ДІНДІ ДӘРІПТЕГЕН ДЕГДАР

Руханият
1 130 Views

Зымыраған уақытқа не дерсіз. Күні кеше ғана ортамызда жүрген  ардақты ақсақал, қасиетті мұсылман дініміздің насихатшысы, елімізге таратушы көзі ашық қария, асыл әке, аяулы ата Сәдуақас баласы Наурызбек қажының фәниден бақиға аттанғанына да қырық күннің жүзі болып қалыпты.

Наурызбек Садуақасұлы 1939 жылы 20 наурызда Қытай елінің Шәуешек қаласында дүние есігін ашқан.1948 – 1955 жылдары Ақши елді-мекенінде мектеп табалдырығын аттап, көне Шәуешек қаласында орта мектепті бітірген. 1955 – 1957 жылдар аралығында сол алтын бесік туған жері Шәуешек қаласында қалалық сауда мекемесінде кәсіби маман ретінде қызмет жолын бастаған. Одан кейінгі екі жыл бедерінде Қытай мен Кеңес Одағы екі ел шекарасында Қазақстан жағына тірі ірі мал өткізетін орында есепші болып, ол міндетін 1964 жылға дейін сатушы, кассир, бухгалтер болып жаңартып, абыройлы жалғастырып келген.

1964-1965 жылдары Үрімжі сауда мектебінде білімін толықтырып, 1976 жылға дейін табаны күректей он жыл бойы Шәуешек қалалық азық-түлік сауда мекемесінде экономист  болып қызмет атқарған.

Арада Қытайдағы атышулы мәдениет төңкерісі жалынына шарпылып, зобалаңнан аман-есен зорға ақталып келгеннен кейін, 1979 – 1990 жылдары Шәуешек аймағындағы Боздақ егіс алаңында жұмыста болған. Одан кейінгі төрт жылда Шәуешек қалалық шекара сауда мекемесі бастығының орынбасары, шекара сауда бөлімінің бастығына дейін көтеріліп, бірқатар жауапты қызметтерде болған.

1994 жылы желтоқсан айында әулетін бастап тарихи ата жұрт – Қазақстанға көшіп келіп, Семей облысы Үржар ауданы Таскескен ауылына қоныстанған.1995 – 1996 жылдары осы ауылда «Жауғаш» ЖШС және «Талап» шаруа қожалықтарында директор болып жұмыс жасаған.  1996 – 2000 жылдары Таскескен ауылдық мешітінің имамы болған.

2001 – 2004 жылдары Алматы облысы Іле ауданы «Бент» акционерлік қоғамында, Іле ауданының Ащыбұлақ округінде жұмыста болған.  2004 – 2009 жылдары Іле ауданы Жәпек батыр ауылындағы «Мәмет Әли Қожа» мешітінде, әрі осы уақытта екі жыл ҚМДБ имамдар білімін толықтыру медресесінде сырттай оқып біліктілігін арттырған. 2009 – 2014 жылдың көктемінде аталған ауылдағы «Әділхан» мешітінде бас имам міндетін атқарған. Кейін жасына, денсаулығына байланысты құлшылық ордасындағы имамдық қызмет орнын босатып, кейінгілерге табыстаған. Сол жылдың мамыр айында аталған аудан әкімі иығына шапан жауып, Жәпек батыр ауылының Құрметті азаматы атағымен құттықтаған. Ол Қазақстанның Қажылар қауымдастығының мүшесі ретінде де имандылық шараларына атсалысып, жеке қаражатына мешіт салдыру арқылы да үлкен сауапты іс атқарды. 2014 жылдың тамыз айының басында қара шаңырақты алып балаларымен бірге Астанаға қоныс аударған.

Наурызбек қажы саналы өмірінің соңғы жиырмадан астам  жылын  Ислам дінінің Тәуелсіз Қазақстан топырағында өркен жаюына, қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту ісіне арнап, артына рухани мол мұралар қалдырды. Қазақ руханиятына, әсіресе, туған халқының діни сауаттылығын арттыруда және келер ұрпаққа тәрбие беру, отандастарымыздың рухани әлеуетін қалыптастыруға қосқан үлесі зор. «АЛЛАҒА шүкір, Арман жоқ», «Дін, Адам, Қоғам», «Өмірлік достар», «Жауғаш шежіресі» және басқа оннан астам  кітаптар мен тарихи естелік, шежірелік жинақтардың құрастырушысы әрі авторы. Сонымен қатар «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары» атты көлемді кітапты дайындап кетті, бұл сүбелі еңбек жақын уақытта баспадан шығарылуы жоспарланып отыр. Ел ақсақалы Наурызбек атамыздың жарқын бейнесі, халқымыздың төл руханияты ислам дінін насихаттау және оны орнықтыру бағытында атқарған қажырлы еңбегі ел есінде мәңгі қалады.

Отбасы мүшелері, ұрпақтары, жора-жолдастары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *