САНҚЫРЛЫ ӨНЕР ИЕСІ

Әдебиет
1 920 Views

САНҚЫРЛЫ ӨНЕР ИЕСІ

 

Асқар Смайылұлы Мамырбаев 1957 жылы 18 ақпанда Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінің Ақтөбе ауылдық округіндегі Қаратөбе ауылында жарық дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының сәулетшілер дайындайтын факультетін бітірген. Шымкенттегі «Южгорсельпроект» жобалау институтында сәулетші, сәулетшілер тобының жетекшісі, Еңбекші ауданының сәулетшісі, қалалық сәулет басқармасының бөлім бастығы, қалалық әкімдіктің қала дизайны басқармасының бастығы, қаланың бас сәулетшісінің орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және аумақтарда құрылыс салу басқармасында бас маман қызмет істеді.

Шығармашылық жұмыстарына тоқталатын болсақ, Шымкенттің Ғани Ильяев көшесіндегі тұрғын үйдің, «Отырар» шағынауданы жобасының, «Жайлау» мүсіндік композициясының, «Қиял әлемі» техносаябағының, боулинг орталығының, Тимирязев көшесіндегі сауда-демалыс орталығының, қала мен облыс эмблемаларының, Абай атындағы саябақтағы Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіштің, Түркістандағы туристік орталықтың, жаяу жүргіншілер көшесінің, Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылындағы мешіттің авторы. Ол сонымен қатар авторлық топтың құрамында Шымкенттегі Ғани Мұратбаев атындағы балалар теміржолының, шығармашылық қызметкерлері үйінің, «Қасірет» мемориалдық кешенінің, «Сарыағаш» шипажайындағы емдеу-сауықтыру кешенінің, «Ордабасы», «Аңырақай» мемориалдық кешенінің жобасын жасауға қатысты.

Ол Бүкілодақтық Лениншіл Жастар Одағы Орталық Комитетінің және Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жастардың Бүкілодақтық ғылыми техникалық байқауының лауреаты. Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты. Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы.

Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баяндалған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру барысында жер-жерде көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асырылуда. «Туған жерге туыңды тік!» қағидатын берік ұстанған сан қырлы өнер иесі, ақын, сазгер, сәулеткер Асқар Мамырбаев өзі туып-өскен, балғын балалық шағы өткен саялы Сарыағаш ауданына қарасты киелі Келес өңіріндегі кешегі Ғани Мұратбаев атындағы кеңшарға, бүгінгі Ақтөбе ауылдық округіне ат басын бұрып, өзінің асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойын дүрілдетіп өткізді. Оған алыс-жақыннан келген жанашыр тілеулестері көптеп жиналды.

Мерейтойға қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне орнатылған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Кейіннен Кеңес Одағының Батыры Ілесбек Жолдасов атындағы жалпы орта мектебіне барып, ондағы мұражаймен танысты. Сәулет өнерінің өрелі басшысы Асқар Мамырбаев жарық дүниеге келген Қаратөбе ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген Қаныш Сәтбаев атындағы №92 жалпы орта мектебінде «Туған жер – алтын бесігім!» атты мерейтойлық салтанат өткізілді. Білім ордасына есімі егемен елімізге танымал сәулеткердің Шымкент пен Түркістан қалаларындағы сәулет өнері туындылары бедерленіпті. Мектептің мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Жиналған жұртшылық назарына сан қырлы өнер иесі жайында бейнефильм ұсынылды.

Алғаш болып құттықтау сөз алған Ақтөбе ауылының әкімдігінің өкілдері мерейтой иесіне Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жауып, картина сыйлады. Айтулы асаба, мәдениет майталманы Асқар Әлихан жүргізген әдеби-сазды кеш өте әсерлі өткенімен есте қалды. Хан қызындай Ханбибі апамыз бен Ақшагүл Рамазанова, сондай-ақ Әмзе Қалмырзаұлы, Сабырбек Тұрлыбек тәрізді ақындар мерейтой иесіне деген өздерінің ақ тілектерін арнау өлеңдерімен өрнектеді. Захардин Қыстаубайұлы, Сарманбай Исақ, Сәрсен Бек Сахабат, Момбек Әбдіәкім секілді қаламгерлер ізгі ниетке толы жүрекжарды сөздерін жарыса жеткізді. Әншілер – Марат Омаров, Құралай Сәтмұхамбетова, Айнұр Әубәкірова, Сәуле Райымбекова, Нышан Төлегенов, Сейіткәрім Нұранов, Әліпбай Нақыпбеков әуелетіп ән салды. Жергілікті өнерпаздар да аянып қалмады. Әсіресе, жарыса өлең оқыған мектеп шәкірттерінің өнеріне ерекше сүйсіндік.

Он саусағынан өнері тамған мерейтой иесі Асқар Мамырбаев өз сөзінде алыс-жақыннан келген қадірменді қонақтарға деген шынайы алғыс сезімін жеткізді. Осылайша шалғайда жүрсе де өзінің туған елін, кіндік кескен жерін, ағайын-туыс, дос-жаранын ұмытпаған атпал азаматтың бұл іс-әрекетіне қалайша риза болмассың. Біз осындай керемет кештің өскелең жас ұрпақ үшін тәлім-тәрбиелік мәні зор болды деген ойдамыз.

 

*   *   *

Жазушы-журналистер – Сабырбек Олжабай, Атанбек Наурыз, Мұхтар Шерім де өздерінің асқаралы алпыс жасын атап өтті. Біз қуаныш иелерінің бәрін осынау айтулы мерейтойларымен шынайы құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *