2021 жылы маусым айында елімізде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды.
Осыған байланысты, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын бастайтын жаңа Әкімшілік сот құрылады.
Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Оқырман назарын кодекстің жаңа қағидаттарының бірі ретінде соттың белсенді рөліне ерекше зейін аударғым келеді. Бұл ретте әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелері мен мәлімдемелері, өтінішхаттарын және олар ұсынған дәлелдемелермен, сондай-ақ әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектелмей, әкімшілік істі заң шеңберінде шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайларды жан-жақты және объективті түрде зерттейді.
Өзінің бұзылған құқықтары туралы сотқа жүгінген кез келген азамат соттан әкімшілік органның әрекет ету заңдылығын анықтау кезінде толық әрі егжей-тегжейлі зерделенуін және сот талқылануы артықшылығын алуына мүмкіндігі бар.
Биылғы шілде айынан бастап өтініш беруші әкімшілік органның тұтас заң бөліміне бұрынғыдай жалғыз қарсы тұрмайтын болады. Судья әкімшілік істің нақты және заңды тараптарына қатысты құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқығы болады. Судья өзінің бастамасы бойынша немесе әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сонымен қатар әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Егер, сот азаматтық соттардағы сот процесінде ұсынылған арыздарды, шағымдарды немесе іс материалдары аясында баяндалған жағдайларды олардың шеңберінен шықпай-ақ зерттесе, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бұл іс-әрекеттермен шектелмейді.
Бұл соттың белсенді рөлінің мәні болып табылады. Аталған жаңашылдық мемлекеттік орган мен жеке тұлға арасындағы даудың тиімді шешілуінің кепілі болады деген сенім мол.
Эльмира КАЛЫМБЕТОВА,
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы