САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ САРСАҢҒА САЛАДЫ

Құқық
852 Views

Жаз – көңілді демалыс пен саяхат уақыты. Сонымен қатар, толық демалысқа уақыт болмаса да демалыс күндері көлге, өзенге, саябаққа барып, жан-тәніңізді тынықтыруыңызға әбден болады. Жылдың сиқырлы уақыты – жаз жағымды, жанға әсерлі көрінеді. Алайда осы шомылу маусымының алдында, оның өту кезеңінде су нысандарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осы шомылу маусымында қаламыздағы су айдындарында халықтың өлімін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені, соның ішінде үгіт-профилактикалық жұмыстар, бірлескен рейдтер, акциялар өткізу, жергілікті тұрғындар арасынан құтқару бөлімшелері дайындаған адамдарды қоғамдық құтқарушылар ретінде тарту, сондай-ақ, тағы басқа да бірқатар алдын алу іс-шаралары қарастырылғаны баршамызға белгілі. Осыған орай Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің қатысуымен қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дала-орман өрттерінің алдын алу бойынша атқарылған істері туралы баспасөз брифингі өтті.

Қазірде Шымкент қаласының аумағында төрт өзен, төрт су қоймасы, бес тоған және аквасаябақтар, саяжайлар, тағы басқа сынды 22 демалыс орны бар. Елімізге белгілі үшінші ірі мегаполисте шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасын табатын болады.

Бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, су айдындарының жанында балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы – судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері болып саналады.

«Ағымдағы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында қала аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Өткен жылы осы мерзімде Шымкент шаһарында төрт оқиға орын алып, екі жас бала суға батып, ажал құшқан еді.

Су айдындарында келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерімен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Оған ерікті студенттер, жергілікті полиция қызметкерлері тартылған. Жедел-құтқару жасағының жеке құрамы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында қызмет атқарудың күшейтілген режимінде жұмыс жасауда», – деді Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары, жедел-құтқару жасақтың басшысы Орынбасар Құлманбетұлы Төртбаев. Сондай-ақ ол болуы мүмкін орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 18, жергілікті автомобиль жолдарының бойында 88,2, орман қоры жерлерінде 530 және егістік алқаптарында 400 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілгенін де айтып өтті.

«Атқарылған тынымсыз жұмыстарға қарамастан ауа райының тым ыстық болуына байланысты биылғы өрт қауіпті кезең басталғалы қала аумағында екі бидай өрті тіркеліп, жалпы көлемі 24 гектарды құрады. Материалдық шығын төрт миллион теңгенің шамасында. Дала алқаптарында жалпы төрт жану жағдайлары орын алып, тілсіз жау 30 гектарды шарпыды», – деген Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті зілзалаларды азайту және азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Шірінбекұлы Ізбасаров қуанышқа орай зардап шеккендер жоқ екенін де алға тартты.

Иә, жазда өрт қауіпсіздігі секілді аса өткір де өзекті мәселе – әрбір адам үшін өте маңызды болып табылады. Жылдың ең ыстық мезгілінде табиғатта және үй-жайда өрттің туындау ықтималдығы артып, адамдарға өз іс-әрекетіне ұқыптылық пен тиянақтылық таныту негізінде қосымша талаптар қажеттілігі туындайды. Қарапайым ғана абайсыздық салдарынан бірнеше шақырымды алып жатқан аумақтарда орман өрттерінің орын алып, жабайы жануарлардың және азаматтардың қаза болуының себебі артады. Жаз мезгіліндегі тәртіп ережелерін сақтай отырып, Сіз өзіңізді, қасыңыздағы адамдарды және табиғатты қиындықтардан, тосыннан келетін қауіптерден, апаттардан құтқарасыз. Әрбір ісімізге мұқият жауапкершілікпен қарап, ұқыпты болайық, ағайын!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *