Егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисіне айналған Шымкент қаласындағы білім ордалары 2018 жылды жоғары нәтижелермен қорытындылап отыр. Мектептер, колледждер мен балабақшаларда шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында ізденімпаздықпен, жаңаша жұмыс істеп жүрген ұлағатты ұстаздарымыз көбейіп келеді.Солардың арасынан А. С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева ұстазымыз Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Еңбек Ері атанып, Елбасының қолынан жоғары марапат алу бақытына бөленді. Бұл – бір мектептің ғана емес, қалалық білім басқармасының да еселі еңбегінің жемісі іспетті.
Мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін конкурстық негізде жұмысқа қабылдау жүйесі жетілдіріле түсті. Мұнда ең басты критерий – білім мен біліктілік қасиеттері дер едік. Сан түрлі себептермен мектептерде ақша жинау оқиғаларының алдын алып, бірігіп берік тосқауыл қойып отырмыз. Ұстаздар қауымының еңбектері еленіп, олардың айлық жалақы мөлшері артуда. Осы орайда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өтетін ұстаздардың санаттарын өсіру көзделген. Еліміздің Астана, Алматы қалаларында, тіпті шетелдердегі біліктілігін арттыру курстарында оқып, педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру үстінде. Әрине, мұның барлығы жарқын болашағымыз – жастардың терең білім, саналы тәрбие алып шығуларына оң ықпал етері сөзсіз. Біз бұл жетістікке ынтымақ пен бірліктің арқасында қол жеткізіп келеміз. Бұл үрдіс ары қарай да өз жалғасын табатын болады.
Алда Жаңа 2019 жыл табалдырықтан аттағалы тұр. Келер жыл табысты да тағылымды болсын! Шымкент қаласы білім басқармасы және өзімнің атымнан барлық ұстаздар қауымына, шәкірттеріміз бен олардың ата-аналарына мерекелік құттықтау жолдай отырып, еңбектеріне табыс, отбасыларына бақыт тілейміз!
Ақерке АБЫЛАЙХАН,
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы.