ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Руханият
947 Views

Түркістан қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік – мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты көшпелі отырысы өтті.

Отырыс жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің және Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.

Отырыс шеңберінде тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралды, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары талқыланды.

Жиын аясында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Қаралып жатқан жаңа заң жобасы саладағы олқылықтардың орнын толтырып, мәдени мұрамызды сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынына сенімі мол екенін айтты. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтаудағы өзекті болып отырған кейбір мәселеге тоқталды.

«Тарихи-мәдени ескерткіштердің ішінде археологиялық ескерткіштердің жойылып кету қаупі жоғары екенін білеміз. Әсіресе шаруашылық, құрылыс жұмыстар әсерінен зардап шегуі мүмкін. Археология ескерткіштері негізінен далалы, таулы жерлерде орналасқан. Олардың сақталуын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Жаңа заң жобасына сәйкес ескерткіш орналасқан жердің меншік иесін ескерткіштің сақталуына жауапты ету олардың сақталуына оң әсерін береді деген ойдамыз», — деді Ж.Түймебаев.

Баяндамасында аймақ басшысы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан нақтылы жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Созақ ауданындағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы (ХІІІ ғасырға жататын бірегей сәулет ескерткіші) мен Ордабасы ауданындағы Ишан базар мешіті ескерткіштеріне республикалық мәртебе беру жөніндегі ұсыныс ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссияның отырысында қаралып, оң шешімі алынғанын да жеткізді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Оның 11 мыңға жуығына тиімді пайдалануды, ұтымды басқаруды және оларды сақтау мен қорғау бойынша заң, әкімшілік шараларды қамтамасыз етуді талап ететін жалпыұлттық мәдени байлық болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Мамраев жүргізген осы отырыста ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Б.Байтанаев, археолог, тарих ғылымдарының докторы З.Самашев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Н.Ахметжанов, археолог, тарих ғылымдарының докторы В.Зайберт, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице президенті, профессор Женгиз Томар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі С.Абдрахманов сөз сөйледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *