ҚОШ БОЛ, АЛМАС АҒА!

Өмір-өзен
509 Views

Мына жалған дүние жаны жайсаң, жақсы адамдармен көрікті. Өзінің қара басының жағдайын емес, көптің қамын ойлайтын, үлкен жүректі, тұлғалы азаматтармен ажарлы. Бірақ өмір – өзен бір орында тұрмайды. Зырлаған уақыт… көзді ашып жұмғанша өтіп, арамыздан жақсыларды жұлып алып кететіні бар.

Айналасына адамдық қасиетімен ғана емес, ағалық ақыл қосып жүретін жанашырлығымен, аңқылдаған ақкөңіл де жайсаң мінезімен шуақ шашып жүретін елге сыйлы болған ел ағасы Алмас Ақылбектің қазасын естіп, көңіл құлазыды. Қарымды қаламгер, ақылдаған ақкөңіл азамат Алмас Ақылбек ағамыз 59 жасына қараған шағында о дүниелік болды.

Облыс журналистикасында қолтаңбасы бар, баспасөз саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Алмас Ақылбектің салаға сіңірген еңбегі көп. Шығармашылық жолын «Жас Алашта» бастаған ол облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейінгі жылдары өзі туып өскен Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінде бас редакторлық еткенін ел ұмытпайды.

Алмас Ақылбектің «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінде өзіндік қолтаңбасы қалды. Қазақта «Өмір бар жерде өлім бар» дейді. Тағдырдың жазуы осы болар. «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақын-жораларына қайғырып, көңіл айтады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *