СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ ПАРЫЗ

Қоғам Құқық
1 065 Views

Жемқорлыққа қарсы Заңнамаға енгізілген соңғы жаңашылдықтар сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды қалыптастыруды көздейді.

Сыбайлас жемқорлық – елдің экономикалық дамуын тұралатып, бәсекелестік қабілетін бәсеңдететін әлеуметтік дерт. Оның кең тамыр жаюы – кез-келген қуатты мемлекеттің әлеуетін құлдыратуға қауқарлы. Сондықтан да, соңғы жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға айрықша басымдық беріліп келеді.

Cоңғы екі жыл шеңберінде жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңімен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданып, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге көрілетін жаза түрі қатаңдатылды.

Атап айтсақ, 2019 жылдың 20 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, тікелей бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасағаны үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін қарау мәселесін енгізді.

Заңға енгізілген өзгерістерге орай, саяси мемлекеттік қызметшілер бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндеттелді. Осы Заңнаманың негізінде лауазымды тұлғалар сөз жүзінде емес, іс жүзінде өз ұжымында сыбайлас жемқорлықты болдырмауға және оның алдын алуға жұмылдырылып отыр.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 6 қазаны күні Ел Президенті қол қойған Заңнамадағы толықтыруларға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге және оның отбасы мүшелеріне сыйлық беруге тыйым салу нормасы күшіне енді. Бекітілген жаңа Заңға орай, Азаматтық кодекстің 509-бабы, яғни мемлекеттік қызметшілерге қатысты нормасы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстермен сәйкестендірілді.

Айта кетсек, бұдан былай мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелерінің де жеке және заңды тұлғалар есебінен сыйлықтар мен материалдық сыйақыларды және көрсетілетін қызметтерді (туристік, емдеу-сауықтыру орталықтары және т.б) пайдалануына қатаң тыйым салынды.

Заңнамаға енгізілген бұл толықтырулар өз кезеңінде мемлекеттік қызметшілер арасында парақорлық әрекеттердің туындауына тосқауыл болып қана қоймай, ел азаматтарының пара ұсынғандығы үшін де жазаға тартылатынын қатаң ескертеді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қол қойған Заңда сыбайлас жемқорлық субъектілері болып табылатын лауазымды тұлғалардың ауқымы кеңейтіліп, квазимемлекеттік салаға бақылау күшейтілді. Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілері болып есептеледі.

Айта кетсек, осы күнге дейін мұндай нормалар мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана тиесілі болса, бекітілген Заңның шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа жауаптылардың тізімі артып отыр.

Сондай-ақ, елімізде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан бөлек, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс-қызметтер институты заңды түрде енгізіледі. Яғни, бұдан кейін квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін және бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше жұмыс жасайтын болады.

Заңнамаға енгізілген толықтырулардың тағы бір толқыны – бұл мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар мен оларға теңестірілген лауазымды тұлғалардың өз жақын туыстарымен тікелей бағыныста бола алмайтындығы болып отыр. Жаңа заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің қол астында туған-туыстары, ағайын-бауырлары, жұбайы, құда-жекжаты тікелей тәуелді лауазымды қызметке орналасуына тыйым салынады. Заңға енгізілген бұл түзетудің мүдделер қақтығысынан ерекшелігі – мемлекеттік функцияларды атқаруға ниетті кандидаттар өздері лауазымды атқаруға үміткер ұйымның басшылығына осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.

Жаңа Заңның қатаңдатылған тағы бір тұсы – жедел-іздестіру және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын құқық қорғаушылар тарапынан қандай да бір арандатушылық әрекеттердің орын алуына жол бермеу болып отыр. Бұл бойынша Қылмыстық кодекске «қылмыс жасауға арандату» деген 412-1-бап енгізіліп, бұдан былай лауазымды тұлғалар қылмысты әшкерелеу мақсатында адамды қылмыс жасауға көндіріп, арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Аталған бап тек парақорлықты емес, кез келген қылмыстық құқықбұзушылықтарды қамтиды.

Қылмыс жасауға көндірген құқық қорғаушылар үшін ең төменгі жаза – жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру болып табылса, арандатушылықтың ауыр санатын жасаған құқық қорғаушылар – белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге және 12 жылға бас бостандығынан айырылады.

Заңнамаға енгізілген бұл түзету азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатаң тосқауыл қоюды көздейді.

Сондай-ақ, бұдан былай аталған заңнама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері белгіленді. Бұл шешім өз кезегінде тұрғын үй мәселесін шешу арқылы қызметкерлерге қолайлы жағдай жасаудан бөлек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және жолын кесу үшін де маңызды рөлге ие болып отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 19 желтоқсан күні «Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілерге және пара алу делдалдарына көрілетін жаза түрін қатаңдату арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар жаңа шектеулерді енгізді.

Атап айтсақ, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынып, мерзімінен бұрын босату мәселесіне нүкте қойылды. Мерзімінен бұрын шартты түрде босату – сотталушының бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан мерзімінен бұрын босатылуы, одан әрі жазаның өтелмеген бөлігін тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық бақылауына қойылуы болып табылады.

Бұдан бөлек, аталған Заңда мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары және судьяларға қойылатын талап күшейе түсті. Оларға Заң аясында бірқатар қатаң шектеулер, соның ішінде шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды.

Атап айтсақ, бекітілген Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерді лауазымға тағайындау кезінде оларға шетелдегі шоттарын жабуға 6 ай және жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, елімізден тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріліп отыр. Егер де, мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотын жабудан бас тартса және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.

Сондай-ақ, ерекше өкілеттіліктер берілген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялардың қылмыс жасауы қоғамдық қауіпті туғызуға тікелей ықпал ететіндіктен, оларға көрілетін жаза түрі Қылмыстық кодекстің 361, 364, 365, 366, 369, 370-баптары бойынша айтарлықтай күшейтілді.

Бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялардың 50 АЕК-тен кем пара алуы (138 900 теңгеге дейін) ауырлығы орташа болып саналса, Заңнамадағы өзгерістерге орай, бұдан кейін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы болып саналып, ауыр, ірі және аса ірі мөлшерде пара алған және пара бергендерге барынша қолайлы жағдайда жазасын өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды.

Заңнамаға енгізілген бұл жаңашылдықтар бармақ басты, көз қысты әрекеттерді болдырмау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауды, сол арқылы елімізде парасаттылық қағидатына негізделген адал қоғамды қалыптастыруды көздейді.

Бұл ретте, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі осы Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды негізге ала отырып, әлемдік стандарттарға сай ел аумағында сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес жүргізуді әрі қарай да жалғастыратын болады.

Хаким КУШКАЛИЕВ,

генерал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы

бойынша департаментінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *