ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫН ТҮГЕНДЕГЕН ТҰРҒАРАҰЛЫ

Тұлға Қоғам
974 Views

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?

Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,

Өйткені олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

Алаш жұртында тағы бір ақжолтай сүйінші жаңалық!

Қасиетті Қазығұрт тауының қойнауында қазаншуақ қазан айының аяғын ала бере күні ертең ардақты Алаш арыстарына арналған еңселі ескерткіш томағасын сыпырғалы тұр.

Адамзаттың тал бесігі аталған Қазығұрттың ұшар басында қанатын қомдап, тым қиянға қалықтайтын қырандар секілді Ұлт Тұлғаларының алып мүсіндері осындай құтты жерге қонақтап, естелік боп қалануы тіпті керемет!

Идея авторы және осы сауапты үлкен істің басы қасында жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев ағамыз екенін баса айта кетейік.

Алаш қайраткерлерінің құрметіне бұған дейін Қарқаралыда, Семейде ескерткіштер бой көтерді. Алайда алашшыл 9 бірдей арынды азаматтың бір жерде тоғысуы — Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбай, Жаһанша Досмағамбет, Жүсіпбек Аймауыт, Әлімхан Ермектердің бейнесі шоғырланған тарихи туынды бұрын-соңды болмаған. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бұл тамаша тарту болары сөзсіз.

Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы «біз Алаш зиялылары армандаған тәуелсіздікке бүгін қол жеткіздік!» деп еді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсетті. Бекең үнемі Нұрсұлтан Әбішұлы бағыттаған сара жолмен жүруді өзіне парыз тұтты.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 – жылдық мерекесіне орай еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламасында еліміздің ішкі-сыртқы саясатына өткен тарихымызға тоқталып, «Алаш арыстары азаттық идеялары үшін құрбан болды, олардың еңбектерін зерттеп, жастарға жеткізіп, әлемге паш етуіміз керек» деді. Солай арманда кеткен асылдарымызды ардақтап оларға деген мемлекетіміздің тарапынан болатын қамқорлықты айқын анықтап берді.

Бір кездері ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп айтып кеткен екен. Қазақ мемлекетін құрамыз деп қызыл империяның құрбанына айналған тектінің бұл көреген сөзі арада алпыс жыл салып айна-қатесіз орындалып тұр ғой. Азаттықты ту еткен алаш қайраткерлері армандаған еркіндік бүгін біздің маңдайымыздан майда жел болып еседі. Кешегі Әлихан, Міржақыптар салып кеткен сара жолдың бел ортасында келе жатып оларды бүгінгі ұрпағы ретінде ұлықтамауымыз, ұмытуымыз әсте мүмкін емес. Олар біздің ұлттық жадымыз секілді мәңгі есімізде!

Қазығұрттың қанат қағар баурайында орын тепкен бүгінгі еселі ескерткіш те ұлт қырандарын ұрпақ санасында сақтаудың мәңгілік бір парасы. Осындай игі істің ұйытқысы бола білген, ел қамын ойлайтын азаматтық ер тұлға Бекеңнің сот саласынан бөлек, еліміздің руханият әлеміне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сан алуан істерін саусақпен санап тауыса алмаймыз. Бекең — Бекет Тұрғараұлы бүгінгінің батыры, қазақтың жоғын түгендеп жүретін жомарт жүректі, терең ойлы, ақынжанды, өр рухты азамат. Кісілік келбеті кескінделген, парасат-пайымы биік Бекең жүйрік тілді, шешен сөйлейтін сөз зергері ғана емес, қолға алған тірлігін түбіне жеткізетін істің, берік ұстаным мен уәденің де адамы. Оның бір ерлігі – дауылпаз Қожаберген жыраудың тарихта ізі қалмай көмескіленіп бара жатқан шығармаларын қайта тірілтуі. Мәселен, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы Қожаберген жырау туралы былай деген екен: «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры — әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» Атақты қолбасшы толық нұсқасын іздеген «Елім-ай» жырын, Қожабергеннің бұдан басқа көптеген жыр-дастандарын «Баба тілі», «Замананың заңғары», «Мәңгілік елдің – мәңгілік жаршысы» атты кітап етіп бастырып, жарыққа шығарған осы Бекет Тұрғараұлы болатын.

Бекең бала кезінен әдебиетті сүйген. Кітапқа жаны құмар ол лиро-эпостық батырлар жырын бас алмай жата жастана оқитын болған. Қазақтың ауыз әдебиетін сіміріп өскен ұл ержете келе жетелі жөн сөзге тоқтайтын, әрбір асыл сөздің астарына үңілетін қазақтың өрелі перзенттерінің біріне айналды. Қазақстанның оңтүстік және солтүстік өлкесіндегі сот саласында қызмет атқара жүріп, Бекеңнің ұйытқы болуымен филология ғылымының докторы, профессор Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», ақын Қадыр Мырза Әлінің 14 томдық жинағы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Қазығұрт ауданының тарихи өңірлік энциклопедиясы жарық көрді. Мұнан соң да қазақ көркем сөз өнерінің қаймағы Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз Сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаевтың мұралары түгенделіп, кітап болып басылды. Тағы тізбектейтін болсақ, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдығы, академик Серік Қирабаевтың 8 томдығы, қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың жазбаларының оқырман қолына жол тартуына себеп – осы кісі. Айтпақшы, 2011 жылы Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болған жылдары қызметте жүріп «Маңғыстау ақын-жазушыларының шығармашылық кітапханасы» атты 50 томдық жинақтың жарыққа шығуына мұрындық болған еді. Қарап тұрсаңыз, Тұрғараұлының осы тынымсыздығы — орасан зор ерен еңбек. Бекеттің қазақтың бүгінгі рухани әлеміне сіңірген еңбегі өлшеусіз деген сөзіміздің мәні осында. Бәлкім, бұл Бекеңнің құлынтайдай тебісіп өскен замандастарынан озық туғаны ұлтжандылығы, қайсарлығы, турашылдық қадір-қасиеті болар. Мағжан Жұмабаев жырларын жарыққа шығарумен қатар Бекең әйгілі ақынның ескерусіз қалған әке-шешесінің қорымына барып, басына ескерткіш-тақта орнатып беруі екінің бірінің қолынан келе бермейтін борыш деп білеміз.

Бекең өзі туып-өскен жері Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына барар Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы биік төбе басына Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап ескерткіш қойды. Жоңғар шапқыншылығының қаһарманы, айбыны көз тартар алып қос батыр ат үстінде ауыздығымен алысып ойқастап тұр, екеуі де қырат басына шығып даңғыл жолдағы жолаушыларға көз тастап, алыстан мысымен басқарып тұрғандай…

Тарихтың хас батырлары мен данагөйлерін тізімдеп, ескерткіштерін орнату құдды Бекеңнің мына дүниедегі миссиясы сияқты. Солтүстік Казақстанда сот болып жүрген кезінде Қызылжар ауылына аты етене таныс қара қылды қақ жарған төбе би Тоқсан бидің ескерткішін орнатады. Одан Ақтауда қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ескерткіш мүсінін, Шал ақынның, Қазығұртта майданда қаза тапқан жауынгерлер есімі жазылған ескерткіш кешеннің салынуына демеушілік көрсетіп, бастама көтерді. Қыруар шаруа тындырып жүрген Бекең бүгінде жетпістің жон ортасына жетіпті. Әлі тың, абыз ақсақалға лайықты сөзі мен ісінен-ақ қалың жұрттың тағы кәдесіне жарайтынын бағамдайсың.

Бекеңнің өзі былай дейді: «Біз бүгін Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып отырған қазақ халқы бостандық жолында төгілген қан мен терге баға бере отырып, келешек туралы кең ойлауымыз қажет екенін естен шығармауымыз керек. Халқымызда «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Яғни ХХ- ғасырдағы ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің, одан өзге де оқиғалардың орнын анықтау қажет. Сонда ғана біздер өткен ғасырдың бұрмаланған тұстарын ашып айтып, аруақтар алдында ар тазалығымызды сақтаймыз.

Ашаршылық жылдары қаншама адам босқынға айналып, атажұртынан көшуге мәжбүр болды. Олардың қаншамасы жол-жөнекей қырылды. Құрбан болған азаматтардың барлығын анықтау және заңдылық тұрғыдан ақтап алу қажет».

Кең ойлауымыз керек демекші, Бекең кең ойлағанының арқасында бұдан жүз жыл бұрын талан-таражға түскен тарихи деректер мен дүниелерді қаттап, жинақтап келер буынға құнды жәдігерлер етіп қалдыру жолында аянбай тер төгіп келеді. Сондықтан оның өткені мен бүгінгі ұрпақтың алдында ары таза. Айта берсек, Тұрғараның Бекетінің елге сіңірген еңбегін бір мақаланың өзегіне сыйдыра алмайсың.

Алаш арыстары «Оян, қазақ» деп ұран салып, сол жолда еңбектенсе, бүгінгі ұлт зиялылары «Ойлан, қазақ» деп жаһандану заманында ұлттық болмысымызды жоғалтып алмай, ата-баба дәстүрін сақтай отырып, заман талабына сай өсіп-өркендеуіміз қажет екенін айтып келеді. Солардың ішінде Бекет Тұрғараұлы кешегі алаш баласының ізін жалғаған, ұлт үшін шырылдап жүрген айтулы азамат.

Қуанышбек БОТАБЕК

Бекет ТҰРҒАРАҰЛЫ:

«Абайды оқымау – ұлтты сыйламау. Абай бір ғасырда, тіпті, мың жылда бір туатын дара тұлға. Оның өлеңдерінің мағынасы – терең, қатпары – қалың. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысса да», артына сарқылмас мол мұра қалдырып кеткен данышпанды танымай жүргендер көп-ау. Иә, олар «Абай жолын» бір қарап шықса, қандай шырмауық өмірде шырмалып жүргенін білер еді. Мен Абайды қажетсінбесем, қаражаяу тірліктің құлы болып, рухани жүдеп қалатындай қорқам».

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ БЕКЕТ ТҰРҒАРАҰЛЫ ТУРАЛЫ АЙҚАНДАРЫ:

Сұлтан САРТАЕВ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі

«Бекет қашанда қазақтың жоғын жоқтап жүрген азамат. Осы тарихи кесене бүкіл қазақ халқына өмір бойы, әр уақытта өзінің тарихы қалай болғандығын танытып тұратын ескерткіштердің бірі болды. Қазақстанның қай бұрышына барсақта Бекет ініміздің ашқан ескерткіштерін, тапқан тарихи жәдігерлерін көреміз. «Жақсының нұры тасысын» дейді ғой дана халық. Осы Бекет Тұрғараұлы сияқты азаматтарды ардақтауымыз керек».

Әбіш КЕКІЛБАЙ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

халық жазушысы

«Бекет – бір айтады, айтқанын істейді. Сөйтіп, ешкімнің ойында жоқ жарқын істерді атқарып, республикаға үлкен оқиға етіп таратып жіберді. Мәселен, біреу өмірде жоқ болды, біреу болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл әулетімен қайта тірілткен – Бекет Тұрғараев болды».

Серік ҚИРАБАЕВ,

академик

«Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен Бекет қазақ әдебиетін жанындай жақсы көреді, көп оқиды. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдық, менің 8 томдық шығармалар жинағымды шығаруға жәрдемдесті. Басқа да бірталай ақын жазушыларға қол ұшын беріп, көмегін тигізді. Бұл әдебиетімізге, мәдениетімізге, руханиятымызға жақсылық деп білемін».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *