұңлы Каспий» сынды өлеңдер — жүректі лүпілдететін рухани күш пен шынайылықтың айқын дәлелі.
Мәселен, «Тағдыр сапары» атты өлеңінде Талғат болмысын, өмірге деген көзқарасын поэтикалық бейнелермен, метафоралармен шебер өрнектейді. Ол:
«Тағдырым кейде жат,
Әй, бір,
Жетім ботадай боздайды.
Кейде енді жанған от,
Әй, бір,
Өртеніп кете жаздайды» – деп басталатын алғашқы шумақтан-ақ тағдырды жан иесі тәрізді, әрі қорғансыз, әрі қаһарлы бейнеде елестетеді. Мұнда ақын ішкі дүниесін сыртқа жай ғана шығармайды, оны отқа, отты тағдырға айналдыра отырып, поэзия арқылы қайта сомдайды. Тағдыр — тек жүріп өтер жол емес, ол адаммен қатар өмір сүретін, кейде кеудеңде күңіреніп, кейде өзіңді өртеп жіберуге даяр тұратын тірі күш ретінде бейнеленеді.
Аякөз бен Тарбағатай арасындағы жол секілді образдар арқылы тағдырдың бұралаң, шұрайсыз, кейде шексіз күрделі болмысын көрсетеді:
«Иідің, кейде қатайдың,
Сапарың жайсыз, зор қандай —
Аякөз бен Тарбағатайдың
Арасындағы жолдардай».
Мұнда географиялық кеңістіктің ойлы оқырман үшін танымал, бірақ әркез тегіс емес жолдары ақынның ішкі жан күйзелісінің метафорасына айналған. Бұл — таза көркем бейне ғана емес, туған жерінің бедері мен тағдыр иірімін өзара қабыстыра алған ақын шеберлігінің көрінісі. Ұлттық сана мен жеке бастың драмасын тұтастыра білген бұл шумақтарда шын мәнінде рухани ой жасалған. Ақын туған жер ұғымын философиялық тереңдікпен ұштастыра отырып, ішкі арпалысты ұлт жадындағы кеңістікпен байланыстыра суреттейді. Бұл жолдар — Талғаттың образ жасау шеберлігін ғана емес, ішкі сезім тереңдігін де дәлелдейтін бейнелі көркемдік үлгісі.
Ал «Ницше жылаған» өлеңінде тағдыр мен адамның күрделі қарым-қатынасы поэзия тілімен жеткізілген. Ақын философиялық ой арқылы заманауи адамның өмірге келу сәтінен бастап, кетуіне дейінгі аралықтағы ішкі азапты, тұрмыс пен түйсіктің күйреуін шынайы суреттейді. Адам жанының күйзеліске, мұң мен шерге түскендігін анық көрсетеді:
«Көзімді аштым іңірде:
«Не енді?“» дедім іңгәлап
«Кел енді…“» деді өмір де,
Иткөйлегімді жұлмалап» – деген жолдардан-ақ адам мен өмір арасындағы мәңгі тартыс, тағдырдың қатыгездігі мен уақыттың қатаң заңы байқалады. Мұндағы «іңгәлаған шақ» — тек биологиялық сәт емес, бірден саналы күрестің басталғанын білдіретін символ. Өмір ақынды аялап қарсы алмайды, қайта «иткөйлегін жұлмалап» бас салады. Бұл — тіршіліктің, қоғамның, тағдырдың қатыгез шындығы.
Ал өлеңнің соңындағы:
«Көзімді жұмдым азанда:
„Не енді?..“ дедім мұзданып.
…Сол енді“ деді ажал да
Біртүрлі ыңғайсызданып» – деген шумақ — адам өмірінің мәні мен мағынасы жайлы үнсіз сұрақтарға берілген поэтикалық жауап. Ажалдың өзі ыңғайсызданатын сәт — адамның тағдырмен үндесіп кеткен сәті. Мұндағы мұздаған тыныс — тек дененің емес, жанның тоңуы. Бұл суық шынайылық пен болмыстың ұштасқан тұсы. Өлімнің осындай түрде берілуі, тіршіліктің сансыз сұрағына жауап іздеген, бірақ таппаған сана иесінің тағдыр алдындағы шарасыздығы.
Ақын Ницше есімін бекер таңдап отырған жоқ. Мұндағы Ницше — адам рухының, өзімен-өзі арпалысқан жанның, мағына іздеуші адамның бейнесі. Бірақ Талғаттың кейіпкері — жыламаған. Ол үнсіз күйреген. Бұл — ішкі дүлей сезімнің сыртқа шықпаған формасы. Ақын дәл осы үнсіздіктің өзін поэтикалық айғайға айналдыра алған.
Ақын поэзиясында үнемі мұң бар. Бірақ бұл әлсіздіктің емес, терең ой мен сезімге адал болудың көрінісі. Оның жырлары — жан сыры. Әр шумақтан оқырман өзінің ішкі үнін ести алады. Талғат поэзияны эстетикалық сұлулық үшін емес, жан жарасын емдеу, рухани демеу болу жолы ретінде қабылдайды. Бұл — заманауи ойлы ақынның дүниетанымын танытады.
Талғаттың тілі — шынайы. Ол әсемдік үшін емес, шын сезімді жеткізу үшін жазады. Сөзді сұрыптап, ойды нақты жеткізуге тырысады. Бұл — жүректен шыққан шын сөздің айғағы. Оның өлеңдерін оқыған сайын, өзіңді қасындағы сырлас досыңмен әңгімелесіп отырғандай сезінесің. Өйткені бұл поэзия — диалог, өлеңмен де, өмірмен де мұңдасу.
«Ұлы қаладағы блюз» — тақырыптық тұрғыдан бай жинақ. Онда махаббат, тағдыр, бала күн, естелік, үміт пен келешек қатар өрілген. Ақын әр өлеңінде өзін ғана емес, өз замандасын, өз дәуірін сөйлетеді. Бұл — оның поэзиясының қоғамдық маңызын күшейтеді. Себебі Талғат Ешенұлы — бүгінгі жастардың жан дауысын, ішкі дағдарысын, рухани ізденісін бейнелей алатын сирек талант.
«Бояулы» деген бір ғана сөзбен-ақ ақын махаббаттың адам өміріндегі мәңгілік құндылық екенін ашып береді. Мұнда махаббат нәзік сезім ретінде ғана емес, адамның тіршілігін мәнге айналдыратын ұлы күш ретінде суреттелген.
Саясаткер әрі қоғам қайраткері Ерлан Саиров Талғаттың шығармашылығы жайлы: «Талғат Ешенұлы — жастайынан қазақ поэзиясына өз бояуын қосып келе жатқан, жаны нәзік, жүрегі үлкен ақын. Оның туындылары — бүгінгі буынның ішкі күйін жеткізетін ерекше дүниелер», — деп жылы пікір білдірген болатын.
Ал белгілі жас әдебиеттанушы Айбар Бекенов: «Талғаттың өлеңдерінен адам ішіндегі үнсіз күресті, буырқанған жан дүниені көремін. Ол шынайы, терең және сөзге аса мұқият қарайтын ақын. Оның әрбір жолы — жүректің лүпілі», — деп атап өтеді.
«Ұлы қаладағы блюз» атты жинақтың атауы да ақынның шығармашылық жолындағы үлкен бетбұрысты аңғартады. Бұл тек тақырып қана емес, тұтас жинаққа философиялық реңк беріп тұрған символ іспетті. Мұндағы «қала» — тіршілік, ал «блюз» — сезім. Екеуінің қосындысы — ақын жүрегіндегі тұтас әлем.
Қазақ әдебиетінде әр кезеңде бір буынның үнін жеткізетін ақындар болған. Кеңес дәуірінде — Мұқағали мен Фариза, қазіргі буыннан — Ерлан Жүніс пен Арман Шеризат, ал тоқсаныншы жылдары топ жарып, поэзияның жүгін абыроймен көтеріп келе жатқандардың қатарында Талғат Ешенұлының есімі ерекше аталады. Бұл — кездейсоқ пікір емес, әдеби процеске көз жүгіртіп жүрген қаламгерлер мен сыншылардың ортақ байламы.
«Ұлы қаладағы блюз» — поэзия әлемінде өзіндік орны бар жинақ. Бұл кітап — Талғат Ешенұлының көркемдік ізденістерінің, өмірлік тәжірибесінің, төккен терінің нәтижесі. Ақын бұл жинақта бір ғана адамның емес, тұтас бір ұрпақтың мұңын, сағынышын, арманы мен күйзелісін жеткізе алды. Оның жырлары — бүгінгі қоғамның айнасы, жас буынның жан дауысын бейнелейтін айшықты поэтикалық тіл.
Талғат Ешенұлы — поэзияны тек көркем сөздің құралы ретінде емес, жан мен жүректің емін табар киелі алаң деп түсінетін ақын. Оның шығармашылығы — қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең шынайы әрі терең сәттердің бірі. «Ұлы қаладағы блюз» — поэзия сүйер оқырман үшін рухани демеу, ішкі тыныштыққа жол ашатын құнды жинақ.
Талғат Ешенұлы — тек замандас ақын емес, бүгінгі қазақ поэзиясындағы маңызды құбылыс. «Ұлы қаладағы блюз» жинағы — соның айғағы. Бұл кітапта тек сөз ғана емес, өмір бар. Тіршілік, күрес пен күмән, сағыныш пен үміт қатар өрілген. Бұл жинақ — қазіргі заманның поэтикалық портреті. Ал Ешенұлы — сол портретті сызған ЖАСАМПАЗ СУРЕТШІ.
Сағи Мақан,
жас әдебиеттанушы,
Астана қаласы