Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына биыл 5 жыл толды. Осынау аз ғана уақыт ішінде түркі жұртының атажұрты атанған киелі өңір қарқынды дамып, елеулі өзгеріс орын алды.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының, еңбекқор ел мен басшылардың еңбегі нәтижесінде Түркістан өңірі 5 жылда өркендей түсті.
Мәселен, Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезеңнен бері халық саны 50 мың адамға өсіп, қазір 220 мыңнан асты. Соңғы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 2 трлн. теңгеге ұлғайған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеге жетті. Түркістан облысы құрылғалы бері негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 2,9 трлн. теңгені құрады.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 5 жылдың ішінде 3 есе артып, 350,9 млрд. теңге құрады. Негізгі көппәтерлі үйлердің құрылысы Түркістан қаласында жүргізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап 340 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Талай жалынды жас осында баспаналы болып, армандарына қол жеткізді.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жыл өткен сайын көптеген нысан бой көтеріп жатыр.
Соңғы 5 жылда Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы жаңа әуежай өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін берді. Сондай-ақ шаһарда мәдени және рухани орталықтар, спорт нысандары, теннис орталығы, әкімшілік-іскерлік орталығы жаңа ғимараттармен толықты. Мұз сарайының да ашылатын күні алыс емес. Жалпы 5 жылда 250-ден астам жаңа нысан ел игілігіне берілді. Туристік нысандар көбейді.
Осылайша, 5 жылдың ішінде тарихы тереңде жатқан, күллі түркі xалықтарының өткенінен сыр шертетін киелі мекен Түркістан өзгерген өңірге айналды.
КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР
Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін 2014 – 2021 жылдары аралығында 211 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңартылған болатын.
Жалпы, Кентауға қарасты 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Кезең-кезеңімен осы баспаналарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
2023 жылға Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында, 55 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд. теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда аталған көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен күрделі жөндеуден өтетін болады.
2027 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 4,4 МЛН. ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНБАҚ
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында, облыстық партия филиалының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының таныстырылымы туралы баспасөз мәжілісі өтті.
Брифингте облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партиялық Жол картасының негізгі бағыттарын БАҚ өкілдерінің алдында баяндады.
Жол картасында сайлауалды бағдарламаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара жоспарланған.
Бірінші бағыт «Табысты арттыру» деп аталады.
Қазірдің өзінде «Ауыл аманаты» бойынша облысқа республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 64 ауылдық округтегі 4 000-ға жуық жобаны қолдау көзделуде. Сонымен қатар 75 кооператив таңдалып, несие алушылардың тізімі жасақталуда.
Бүгінгі күнге, ауыл тұрғындарынан 847 өтінім қабылданды, оның ішінде 248 өтінім несие комитетімен мақұлданды, 459 өтінімнің құжаттары қаралу сатысында. Жоба құнына қарай 11 адамның есепшотына 59 млн. теңге аударылды.
«Жер аманаты» бойынша өткен жылы, облыста 1 миллион гектардан астам жер, ортақ жайылымға қайтарылған болатын. Жол картасына сәйкес, 5 жылда 490 мың гектар жерді қайтару қарастырылса, оның 330 мыңы биылға жоспарланған. Бүгінгі күнге, 51,1 мың га жер қайтарылды.
Екінші бағыт «Өмір сапасын арттыру» деп аталады.
2027 жылға дейін, облыста жаңадан 96 мектеп салуға, тозығы жеткен 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге ықпал етілмек.
Медицина саласында 28 жаңа денсаулық сақтау нысанын салуға және ауылдық елді мекендерді медицина саласының мамандарымен қамтуға күш салынады.
Үшінші бағыт «Өмір сүру жағдайларын жақсарту» деп аталады.
2027 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 4,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Тозығы жеткен 271 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар биыл жөндеу жұмыстары басталған Кентау қаласындағы «Жылу орталығындағы» жұмыстар партиялық бақылауға алынды.
Қазірдің өзінде, Энерго орталықтың 8 қазандығын қайта құруға сметалық құжаттама жасалды. Биыл 4 қазандықты қайта құру жоспарланған. Бүгінгі таңға облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, конкурстық шаралар жүргізілуде. Қалған 4 қазандықты қайта құру 2024 жылға жоспарланған.
Облыста 185 мыңға жуық зейнет жасындағы азамат тұрады. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында, алдағы 5 жылда 400-ден астам ардагерге түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілмек.
Сонымен қатар «Кедергісіз келешек!» жобасы бойынша, алдағы 5 жылда 6,7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту көзделген.
Төртінші бағыт «Экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шараларды күшейту» деп аталады.
Бұл жерде газ отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер санын ұлғайту, Түркістан қаласы аумағындағы жасыл белдеуді дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру, Кентау қаласына қарасты елді мекендерді экологиялық аймаққа кіргізу секілді жұмыстар жүргізіледі.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТТЕРІ ЖАҢАРУДА
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Осы ретте Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін аралап, көркейтіп, көгалдандыру мақсатында жауапты мамандарға жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын назарға алды.
Аралау барысында Шолаққорған – Түркістан бағытындағы жол бойында арналасқан «Жасыл белдеу» аумағында болды. Онда отырғызылған тал көшеттерін күтіп-баптау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды бақылап, жауапты мамандарға уақытылы суғарып, дәрілеу жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, биылғы жылы ұлғайтылған «Жасыл белдеу» аумағына қосымша бақша дақылдары егіліп, қоршау жұмыстары толығымен аяқталды. Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару жүйесі енгізілген.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылы, Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан екі қабатты, көп отбасылы тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды назарға алды. Шолаққорған ауылдық округі әкіміне тұрғын үйлердің жоғарғы қабатына қажетті техникаларды дер кезінде жұмылдырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тездетіп аяқтау керектігін ескертті.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ТОЛЫҚ ҚОСЫЛАДЫ
Төлеби ауданы, Ленгір қаласында №3 кәріз тазалау нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Жоба құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Қазіргі таңда 3,8 шақырым траншея қазылып, диаметрі 280 мм құбыр тартылып, нысан басына 4,6 шақырым құбыр жеткізілді.
Жаңа кәріз жүйесіне І мөлтек аудан аумағындағы барлық көпқабатты тұрғын үйлер, коммерциялық нысандар, қызмет көрсету орталықтары қосылып, мәселе түбегейлі шешімін табады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін тазаланған шайынды суды кәріз орналасқан 7 мың текше метрді құрайтын екі фильтрлік алаңға жинақтап, шыққан суды егістік алқаптарына жіберу жоспарлануда.
ТӘУЛІК БОЙЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ
Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығына биыл 30 мамыр мен 10 маусым аралығында 4738 өтініш келіп түсті. Оның 4269-на дер кезінде жауап беріліп, өтініштер мен арыздар оң шешілген.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, оның ішінде, электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамту, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, кәріз құдықшалары мен қоқыс қалдықтарын тазарту, ветеринарлық қызмет көрсету және жол салуға байланысты.
Тұрғындардың мәселелерді жедел жеткізуі мен кері байланысты оңтайландыру бойынша өтініш беру көздерінің аясы кеңейген. Атап айтқанда, азаматтар өтініштерін 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу, «Aikey» мобильді қосымшасы, Telegram-да чат бот, Whatsapp желісі, Instagram және Facebook әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы жолдай алады. Қоңырау қабылдау 5 категория арқылы: кеңес беру, оқиғаға байланысты арыз-шағым, шағым, алғыс және ұсыныс негізінде жүргізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығы – «Ашық әкімдік» және «Халықтық әкімдік» тұжырымдамаларына сәйкес, жергілікті билік пен халық арасындағы үздіксіз байланысты нығайту бойынша жұмыс жүргізетін алаң. Байланыс орталығы тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайды.
ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сайрам ауданының әкімі А.Сәбитов Ақбұлақ ауылдық округінде болды.
Аралау барысында ауылдық округінің әкімі М.Оразбаев нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселесін таныстырды.
Алдымен, спорт ғимаратын салу бойынша ұсынысын жеткізді. Айтуынша, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу мақсатында жұмыс істеп тұрған цехтың жалпы көлемі 0,80 га жер учаскесі «Стамбеков және с» өндірістік кооперативі жеке меншік құқығымен сатып берілген. Аталған цехтың жер учаскесінің құжатын рәсімдеп, 2006 жылы сатылған. 2021 жылы сату-сатып алу келісімшарты негізінде У.Султановтың жеке меншігіне өткен. Мемлекеттен қаржы қаралып, мемлекет мұқтажы үшін сатып алуға жер учаскесінің иесі келісімін берді. Бүгінгі таңда осы жердің 0,24 гектарын мемлекеттің меншігіне қайтарылған. 0,62 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарған жағдайда алдағы уақытта спорт кешенін салу жоспарымен бөлісті.
Мұнан кейін, Мәткерім көшесінде құжатсыз салынған 33 жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыру барысын түсіндірді. Жеке тұрғын үйлер орналасқан жер учаскесі аудан әкімдігінің тиісті қаулысымен 2,5 гектар нысаналы мақсаты жайылымдық жер учаскесі басқа азаматқа берілген. Аталған жер учаскесі аудан әкімінің қаулысымен ауданның арнайы жер қорының құрамына жайылымдық жер телімі ретінде енгізілген.
Сонымен қатар, 4,20 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ретінде шаруа қожалыққа жеке кәсіпкер иеленуіне байланысты, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару бойынша сотқа аудан әкімдігі тарапынан талап арыз беріліп, сотта қаралуда. Аталған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған жағдайда, құжатсыз салынған үйлерді сот арқылы меншік құқығын тануға және спорт алаңшасын салу мүмкіншілігі болады.
Келесі кезекте «Жайлы мектеп» мәселесі талқыланды. Ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысын жүргізу үшін Ә.Тәшімов көшесі бойынан 2,4 гектар жер телімі қарастырылып, шешім шығарылған. Бүгінгі таңда мемлекеттік акт алынып, мектеп салынатын жер телімінің астынан өткен газ құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан ауыз су, электр жарығы, табиғи газ және байланыс желісімен қамту бойынша техникалық шарттары әзірленуде.
Жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті тұрғындарының арызы бойынша «Ниетім-Н» ЖШС түзген келісімшартының пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарын зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық жауапты мекемелер тарапынан жұмыс тобы құрылды. Аталған нысан өз жұмысын 2015 жылы бастаған. Жұмысшы топ құрамымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шекарасы анықталып, құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделгені анықталған. Алайда, 20-25 метр тереңдікте қазылғандығына байланысты арнайы маманның қызметі арқылы алдағы уақытта зерделеу жұмыстары жоспарлануда.
Жерге қатысты мәселелер тыңдалған соң, аудан әкімі ауыл әкімі және аудандық жер қатынастары бөліміне жер мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІН АЛУДЫҢ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?
Сауран аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 қазандағы №151 шешiмiне сәйкес, аз қамтылған отбасыларға, тұрақты тіркелген және жеке, жалғыз тұрғын үйінде тұратын не аудан қорынан пәтер жалдайтын азаматтар тұрғын үй көмегін алуға болады.
Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 10 (он) пайыз мөлшерінде Онлайн тұрғын үй көмегіне өтініш беру.
Еgov.kz электронды порталы (https://egov.kz/cms/kk/services/pass672_mir) арқылы өтініш беруге болады. Өтінішке келесі құжаттарды қоса жолдау қажет
-көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат түріндегі сұрау салу;
-отбасы табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
-жұмыс орнынан алынған анықтаманың немесе жұмыссыз ретінде тіркеу туралы куәліктің электрондық көшірмесі;
-балалар мен асырауындағы басқа адамдарға алименттер туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;
-банктік шоттың электрондық көшірмесі;
-тұрғын үйді (тұрғын үйді) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың
-мөлшері туралы шот-фактураның электрондық көшірмесі;
коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттың электрондық көшірмесі;
-телекоммуникация қызметтері үшін шот-фактураның немесе телекоммуникация
-қызметтерін көрсетуге арналған шарттың электрондық көшірмесі;
-жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорында жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот-фактураның электрондық көшірмесі.
Тұрғын үй көмегін төлеу алушылар екінші деңгейлі банктерде ашқан шоттарға жүзеге асырылады.
Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы тұрғын үй көмегін қалай алуға болады
Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама алу үшін ХҚКО филиалына келіп, келесі құжаттармен өтініш беру қажет:
-өтініш;
-өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
-отбасы табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);
жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);
-балалар мен асырауындағы басқа адамдарға алименттер туралы ақпарат;
-банк шоты;
-тұрғын үйді (тұрғын үйді) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
-коммуналдық төлемдер;
-телекоммуникация қызметтері туралы түбіртек немесе телекоммуникация қызметтерін көрсетуге арналған келісім көшірмесі;
-жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорында жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі – 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде, тұрғын үй көмегін алушылар екінші деңгейлі банктерде ашқан шоттарға жіберіледі.
Қосымша ақпарат алу үшін: Сауран ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесі, Шорнақ ауылы Ы.Алтынсарин № 20, жауапты маман: Қ. Мирзараймов, байланыс нөмірі: 8777-712-93-19