ЖЕР ЖҮРЕГІ

Әдебиет
664 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

– Жақсы, тәуірмін. Жолға әзірлеп жатыр.

– Бірдеңе қажет болса айтыңыз. Жақан Сарбасович те соны сұрап жатыр. Сіздің орныңыз бөлек екен. Сіз болмай көп таяқ жейтін болдық. Кеше коллегияда сөгіс беріп, әбден ұрыс естідім.

– Неге? Не болып қалды сонша?

– Сіз кеткелі қанша жерге экспедиция жіберіп жатсақ та бірде-бір нәтиже жоқ, кен орнын таба алмай әбден шаршадық. Басшылар мені сыбап, сөгістен-сөгіс беріп жатыр, еститінім ұрыс. «Ғалымжан Жартыбаев болса қазір табыс мұнша болар еді», – деп Сізді мақтайды. Қолымда не бар, жаңа-жаңа үйреніп жүрмін. Ғалымжан Жартыбаевич, сізге үлкен өтінішпен келдім. Мына жаман ініңізді құтқарыңыз, анау өзіңіз жасаған карталарыңызды бере тұрыңыз. Сіз келгенше біраз іс тындырып тастайық. Сізге бар жағдайды айт деп Райхан Мәженоваға табыстағанмын. Сізден сұраймын, өтінемін. Біздің компания жылдық жоспарды орындай алмай қалса ұят сіз бен бізге тиеді ғой, – деп орынбасары әкелеп-көкелеп қандалаша қадалып барады.

– Менде қазір ештеңе жоқ. Жылдар бойы азып-тозып иен дала, тау-тасты қайыршыдай адақтап кезіп жүріп азаппен тауып, схемаға түсірген ол еңбегімді өзгенің қолына бере алмаймын. Сеулде ұзаса екі-үш апта ғана болады екенмін, қайтып келген соң екеуміз кең отырып, картадан зерттейтін мекен-жайларды белгілейтін боламыз, – деп төтесінен әңгіме бітті дегендей түрін суытты.

Үсті-басын қаққыштаған боп орнынан тұрған бойы:

– Жақан Сарбасовтың сәлемі еді бұл. Әлі келемін ғой, тез сауығып кетіңіз. Бүкіл компания, министрліктер сізді асыға күтіп отыр, – деп орынбасары шығып кетті.

Ол кезекші дәрігерге кіріп, мұның денсаулығын сұрап, бәрін біліпті. Медбике қыз қасында болып, тәптіштеп айтып келді.

Биік мансаптың ләззаты, рахат буы бар. Мансап – алтын тақ секілді. Оған отырған жан әмірлі, бәрі дәрежеңе бас иіп, жасқанып тұрады. Бір ауыз сөзі, әуелі ишара, көзқарасыңның өзі-ақ талай-талай мәселені шешіп тастайды. «Қолында билік барға қолпаштаушы көп» дейтіні сол. Қуат-күшің, қызмет дәрежең барда бәрі елпектеп, қоғаша жапырылады. Бастық болу – бұл көпке бұйыра бермейтін тәтті арман, нағыз бақытты шақ, кім-көрінгенге жалын сипата бермейтін бақ.

Жыланкөз Бармақов жиналыста:

– Жартыбаев үш ай ауруханадан кейін пенсияға кетеді, білесіңдер. Оған міне жарты ай ғана қалды, соның кадрымын деп кеуде керуді қойыңдар, – деп сұқ саусағын аспанға безеп, шегір көзін Райханға қадап, суырша шаңқылдапты.

Бобров берген карта – бұл өмірінің бағдаршамы, компасы, асыл қазына. Оны Райхан арқылы алып, әйеліне тыққызып тастады. Жыланкөз орынбасары мұның орнынан қатты дәмелі. Екпіндеп, кеудесіне жел бітіп, мұның қойған адамдарын қан қақсатып, қудалап, экспедициядағы геолог-барлаушыларға тіпті қадалып алыпты. «Жаңа кен орнын іздеп таппасаңдар, бәріңді жұмыстан шығарып, басқа команда жасақтаймын. Сендер әдейі таппай, жасырып жүрсіңдер. Бәрін білемін, сендердің арамза қылықтарыңды», – деп зәрленіп, қырланып қырып кете жаздап, министр көкесіне арқаланып, бастық өзі болатынына Құдайдай сеніп жүрсе керек.

Өткен аптада болған үлкен жаңалық Министр көкелері орталықтағы бір өнеркәсіпті ірі облысқа әкім болып, орнына Ғалымжанның курстасы Жақан Сарбасов тағайындалып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ғалымжанға уәде етіп жүрген орынбасарлығына мұнай-газ барлау орталығының бас директоры ақбұйра шашын дудыратып жүретін егде кісі бекітілгенін естіп, іштен тынды. Міне, төсек тартып жатқанына да үш ай болды. Жақан Сарбасов келмек тұрмақ бір рет телефон шалып, хабарласпады да. Енді көкесі екеуі қайта-қайта Бармақовты жұмсап, бұл тірі кезінде карта, құжаттарын алып қалайық деп жанталасқандары несі? Беті бері қарамайтындығын, үш ай ғана өмірі қалғанын айтып, ауырып түскен сәтте бұл өзі Жақанға кешке үйіне хабарласып айтқан-ды. Міне, содан бері тым-тырыс. Министр болғанымен құттықтап СМС жазып жіберді, ешбір телефон көтермейді. Олар бәрі мұның ғұмыры таусылды, бітті, өшті деп отыр ғой. Тоқсан күн ауруханада жатсаң ары қарай жұмысқа жарамайды деп, біржола зейнеткерлікке шығарып жіберетін заң бар. Бармақов соны меңзеп, креслосынан дәметіп, алып-ұшып жүр. Жақан мен көкесі мұның жаман ауру екенін біліп, бір сәтте үміт үзіп, ойша көрге тығып қойды. Ау, сонда бұл жанын жалдап министрліктің атын дүрілдетіп, қаншама ен-байлық тапты. Көкесі мен Жақан екеуінің әрқайсысының оффшордағы шотына он миллионнан доллар құйды. Осының бәрі – Жартыбаевтың жанкешті ісі мен ақылы, алғырлығы мен білгірлігі. Барлық жұмысты ыждаһатпен, жымын білдірмей, жоғарыдағыларға сөз келтірмей күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, бүкіл қазақ даласын кезіп жүріп өзі тапқан олжасын теңдей етіп, үшеуіне бөліп отырды. Осындай шаш етектен келетін көл-көсір байлықты бірігіп үшеуміз ғана тауып, атқардық деп өтірік қағаз толтырып, атақ-даңққа аналар да ие болып жүрді.

Олар мұның емделіп, сауығып шығатынына түк сенбейді. Өйткені, бұл дерттен беті бері қараған, жазылған жан жоқ. Әлем ғалымдары мұның емін таба алмай бас қатыруда. Ал, ракқа ұшырағандар кәрі-жас демей күрт өршіп, әлемді жайлап, жайпап барады.

Жұмысы дүрілдеп жүріп тұрғанда бәрі «Ғалеке» деп маза бермеуші еді, кәріп боп жатқалы бұл бейбақты ешкім іздемейді де.

Байқап қараса бұл әйелі, қызы, шешесіне бар ғана және анда Райханжанына ғана қажет болып қалыпты. Төңірегінде сапырылысып, бұған жолыққанына, амандасқанына мәз болып жүретін дос-жарандарының бәрі ізім-қайым жоқ. Өйткені, енді өлім күтіп жатқан бұл оларға қажет емес, керектен қалған бір зат секілді ме қалай?!

Бір қайғы бір қайғыны қозғап, Ғалымжан ойға батты.

«Беу, адамзат! Төрт мүшең сап-сау, ауру-сырқау дегеннен ада-күде сендер қандай бақыттысыңдар!

Ей, айналайын адамдар! Қара жерді екі аяғыңмен тік басып, әр шығар күнді аман-сау қарсы алғандарыңа шүкіршілік етіңдер. Көбіміз асқақтап, тәкаппарланып, қатыгезденіп, қиянатшыл қараниеттеніп барамыз. Ата-баба, әке-шешелерден мирас болып қалған асыл қасиет – ізгілік пен жақсылыққа ұмтылып, тәубешілік етіп ғұмыр кешу – дәуренсал мақсатымыз емес пе?

Ау, әлеумет! Бастарыңа қонған бақты үркітіп алмай, мына ғапыл ғұмырда қонақ екендеріңді еске алып, тәтті, сәтті осы күндерді аялаңдар!

Мынау аты жаман қарғыс атқыр дертке ұшырап, екі көзді төбеге қадап, тұра алмай, жүре алмай кәріп болып қалу – қандай қасірет десеңізші?! Көздерін мұң, кеудесін шер басқан сол сырқат мүсәпір мұңлықтар анау көшеде жадырап, жайраң қағып жүрген жандардың шат үндерін естіп: «Шіркін-ай, солардың қатарына қосылар күн болар ма екен?» – деп шерленеді.

Ғалымжан көзін ашып алып, жан-жағына қарады. Самолеттегі жанындағылардың бәрі маужырап ұйқыға кеткен. Бір шетінде шаршаған әйелі, ал сол жағында медбике. Екеуі де қалың ұйқыда. Иә, түні бойы қарбаласып көз ілмей әбден титықтады ғой. Айнаш қабағын шытып алыпты, ал медсестра қасын кере ұйықтап әдемі жымиып қалған. Жас кезде бәрі көркем, жарасымды-ау… Осы үлбіреген медбике қыз қолы босаса болды мұның палатасына келіп, жансызданып қалған екі аяғын кезек-кезек уқалайтын. «Ағажан, әлі-ақ жүріп кетесіз, талай қыз-келіншектер көзін сүзіп қалатын боласыз», – деп ып-ыстық жұмсақ алақанымен екі аяғын өрге қарай ысыра сылап-сипап, тізеден жоғарылағанда қарадай қысылады. Қыздың да бетінен қызыл арай білініп, сыңғырлай күліп: «Инвестор ағай, денеңіз қандай әппақ қардай, көресіз Кореядан келгеннен кейін Алматының ең сұлу серісі сіз боласыз. Көшеде келе жатқанда тоқсан қыз тұрып, жетпіс қыз жатып Сіздің жүріс-тұрысыңызға ғашық болып қарап қалатын болады», – деп тәтті әзілімен сылқ-сылқ күле әлдилегенде жаны жайланып, рахат күй кешеді. Жүрегі алғысқа толып кеткен ол жас қыздың әппақ халатының қалтасына дайындап қойған бума теңгесін сүңгітіп жібереді. Медбике қыз қысыла қызарып, іштей мәз-мейрам болып: «Инвестор ағай, не керек болса айтарсыз. Мен осындамын» – деп жадырап, жайнап шығып кеткенде палатада әдемі әсер, жағымды жұпар иіс көпке дейін тұнып тұрады. Осы бір сүйкімді қыз айтқанын екі етпей әзіл-қалжыңымен, уыз күлкісімен, қылықты мінезімен мұны әлдилеп баурап алды. Ол кезекшілікте болғанда көңілі көтеріліп, қызу-қызу әңгімелесіп, сырын айтып, әзілдеп күлісіп, ортақ тіл тауып шырайланып шыға келетін әдет тапты. Бір сәт ауру екенін де ұмытып қалады. Қыз не айтса да, «Инвестор ағай» құп деп орындайды. Ауруханаға телевизор, кондиционер орнатты. Осы бөлімдегі барлық медиктерге арнап ақ халат, әдемі қалпақ тіккізді, қажетті заттар сатып әперді. Бәрін алдыртқан осы қыздың өтініші, бәрі мұны «Инвестор ағай» деп атап кетті. Тек беті мыж-мыж кәріс онколог дәрігер:

– Сіз ештеңе ешкімге бермеңіз. Бізде бәрі жеткілікті, – деп қатқыл даусымен бір-екі мәрте ескертсе де, өзі үзіліп тұрған әдемі, мінезі де жұмсақ медбикеге «Палатаға, бөлімге не керек, ұялмай айт, Сан Санычке білдірмей бәрін алдыртамын» – деп өзі ықыластанады. Мың бұралған құлпырған медбике гүлдей жайнап, «Инвестор ағажан» деп қойып бүкіл денесін сылап-сипап, уқалап құрыс-тырысын жазып, аққала маржандай тістері көріне қалып сыңғырлай күлгенде төсекте таңылып жатқан ұсқынын ұмытып бұл да жарқырай бірге күледі. Қыздың жымиғанда оң жақ бетіне үйіріле қалатын әдемі нәзік шұңқыры тіпті әсемдендіріп жібереді. Әлде бұған солай көріне ме? Жоқ, сирек ұшырасатын құбылыс.

– Ақыл шұңқырыңнан бір сүйгізші? – дейді бұл оған.

– Ол не дегеніңіз, Инвестор ағай? – деп қыз таңырқап қарап қалады.

– Мына бетіңде күлгенде, көңілденгенде пайда болатын ойықты мен «Ақыл шұңқыры» деп атаймын енді – дегенде медбике одан әрмен сыңғырлаған күлкіге көміледі. – Келіңіз, ол сіз үшін шынайы «зәруілік» болса, деп нәзік иіліп, бетін тақайды. Самай жағынан қымбат әтірдің иісі білінеді, сондай бір сүйкіммен сүйгізеді.

– Ой, Инвестор ағай ойлап таппайтыныңыз жоқ Сіздің – деп еркелеп назданады. Екі жанарын төңкере күлімдей қарағаны қандай шіркін?!

Дар алдында да, көр алдында да тірі жанның сезімі жойылмайды.

Әсемдікті, әдемілікті көре бергің, сезе бергің келеді. Бұл медбике массаж жасағанда, бүгіліп дәрі еккенде тіп-тік екі анары ақ халатының астынан ұшып шығар бөденедей дір-дір етіп бұлықсып тұрады. Палатада ешкім жоқ кезде ақыл-шұңқырынан шөп етіп сүйіп алған сәтте мың-миллион қатып қалған жүйке тамырлары атой салып, көз жанарына от тұтанады.

Үш ай бойы осы бір қылықты қыздың наз-еркесіне қызығып, кейіннен ынтығып жүретін әдет тапты. Анда-мұнда бойжеткеннің әр-әр жерін сипалап, аялап қоятын әдеті бар.

– Ағажан, біреу-міреу көріп қойса ұят қой! – деп қылымси қызарып ұялғанының өзі қандай!

Осы сапарға Сан Санычтан бұл қызды күтуші етіп әзер сұрап алды. Алдында басқа дәрігерді қосып бермек еді, кейін әйтеуір әрең көнді.

Ағасының қаржысымен самолетпен сайраңдап сонау Кореяға барып қайту көңілі алып-ұшып тұрған жас, бұла қыз үшін өз-өзінен келген дап-дайын олжа ғой.

– Ақ кептерім-ау, Сеулден келген соң бар тілегіңді орындаймын! – деп еді, қыз шаттанып кетті.

– Инвестор ағажан, бар тілегімді емес бір ғана тілегімді орындаймын деңізші – деп құлағына ернін тигізе ыстық демін шарпыта айтқанда:

– Орындаймын, жаным! Сендей ақ періштемнің тілегін орындау – маған бақыт қой! – дегенде қыз мұның құрғап, кеуіп кеткен екі бетінен шөпілдете сүйіп-сүйіп алды.

– Сенің үйің жоқ екенін білем ғой, жаңа пәтер сатып әперемін! – деген кеше ғана. Осыны естіген медсестра екі беті алаулап ұшып-қонып, қауынша жарылардай қуанып жүр.

Міне, әйелі де, медсестра қыз да екеуі екі жағында қолдары салбырап, бастарын қисайта креслоға шалқая жатып, ұйқы ұйығына шым батып кеткен.

Ғалымжан енді бұйырса екі-үш аптадан кейін тік тұрып, сауығып кететінін көз алдына елестетіп, бойы жеңілдеп, дәмелі ойға маужырап, екі көзін жұмып, самолеттің бірқалыпты гүріл үніне құлағын тосып отырып, көзі ілініп кетті.

* * *

Қабат-қабат ақбура бұлттардың үстінде қолдарын қанатша қалықтатып ұшып жүр екен дейді, кенет дік етіп қара жерге тік түсті.

Оң жақ иығынан әппақ қанатын желбіретіп ұшып шыққан түр-тұлғасы ғажап бір бейне әдемі қоңыр майда дауыспен:

– Жаналғыш Әзірейіл! Сіз бұл Жартыбай баласы Ғалымжан мүмінге әзір келмей-ақ қойыңыз. Мен бұл пенденің көзқағар қорғаушы Періштесімін – дегенде қарлы боран орнатып, аспаннан кеспірінен адам шошитын қап-қара көзі от шашқан құбыжық гүр ете түсті. Сол жағынан ол аузынан от шашып, көзі қанталап бұған тап-тап беріп:

– Жаныңды алуға келдім. Кәлимаға тіліңді келтір, – деді гүжілдеп.

Адамзат атаулыға ажал әкелетін Әзірейілмін. Артық-ауыс кінәсі мен күнәсі көптерді, қисық-қыңырлардың жанын алып, жерден тазартып тұрамын. Ей, Ғалымжан мүсәпір, сенің ғұмырың таусылды, өмірің тоқтады, – деп кесіп айтты.

Періште екі ақ қанатын желбіретіп ұшып шығып:

– Әзірейіл! Бұл пақырыңыз небары қырық бес жас қана жасады, тым жас. Кіндігінен ұлы да жоқ, өзі де қу жалғыз еді. Қыршынынан қиылардай ауыр күнә арқаламады. Тоқсан күн бойы төсекке таңылып сал болып, белден төмен жағы істемей жатқанының өзі азап пен тозақ емес пе? Неге үзіліп кете бермек? Неге жанын алуға асығып жеттің? Неге?

Әзірейілдің аузынан жын шашырады:

– Мұның үкімі – өлім! Ал, тыңда Періште, бұл пенденің кінәлары мен күнәсі басынан асып кеткен. Ең сұмдығы Арқадағы жабалақ терісі білеуленіп кеткен денесі тарғыл-тарғыл жеті кеншіні алып кетіп, емдетемін деген уәдесін орындамады. Былтыр қыста үшеуі жерленді. Қалған төртеуінің екі көзі төрт болып мұны күткелі бес жыл өтті. Бұл бармады да, есіне де алмады, мүлде ұмытты. Адам өмірі – ойыншық болып, кеудесін мансап басты, екі көзін байлық бітеді. Тіпті мұны ұшпаққа шығарған Бобров деген оқымыстының жалғыз ұлын тәрбиелеймін деп уәде беріп, ол аманатты да орындамай қойды.

Ақ қанат Періштесі шыр-пыры шығып, араша түсті:

– Осы сапардан жазылып оралған соң, бұл екі аманатты да дереу орындайды. Үш ай бойы жартастай қатып қозғала алмай сіресіп жатқанда бәрін безбендеп, обал мен сауап жайлы толғанып, күпірлік еткеніне күңіреніп, енді жазылса кеткен кемшіліктерінің бәрін орындаймын деп Алладан кешірім сұраумен болды. Бәрін ұқты, көкейінен кетпей жалынып-жалбарынуда бұл мүсәпір.

– Сен періште жақсылап тыңдап ал. Бұл Ғалымжан деген күнәһар бақсы кемпірді жер-жебіріне жетіп тілдеп, құртам, жоям депті. Жаратқан Ием алты басты қаранар ібілісті – тілі келмейтіндер каранавирус дегенді жердің астынан шығармай дуалап ұстап отыруға жіберген ол күзетші-әулие. Шудың суымен уын басып, ұйықтап жатқан ол оянып сыртқа шықса жер бетіндегі адамзат атаулыға у демін шашып, емі табылмай қырып-жоюға кіріседі. Әуелі бақсы кемпір өкпелеп, қайта аспанға ұшып кеткелі жатыр, ал алты басты қаранар ібіліс көп ұзамай оянып, у-зәрін шашып, бүкіл елді бір тарының қауызына сидырып, тобасына келтіріп, қынадай қыра бастайды. Әлемет алапат нәубет келіп, шұбырған халық қорқыныштан үйлеріне тығылып, шыға алмай зар болады. Пенделеріміздің күнәлары көп, өте көп. Ынсап пен ұятты, адамдықты ұмытты.

Ал, мына Ғалымжан да байлыққа қолын шеңгелдей салып, көзі шелденіп, ештеңені көрмей, менсінбей, тәкәппарланды. Тіпті әкесі мен ата-бабалары жатқан жерді қоршатуды, құран оқытуды, құрбан шаламын дегенін де орындамай кетті. Туған ауылына мешіт саламын деп еді, оны да аяқсыз қалдырды. Ағайын-туған, ел-жұртына еш шапағаты болмады, ауылына бармағалы қанша болды? Жаратқан Ием бұған мұрагер ұл бермек болып тоқалы Райханға рахымы түсіп, жүкті етті. Ал, мына қаныпезер Ғалымжан күнәһар өз ұлын өзі шарана күйінде өлтіріп, алдыртып тастады. Бұдан өткен сұрқиялық бола ма? Бұған үкім – ажал! Бүкіл жиған-терген байлығы шетелде. Бар қазына қаржысын жат жұрт, бөтен елге жасырып тығып ұстап отыр. Енді оның қызығын шетелдіктер көреді, алқынып-жұлқынып жинаған байлығы өзіне түк бұйырмай, басқа ел судай шашады. Әуелі сол қазынасынан әйеліне, қызына, тоқалына да түк жазып қалдырмай, айтпай нейбет қалдырып барады. Айта берсе күнәсі мен кінәсі, қылмысы мен қырсығы өте көп. Маған көлденең тұрма, жанын алып кетейін!

Мына құдіретті қара, Ғалымжан қара жерді екі аяғымен тік басып тұр. Екі аяғы да, бүкіл денесі түгел сау секілді. Иә, мынау өзі туып-өскен ауылы, міне, әкесі мен ата-бабалары бейіттері жатқан жота үстінде тұр.

Ақ қанат Періште шырылдап:

– Бұл пендеңіздің шыбын жанын қия көріңіз. Ең құрыса бір-екі жыл өмір сүруге мұрсат беріңіз. Сынайық, көрейік.

Әзірейіл күндей күркіреп, найзағайдай от-жалынымен аспанды жарқ-жұрқ тілгілеп тастады.

– Періште! Үкім біреу. Бұл пендең – байлыққа құнығып, адамзатты құртып, жерді жоятын жойқын күш – улы кен уранды өте көп тауып берген күнәһар. Күллі тірі тіршілік, адамзат алдында, бәріне күш-қуат берген қара жер алдында – қылмысы өте ауыр. Оны ешкім ақтап ала алмайды. Тажал тапқан бұл жанға – ажал!

Ақ қанат періште кішірейіп-кішірейіп ақ көбелекке айналып ақ сағымға сіңіп, зеңгір көкке ұшып кетті…

Ғалымжан тіп-тік тұрған қалпы жерге тізесіне, одан беліне шейін, омырауына дейін сіңіп, ата-бабалары жатқан қасиетті туған жерінің топырағына кіріп бара жатты.

– Мә, балам кеудеңе қойып жат! Мәңгілікке сенімен бірге болады бұл қасиетті, киелі өзіңнің кіндік қаның тамған туған жеріңнің топырағы – деп Жартыбай әкесі қос уыс шым топырағын ұстата берді. Жусанның керемет иісін ақ самал желбіретіп алып кеп тұр…

Анау туған ауылы… мынау әке-шешесінің қара шаңырағы… Өзі өскен үй… Күнге қолын көлегейлеп бір кемпір қарап тұр… Ойпырм-ау, бұл өзінің шешесі – қаракемпір ғой…

Құлағына іңгәлаған бөпенің дауысы естілді. Анадай жерде жаңа туған сәби шыр-шыр жылап жатты…

– Үмітім босанған ба, япыр-ау – деп таңданып еді.

– Жоқ. Бұл қырық бес жыл бұрын кеудесіне жан кіріп, дүние есігін тұңғыш ашқан Ғалымжан Жартыбайұлы – деген құлағына сыбыр естілді.

Қызылшақа бөпе жарық дүниеге келгенін білдіріп, шар-шар жылап жатты.

Ассалаумағалейкум, жарық дүние?!

* * *

Зірк-зірк етіп самолет доңғалағы жерге тиісімен зырлай жөнеліп барып-барып тоқтады да, ішіндегі шамдар самаладай жанды.

Сеул жылап қарсы алды. Аспан асты тұңғиық қаратүнектеніп түнеріп, жылбысқа сірке жауын сіркірей жауып тұр. Жолаушылар орындарынан тұрып, сыртқа шығуға қыбырлай бастады.

– Уһ! Жеттік-ау әйтеуір, – деп әйелі ұйпа-тұйпасы шыққан шашын жөндей түсті.

– Ғалымжан Жартыбаевич! Сеулге келдік! – деп қуанышты үнмен медбике мұны оятуға кірісті. Салбырап қалған жансыз қолын көтеріп, мұздай алақанын ұстай бере шошынып, дереу кеудесіне құлағын қойып, демін тыңдады.

Ғалымжан Жартыбайұлының жанын жеті қат аспанда Әзірейіл алып қалған-ды.

Ақ жауыны себелеген Сеул аэрапортындағы самолетте әйелі мен медбикенің ортасында былқ-сылқ еткен Ғалымжан пенденің құр жансыз тәні ғана жатты.

* * *

Алматыда Үміт қызы босанып, балпанақтай ұл туып, зыр жүгіріп қасында болған қаракемпір әжесі немересіне Ақылжан деп ат қойып, түнімен көз ілмей перзентханада жүрді…

* * *

Жер жүрегі дірілдеп, әлемнің бірнеше аймағында жер сілкінді.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Сәуір – мамыр

2020 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *