ОСПАНХАННЫҢ КҮЛКІСІ-АЙ…

Мерей Әдебиет
156 Views

ОСПАНХАН ӘУБӘКІРОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

ОСПАНХАННЫҢ КҮЛКІСІ-АЙ…

Ұзынағаштағы аудандық Мәдениет үйінде «Ауылым – әнім» атты телехабар ұзаққа созылып, тым кеш бітті. Хабардың басты кейіпкері – Оспанхан Әубәкіровтің әзіл-сықақтары, сөзін жазған әндері бірінен соң бірі орындалып, ағамыз арқа-жарқа мәз болып отырды. Соңында сахнаға шақырғанда зал толы жиналған жұрт ұзақ қол шапалақтап ерекше құрмет көрсетті.

Теледидар қызметкерлері дереу жиналып, Алматыға қайтып кетуге асықты.

Мен Оспанхан ағамды үйге шақырдым.

– Жүр, онда туған жерімде біраз болып қайтайын, – деді.

Қар қапалақтап жауып тұрған ақпан айы.

Қарсылығыма қарамай кеш болса да қазан көтертіп, ет астырдым.

Алдымен шәй іштік, артынан қыстың сүрленген қазы-қартасымен жылқы еті келді. Осағам маңдайы жіпсіп әңгімені бірінен кейін бірін суырып алып, айра-жайра көңілмен ақтарылды дерсің.

Бірнәрсені бастау алдында өзі мәз болып күліп алады. Маған бәрі қызық. Не бір атақты ақын-жазушылар мен әнші-композиторлар жайлы хикаяларды ортаға жайып салды.

Қайран ағам таңғы сағат төрттерде ғана:

– Ал, редактор жолдас кішкене демалып алайық, – деді де ақ қағаз бен домбыраны төсегінің жанына алдырып қойды.

Ертесіне жұмыс күні ағам менен бұрын тұрып, киініп алыпты. Таңғы шәй үстінде:

– Сен жұмысыңа бара бер. Осында Қанипа Бұғыбаева деген атақты ақын тұрады. Соған барып сәлем беріп шығайын, – дегені.

Қанипа бізбен көрші, іргемізде тұрады. Екеуміз барғанда есікті оның күйеуі, белгілі режиссер Қанағат Қарашев ашты.

– О-о, Осеке, келіңіз. Құтты қонағымыз боласыз, – деп мейманның асты-үстіне түсіп қуанып қалды.

Түсте жұмыстан келсем бәрі арнайы пісірілген асқа отырған екен. Қанипа мен Осағаң кезек-кезек өлең оқыды.

– Біздің бұл өлкеміз таланттарды магнитше өзіне тартып тұратын, дарындарға шалқар шабыт қуатын беретін ерекше жаратылыс мекені. Міне, қарашы Қанипа осында тұрып тамаша жырларын шығаруда. Надежда Лушникова деген ақын қызымыз осы елге келін болып түсті. Уәли Бекенов, Қилан Сәрсенбиев секілді дәулескер күйшілер осы жерге көшіп келіп, дүрілдетіп жастарды домбыраға үйретуде, – деп Оспанхан ағам ағыл-тегіл тілегін айтты.

Кешке салым ағамды Алматыдағы үйіне өзім жеткізіп салдым.

Бір күні Оспанхан ағам қасында Әсет Бейсеуов пен жазушы Әнуарбек Дүйсенбиев бар редакциямызға кіріп келді. Аудандық «Екпінді еңбек» газетінде өлең-жырға ғашық кіл талантты жастар істейді. Бәрін жинап әңгіме-дүкен құрдық.

– Адам туған жеріне тартып туады. Мынаны қараңдаршы бір ғана Қарақыстақ ауылынан қаншама атақты ақын-жазушылар шықтық. Ақиық ақын бабамыз Сүйінбай, халық ақындары Әбдіғали Сариев, Өмірзақ Қаңтарбаев, жазушылар Сейдахмет Бердіқұлов, Әнуәрбек Дүйсенбиев, Мұхаметжан Етекбаев, Жәнібек Карбозин, ғалым-әдебиеттанушы Сұлтанғали Садырбаев міне, мына мен бәріміз осы ауылда өстік. Қарақыстақ өзенінің мөлдір суын іштік, осында оқыдық, білім алдық. Бұл ауылдың топырағы киелі, – деп өзі туып-өскен елі мен жері жайлы тебірене сөйлеген-ді.

Алматыдан ол кісі ғана аудандық газетімізді жаздырып алып тұратын. «Қара шаңыраққа сәлем берейін деп келдім» деп ары-бері өткенде редакциямызға арнайы келіп тұратыны енді аңыз сияқты-ау…

Бір күні жұмыста отырсам Оспанхан ағам телефон шалды.

– Қане, қағаз, қаламыңды ал. Біздің үйге былай деп телеграмма сал: «Құрметті Оспанхан Әубәкіров! Б.Момышұлы атындағы Ұзынағаштағы әскери бөлім жауынгерлері Сізді арнайы кездесу өткізуге шақырамыз» деп жаз. Осыны поштадан салып жібер, – деді гүрілдей сөйлеп.

Жеделхатты салып жібердім. Екі күннен кейін Осағам келіп тұр, екі езуі құлағына жете мәз.

– Нұрсұлу жеңгең бастаған аудармаңды бітір деп үйден шығармай отырғызып қойып еді. Ауылды, ел-жұртымды, сендерді сағындым. Төрт қабырғаның ортасында тұншығып кете сақтадым. Ақыры осылай амал ойлап таптым. «Үш ұлың бар, жауынгерлер шақырса бар» деп өзі көндіріп, мойныма галстук байлап шығарып салды, – деп сылқ-сылқ күледі.

Осағаң үш күн ауданды аралады, көктемнің тамаша жадыраған кезі, қырқаларда үлпілдек қызғалдақ қаптаған, алма ағашы жамырай гүлдеп, жұпар шашқан ғажап кезең.

– Қой әскери бөлімге барайын. Сен хабарласып, ертіп апар, – деген соң Ұзынағаштың аяқ жағында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы полк командирімен сөйлесіп едім, бірден қуана келісті.

Клубында лық толы жауынгерлер Осағаңды тік тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Сан түрлі сұрақтар қойылды, өлеңдерін оқыды.

Балаша мәз болып, өте қатты әсерленіп қайтқан еді. Осағаңа еліктеп сықақ әңгімелер жаза бастағанмын.

– О, мынауың тамаша екен, – деп төрт-бес машинаға басылған әңгімелерімді алып кетті.

Қыстың алғашқы қары қапалақтап жауып тұрған күні телефон шалып:

– «Көңілді көшенің жігіттері» деген кілең жас сатириктердің жинағын құрастырып, шығардым. Ішінде сен де барсың. Келіп алып кет бұл кітапты! – деп өзінің тұңғыш жинағы шыққандай шат-шадыман қуанып тұр. Қайран ақжейделі ақкөңіл даланың дархан самалындай аңқылдаған Осағам-ай!..

Оспанхан Әубәкіровтің туған күні – 4 мамыр. Неге екені белгісіз елу жылдық мерейтойы аталмай созылып барып, желтоқсанда өтетін болды.

Алматыдан Фариза Оңғарсынова басқарған 4-5 ақын-жазушы бар қонақтар сау ете түсті. Сонда Фариза апайымыз Дегерестегі клубта бірінші сөз алып:

– Қазақта Оспанхан біреу. Оның жарты ғасырлық тойын өткізбейміз дегендерің қалай? Облыс басшысына айтпасам мүлде ескерусіз қалар еді. Естеріңізге сақтаңыздар. Оспанхан Әубәкіров – қазақ әдебиетіндегі құбылыс, зор тұлға, ұлы жазушы! – деп еді.

Оспанхан ағасы жөнінде баяндаманы інісі Уәлихан Қалижан жасап, Қарақыстақ, Үшбұлақ ауылдарында кездесулер өткізілді.

Осыдан екі жылдан кейін Оспанхан ағам өмірден озды. Өз тілегі бойынша туып-өскен Үшбұлақ ауылының іргесіндегі жотаға жерленді. Жылда 1 сәуір – күлкі күні аудандағы жас таланттар жиналып барып, бейітіне құран оқытып, өлеңдерін оқушы едік. Есенқұл Жақыпбеков бастаған редакция қызметкерлері классик сатириктің көптеген шығармаларын жатқа айтатын.

Осағаңның 60 жылдық тойында мен баяндама жасадым. Осы шараға Темірбек Қожакеев бастаған сатириктер, ақын-жазушылар келіп, тамаша сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Бұл жиынды сол кездегі аудан әкімінің бірінші орынбасары Тоққожа Естенов өте тиянақты ұйымдастырып, мазмұнды өткізді. Жетпіс жылдығы Алматы қаласында өтті. Ал сексен жылдығына Жамбыл ауданының сол кездегі әкімі Махаббат Бигелдиев дайындықты ерте бастады. О.Әубәкіровтің төрт томдық шығармалар жинағын шығарып, үлкен салтанатты жиыны өткізді.

Міне, енді биыл қазақ сатирасының қайталанбас тұлғасы Оспанхан ағамыздың 90 жылдық мерейтойы да келіп жетті. Оның інжу-маржандай бай мұрасын жинақтап, кітап етіп шығаруда көрнекті жазушымыз Ғаббас Қабышев ағамыздың ұланғасыр еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Талантты шәкірті болған Көпен Әмірбек те ұстазына адал болып, талай-талай игілікті шаралар ұйымдастырушы еді. Әттең шіркін, Көпен құрдасым да бұл күнге жетпей кетті ғой.

Оспанхан қазақ сатирасын ту биікке көтерген классик, әлемнің әйгілі сатириктерінің шығармаларын бабына келтіре аударған кемел аудармашы. Балаларға арнап жазған дүниелері бір төбе. «Қымызхана», «Тамаша» атты театрларының беташарын ашқан да Осағаң. Қанша әнге өлең жазды десеңізші!

Оспанхан Әубәкіровтің барлық шығармалары 10 томға еркін жетеді екен. Үйінде Нұрсұлу жеңгеміздің қолында жарық көрмеген дүниелері де бар көрінеді. Сатира саңлағының 10 томдық толық шығармалар жинағын шығарсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Дегерес ауылындағы мектепке Оспанхан Әубәкіров есімі берілді.

Оспанхан тағдырлы жазушы. Туған әкесі Тұрсынәлі Ыстыбаев Қастек совхозында басқарма болған, 1937 жылғы репрессияның нақақ құрбаны болып кеткен. Мектепке алғаш барғанда екінші әкенің фамилиясына жазылыпты. Бірақ екінші әкесін өгей деп атамаған, ерекше сыйлаған. Мұхтар деген баласы ұлды болғанда есімін Тұрсынәлі деп қойыпты.

Енді Осағаңның ірілігі мен кісілігі жөнінде бір дерек келтіре кетейін. Тұрысжанов Бекболат деген замандас ауылдас құрдасы Күрті ауданында әкім болып тұрғанда сәлем бере барады. Ағайын-туған, достары жиналып Осекеңе су жаңа жеңіл машина сыйлайды. Сол көлігіне Сарез деген шоферді отырғызып, бір апта ауданды аралап, ел-жұртымен кездесу-кештер өткізеді.

Сарез Алматыға алып келгенде Осағаң:

– Қарағым, мен машина айдасам не өзім біреуді қағамын, не мені біреу тапап кетеді. Менің обалыма қалма, мына машинаны басы бүтін саған сыйладым! – деп қаншама қарсы болғанына қарамай, нотариуске бекітіп, шофер жігітке біржола мінгізіп жібереді. Оспанхан ағаның асында осы Сарез еңкілдеп жылап тұрып, Атымтай жомарт ағасының осындай ірілік мінезін қалың жұртқа жырдай ғып айтқан еді.

Ағамыздың ошағын өшірмей түтінін түзу ұшырып отырған Нұрсұлу жеңешем мерейтой жақындаған сайын жиі-жиі телефон шалуды үдетті. Жазушылар Одағына, баспаларға барғанын айтады, ел-жұрт не деп жатыр деп сұрайды.

Міне, биыл да ұзақ қыстан кейін көгілдір көктем де күлімдеп келіп, бүкіл Алатау алқабы көкжасылға бөленіп шыға келді.

Бұл көктем – Осағаңның тоқсан жасқа келген көктемі. Қазаққа жауһар дүниелерін сыйлаған, ғажайып отауын ұлы думанға бөлеген Оспанхандай дара тұлғаның ішек-сілеңді қатыратын күлкісін сағынып жүрміз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *