Сейсенбі – ақпанның 8-і күні Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев қатысты. Президент елдегі әлеуметтік және экономикалық ахуалды жақсартуға қатысты Үкіметке бірнеше тапсырма берді.
ШЕТЕЛГЕ ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУ КЕРЕК
Үкімет алдағы екі айдың ішінде Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде ұсыныс әзірлеуі керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді.
Президент қоғам болып табысты әділ бөлісу мәселесінде ымыралы пайым қалыптастыру маңызды екенін айтты. «Бұл – билік пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық аспектілерді, мемлекеттік саясат, ұлттық бірегейлік, жастарды тәрбиелеу сияқты мәселелерді қозғайтын ортақ міндеті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге, ол шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару мәселесіне тоқталды.
«Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беру міндеті жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы.
ӘСІРЕ БАЙЛАР ҮСТЕМДІГІНІҢ САЛДАРЫМЕН КҮРЕСЕМІЗ
«Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Дүниежүзін жайлаған індеттің беті қайтпай тұр. Соның салдарынан елдегі іскерлік белсенділік төмендеп кетті. Жыл басында болған оқиғалар ұлттық қауіпсіздігімізге зор қатер төндірді. Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын сақтап қалдық», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Үкіметтің басты міндеті халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу екендігін баса айтты.
«Біз жұрттың бизнеспен айналысуына тең мүмкіндік береміз. Қоғамымызда белең алған сыбайлас жемқорлық пен экономикадағы әсіре байлар үстемдігінің салдарымен күресеміз. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз», – деді ҚР Президенті.
КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТАН ҚҰТЫЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АРЕНДАЛЫҚ ТӨЛЕМНІҢ ЕЛУ ПАЙЫЗЫН МЕМЛЕКЕТ ӨТЕЙДІ
Президент арендалық тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы бір жыл бұрын іске қосылуға тиіс болғанын атап өтті. «Соңғы рет қайталап айтамын: бұл – әлеуметтік бастама. Отбасы банк және цифрлық даму министрлігі цифрлық платформа құруы қажет. Оған субсидия алатын және баспанасын жалға беретін азаматтар тіркеледі. Адамдар әкімдік таңдап берген емес, өзі қалаған жерден баспана ала алады», – деді Қ. Тоқаев.
Айтуынша, мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арендалық төлемнің елу пайызын өтейді. Ал отбасының қалған табысы білім, денсаулыққа жұмсалады.Тоқаев 1 мамырға дейін осы жұмысты аяқтап, нәтижесі туралы есеп беруді тапсырды.
СУБСИДИЯ ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСІП ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке субсидиялау бойынша шаруаларға тегін қызмет көрсететін платформа әзірлеуді тапсырды.
Айтуынша, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. «Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 проценті субсидияны жымқыруға қатысты. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы екі-үш есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған», – деді президент.
АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ БОЛМАСА ЭКОНОМИКАМЫЗДЫ ЖОҒАЛТАМЫЗ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысына қатысты осылай өз ойын айтты.
«Еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешуіміз керек. Таза атом энергиясы болмаса, біз инвестицияларды былай қойғанда, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз», – деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, энергия болмаса, Қазақстан аймақтық көшбасшылықтан да айырылады. «Бізге электр энергиясы, соның ішінде таза атом энергиясы ауадай қажет. Экономикалық мәселелерді білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн», – деп атап көрсетті Тоқаев.