Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалау, оны нығайту, оданәрі дамыту бағытында біраз жұмыс атқарылды. Соның арқасында әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленген Қазақстан мемлекетін құрдық. Осынау үдеріскеөзіндік үлес қосып келе жатқан ұлт перзенттерінің қатарында танымалғалым-ұстаз, білім беру және ғылым саласының көрнекті ұйымдастырушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың орны ерекше.
Бәкең туралы қалам тербеу әрі оңай, әрі қиын.
ОҢАЙ БОЛАТЫН СЕБЕБІ. Оның күні бүгінге дейін жүріп өткен жолы жеңісті де жемісті. Студент. Ассистент. Кафедра меңгерушісі. ҚР Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кеңсесінің бөлім меңгерушісі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары. Ректор. Министр. Сенатор.
Бұған қоса ҰҒА академигі, Техника ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Халықаралық инженерлік академияның академигі. Түркітілдес елдердің Бүкіләлемдік математиктер қоғамының құрметті президенті.
ҚИЫН БОЛАТЫН СЕБЕБІ. «Адам болатын азамат алысқа қарайды» дейді халық даналығы. Ол кең ойлайды. Тереңнен ой қозғайды. Ұлт бірлігі мен жер тұтастығы, Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, тарих пен әдебиет, қысқасы кез-келген тақырыпта еркін жүзеді, келісті диалог құра біледі. Демек, публицист үшін мұны жүйе-жүйесімен тарқату әрине оңайға тимейді. Дегенмен, тәуекел!
Осы орайда Бақытжан Жұмағұловтың «Рух биігінде» деген кітабын тағы бір оқып шығуға тура келді. Онда халық күтіп отырған күрделі де келелі сөз қозғалады. Академик өміршең мәселелерден ешқашан тыс қалып көрмеген. Өз ойы мен көзқарасын жариялай отырып, халықтың пікіріне де құлақ түреді.
Қош, оның бәрін тізбелеуден аулақпыз. Бірақ бойды шымырлатар көкейтесті пайымдарына тоқтала кеткенді жөн санап отырмын.
БЕС ҚҰНДЫЛЫҚ
Кейде өзара әңгіме-дүкен құратын кездеріміз болады. Оның ұсынған бес құндылық бағыттарын назардан тыс қалдыра алмадық.
Бірінші құндылық – Тәуелсіздік және тарихи таным.
Қазақстандағы тұрақтылық, ұлтаралық татулыққа қарсы сыртқы күштер «үй ішінен үй тігу» секілді қоғамымызға жат ниеттерді санаға ендіруге тырысуда. Әрине, оған жол беруге болмайды. Тәуелсіздік ұлттың басты құндылығы.
«Ол ұлтымыздың санасын өзгертетін, сапасын жақсартатын басты тетік» дейді Бақытжан Тұрсынұлы.
Екінші құндылық – Ел мен жер.
Иә расында да ұланғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғады. Жер расында сауда құралы емес.
«Қазақтың жері қасиетті. Ол бүгінгі жаһандық тайталас кезіндегі ұлттық бірегейліктің символы болып қала береді» дейді ол.
Үшінші құндылық – тіл мен имандылық.
Тіл мемлекеттің айбыны мен символы. Тіл болған жерде имандылық та бірге болады.
Ол «Қазақ тілі әлемнің ешбір тілінен кем емес. Оның аясын кеңейте отырып, мемлекеттік тілімізді жетілдіруге бағыт алуымыз керек» дейді.
Төртінші құндылық – ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие.
«Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Бесіктен тәрбиелеу ұлттық ұғым кепілі» дейді автор.
Бесінші құндылық – білім мен біліктілік.
Білімі жоқ ел беделсіз. Ғылымы жоқ ел бедерсіз. Бұдан артық теңеу болмаса керек, сірә.
Міне, сөйтіп «жаңа болмыс» пенен «ұлт сапасын» қалай жақсартуға болады деген сауалға жауап іздеген Бақытжан Тұрсынұлы айналып келіп, ұлттық құндылықтарға тоқталады.
Расымен де, осы тұста Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың: «Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ, соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда… Жаңа сынаққа төтеп беру үшін ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн» деген сөзі есімізге оралады.
БІЛІМ МЕН БІЛІК
Жоғары білім саласының жілік-майын шаққан аса білгір Бәкең әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған жылдары мамандар даярлаудың сапалық өзгерісін, олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, білім беру үдерісі мен материалдық-техникалық базасын европалық стандарттарға жақындатуға және Болон процесіне интеграциялануға бағытталған түбегейлі жаңа мазмұндағы даму Стратегиясы жасалып, жүзеге асырылып, жоғары оқу орнының бүгінгі биік жетістіктерінің негізін жасады.
Кейде, елiмiздегi бiлiм саласында жүргiзiлген реформалық үдерiстерге ел наразы болып жатады. Ал, бұған академиктің айтар уәжі мынау: «Реформалар жоғары оқу орындарының бiлiм сапасын жақсартады деп сенiммен айта аламын. Бiлiм беру реформасының басты өлшемi тиiстi бiлiм мен бiлiк алған елiмiздiң кез келген азаматы әлемнiң кез келген елiнде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерiлу болып табылады»
«Талаптыға нұр жауар» деген сөз бар қазақта. Неғұрлым, бiрiншi кезекте, өзiңе, одан соң өзгеге де талапты болсаң, соғұрлым жұмысың нәтижелi болмақ. Мемлекетiмiздiң болашағы, елдiң келешекте өсiп-өркендеуiне, дамуына өзiндiк үлес қосар ұрпағы — осы бүгiнгi жастарымыз, студенттерiмiзге биiк меже белгiлемегенде кiмге белгiлемекпiз?! Бақытжан Жұмағұловтың айтары – осы!
АНА ТУРАЛЫ
Ұлттық дәстүр, тәрбие дегенде Бәкең еркін көсіледі. «Бала – бесіктен тәрбие алады. Ұлттық дәстүрді бойға сіңіреді. Ана жолдан тайса – ұлт жолдан таяды. Әке жолдан тайса – ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы» дейді Бақытжан Жұмағұлов.
«Ұлттық құндылықтарымызды Қазақстанның әрбір азаматының санасына енгізу және орнықтыру қажет. Бірлесе, іргемізді ыдыратпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көзқарас қажет. Әрбір Қазақстан азаматының бойына ұлттық патриотизмді қалыптастыратын жолдарын айқындап берген дұрыс болар еді. Сонда ғана, тәуелсіз елімізде ұлттық құндылықтарымызды күнделікті өмірге енгізе аламыз» дегенді жадынан шығарған емес Бақытжан Тұрсынұлы. Мұның бәрі Ананың үлкен жүрегінен дарыған қасиет болса керек.
ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН…
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады. Алматының бас алаңында болған, желтоқсан оқиғасы. Көтеріліске қазір ел ауызында жүрген, тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сара Мұхамеджанова және тағы басқа жастар қатысты. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар» «Нашақорлар» деген кінәлар тағылды. Оқудан қууға нұсқаулар берілді.
Бір бойына мемлекетшілдік, елжандылық, адамгершілік сынды тұғырлы қасиеттерді жинақтаған небәрі отыз үштегі Бәкең жастар жағынан шыққан еді. Әуелі комсомол, бертін келе партия ұйымын басқарған Бақытжан Тұрсынұлы мұндай әрекетке бармайтынын айтты. Осы қылығы үшін оны «ұлтшыл» деп университет қызметінен мүлдем аластатып жіберген еді. Аяқасты «замандастары» мен «достары» ұшты-күйлі жоғалды. Бұдан да ол өзіне үлкен сабақ алды.
Халық қамын ойлаған ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де қайта тұғырға қонып, халық құрметіне бөленді. Қызметіне оралды.
Саналы ғұмырын елге қызмет ету мұратына арнап, биік белестерден көрініп келе жатқан Бақытжан Тұрсынұлы өзінің 70 жасын ерекше күш-жігер, қажыр-қайрат, шығармашылық шабытпен қарсы алуда. Еркін Қазақстанның ертеңі үшін тер төккен қайраткердің әлі де еліне берері мол екендігіне сенемін.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
академик