Өмірден беймезгіл өткен асыл жар, ардақты ана хақында
Сенсіз өмір өтіп жатыр сырғып ағып,
Шуақты күлкіңді іздейміз сенің сағынып.
Өткен шақпен сөйлеу, жақын болған жанды еске алып, жүректегі сағынышты қағазға түсіру – ең ауыр іс. Бірақ көңілде көмескіленбеген бейне, жүректе өшпеген із барда, мұндай естелікті жазу – парыз секілді. «Сағыну – жүректің үнсіз күрсінісі», – дейді дана халқымыз.
2000 жылдардың басы еді. Ел жақтан жақсы хабар жетті – біздің Асқарымыз, Асқар Садібекұлы Салқымбаев үйленгелі жатыр екен. Бұл қуанышты хабарды естігенде бәріміздің жүрегіміз алып-ұшып қуанып, қызыға сұрастыра бастадық. Сөйтсек, болашақ келініміз Бейсекеңнің Салтанат есімді қызы екен.
Қазақта «Шешесіне қарап қызын ал» немесе «Жар таңдасаң, текті жердің қызын ал» деген аталы сөздер бекер айтылмаған. Салтанаттың әкесі – елге белгілі Бейсенғали Жақанов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты, Ленин, «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, кезінде Үкімет мүшесі болған, республикаға танымал тұлға. «Асыл анадан ақылды қыз туады», – дейді дана халқымыз. Шешесі – Күләш Аралханқызы апамыз да ел-жұртының ардақтысы, он бір бала өсіріп, тәрбиелеген алтын құрсақты ана болатын. Бізге осындай асыл жандармен құда болу бақыты бұйырыпты. Мұның үстіне бәріміз бір ауылданбыз. Жақан әулетімен әкелеріміз, ағаларымыз араласқан ежелден нағашылы-жиенді, сарысүйек құда болған жандар едік.
Асқар мен Салтанаттың отау құруы – екі жастың ғана емес, екі әулеттің үлкен қуанышы болды. Тойымыз да абыроймен өтті. Жас жұбайлар алғашында Алматыда тұрды, кейіннен Асқардың қызметіне байланысты Аягөзге қоныс аударды. Аягөзде тұңғыштары Асылажар дүниеге келді. Атасы мен әжесі немерелерін құшағына алып, меншіктеп бауырына басты. «Жақсы келін – жанұяның ырысы, жақсы жар – өмірдің тынысы» дейді дана халқымыз. Салтанатымыз – жақсы жар, аяулы келін бола білді. Біраз уақыттан кейін ол қаладағы лицейге мұғалім болып қызметке орналасты. Алғашқыда аздап қиналса да көп ұзамай тәжірибе жинап, үздік ұстаздардың қатарына қосылды.
Салтанаттың бір ерекше қасиеті – айналасына шуағын шашып жүретін жайдары мінезі еді. Көп балалы отбасында өскендіктен бе кім білсін, ешкімді жатсынбайтын, адамдармен тез тіл табысқыш, көпшіл жан болды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әріптестерінің сенімінен шыға білді. Осыны байқаған ұстаздар ұжымы оны кәсіподақ комитетінің төрайымы етіп сайлады. Бұл міндетті де абыроймен атқарды. Мұғалімдердің мұң-мұқтажын тыңдап, бас-көз болып, қай мәселеде де алдыңғы шептен табылатын. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» (Бауыржан Момышұлы) Жақсы адам – жан жылуы сияқты қасына барсаң, жүрегің жылынады дегендей әйтеуір әрбір мұғалім үшін шыр-пыры шығып жүгіріп жүргенін байқайтынбыз.
Салтанат ешқашан біреудің сыртынан ғайбат айтпайтын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мұсылман – басқа мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейтін адам», – деген хадисінен де хабары бар еді. Өзін үлкенге қарындас, кішіге әпке, досқа сырлас етіп көрсете білді. Әсіресе лицей директоры Айтқазы Қасымжанов ағасының еңбегін ерекше бағалайтын. Біраз жылдардан кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол кезде мен қалжыңдап:
– Салтушка, осы екпініңмен директор болып кетуің де ғажап емес қой, – деп күлдіріп қоятынмын. Салтанат маған келін емес, туған қызымдай болып кеткен еді. Ол біздің тұңғыш қызымызбен қатарлас. Екеуміз еркін қалжыңдасып, әке мен қыздай сырлас болатынбыз. Өз атасын Сәкеңді «папа» деп еркелететін. Олар бізге қарама-қарсы көшеде тұрды.
Асылажардан кейін Азамат пен Айша атты балапандары дүниеге келді. Үшеуі де лицейді үздік бітірді. Бүгінде Асылажар Алматыдағы медицина университетін үздік тәмамдаған. Азамат Семейдегі медициналық университеттің төртінші курс студенті. Айша болса Семей педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүр.
Асылажар мен Азамат апасы, көп жылдар білікті дәрігер болған медицина саласының ардагері Дания Әбдірашқызы Салқымбай келінінің жолын қуғандарын мақтан тұтады. Біз кейде өзара бас қосқанда екеулері дәрігерлік мамандықты таңдағандарына қарағанда апаларын қатты жақсы көретін сияқты деп әзілдейтінбіз. Ал, Салтанат олардың бойындағы намысшылдық пен әділетсүйгіш қасиеттерін көріп:
– Мына балаларыңыз нағыз өздеріңізге тартқан, – деп қалжыңдайтын.
Бірде математикадан бақылау кезінде Салтанат дайын есептерді Азаматқа апарып берсе, ол:
– Келесіде әкелсеңіз, сыныптан шығып кетемін! – деп қағазды кері лақтырып, аналық жанашырлықты намыспен жеңген екен.
Айша бірде аудандық олимпиадада бірінші орын алған. Біреулер:
– Мамасының көмегімен алған ғой, – деп күңкілдегенде қызымыз сол сөзге намыстанып, ауданнан арнайы комиссия шақыртып, әділдікпен жеңгенін дәлелдеп шыққанын айтып, күліп айтып отырушы еді жарықтық. «Жақсы адам – күндей, барлығына жарық шашады», – дегендей.
Салтанат – «Қай істі қолға алса, соңы берекелі болсын» дейтін, пысық, іскер, тиянақты жан болды. Ешкімге ренжігенін, өкпе айтқанын көрмедік. Қайта айналасына нұр төгіп, бар болмысымен шуақ шашып жүретін.
Қайран, Салтанат! Саған өткен шақпен сөз арнаймыз деп ойлап па едік?..
Жақында Асқар хабарласып: – Әкемізге 15 жыл, Салтанатқа 5 жыл болыпты. Ас берейік деп жатырмыз, – дегенде жүрегіміз шым ете түсті.
«Өлгендер қайтып келмейді, бірақ артында із қалдырады» дейді халық даналығы. Менікі бүгін емес – ертең үшін дейді хакім Абай. «Ана – өмірдің шуағы, бала – жүректің жұбанышы», – дейді данышпан қазақ. «Асыл анадан ізгі ұрпақ тарайды», – деген де сөз бар. Ертеңгі күні балалары өсіп, бір-бір үй боп шаңырақ көтергенде келер ұрпақ, немерелері мен шөберелері марқұм Салтанаттай апаларының жақсы жар, абзал ана, ұлағатты ұстаз, аяулы келін болғанын білсін, әрдайым еске алып, сағына айтып жүрсін деген мақсатпен осы естелікті жазуды жөн көрдік.
Осы бір өмірден өткен асыл жанның жарқын бейнесі ағайын-туыс пен оны білетіндердің жүрегінен, лайықты орын алатынына бек сенімдімін. Өзегі өксік дүние-ай, өртеніп іштен тынасың дейсің де тоқтау қыласың. Өлім ақиқат – тіршіліктің сынақ екенін де түсінесің. Ажалды жеңген тіршілік иесінің жоқ екенін де білесің. Білесің де Алладан артының қайыр берекесін сұрайсың. Өлмейтін тірі пенде жоқ, Өмір біреу, өлім хақ деген ақиқатты да мойындайсың. «Жақсының аты өлмейді, Жарқын бейнесі көнермейді» деген сөзге сенгің келеді.
Кәдірбек САЛҚЫМБАЕВ.
Астана қаласы.