ТАТУЛЫҚТЫ, ДОСТЫҚТЫ ЖАНЫ СҮЙГЕН ӨР ТҰЛҒА

Руханият Өмір-өзен
920 Views

Бұл өмірдің бәйгесіне бас тігіп,

Таратасыз білім деген астықты.

Татулыққа жаны құмар азамат,

Көксеп жүрген Халықаралық достықты.

                                             Ә. АҚКӨЗОВ.

Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де көңілден ешқашан өшпек емес. Оның артында ұстамы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен Алатаудай сағыныш қалатыны сөзсіз. Өзінің жастық шағынан бастап өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етіп, бар ғұмырын қазақ қоғамының дамуына, республикамыздағы ғылымның оң өріс алуына және егемен еліміздің өркендеуіне жұмсаған, білікті маман, білгір басшы, парасаттылығы жоғары, химия ғылымдарының докторы, профессор марқұм Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтың рухына тағзым ете отырып, ол кісі туралы жазылған естелігімді оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім.

Әбдімұса Мұратұлының атымен сырттай таныс болсам да жүзбе-жүз алғашқы рет 2002 жылдың қыркүйек айында жеке қабылдауында жұмыс кабинетінде кездестірген едім. Жоғары білім дипломын алған жас маманмын. Дүркіреп тұрған еңбек өтілімнің де жоқтығы рас. Ағайдың мақсатшыл жастарға қолдау көрсетер кең жүректі азамат екенін естіп-ақ жүргенмін. Маған негізі қамшы болған осы сөз еді. Үмітім алдамапты. Түйіндемеммен танысып, адал еңбек етуге, сапалы, білікті маман дайындауда адамдық қасиетті биік ұстау жолдарында сөз қозғап, университетке сынақ мерзімімен оқытушы қызметіне қабылдаған еді. Тәкаппарлықты, жағымпаздықты, мансапқорлықты, екіжүзділікті ұнатпайтын асыл жанның айтқан әдеттерден өзімді аулақ ұстай отырып, адал еңбегіммен маған артқан сенімді ақтауды үлкен міндетім деп есептедім. Сол күннен бүгінге дейін Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінде аға оқытушы қызметінен бастап, ғылым бөлімінің маманы, университеттің Ғылыми кеңес хатшысы, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

Ол кісінің тума болмысында жас мамандарды жатсынбай қанатының астына алып, өмірге баптай білетін қасиеті ерекше еді-ау. Қаншама жасқа еңбекте, білім алуда болсын қамқорлық көрсетіп, қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама әперді. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген халқымыздың даналығын бойына сыйдырған салмақты мінез, салиқалы ой иесі ол кісінің қоғамдық тұлғасына сай. Халқыңыз «Құндыз – асыл құнымен, ұлт – абзал ұлымен мақтанар» дегендей, бірінші кезекте ол кісінің тамаша ұйымдастырушылық талантының арқасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көрші отырған қазақ-өзбек халықтарының бірлігін, татулығын, мәдени және ғылыми қарым-қатынасын арттырудың кепілі ретінде Қазақстан Халықтар достығы университетінің негізін қалап, оның дамуы мен қалыптасуына көп еңбегін, рухани жылуын және өмірінің ең жақсы және жемісті жылдарын арнады. Көптеген азаматтарды имандылық тұрғысынан қолдап, жетім балаларға көмек көрсетті. Туған жері – Арыс ауданына қарасты Талқұдық №41 разъезіндегі бастауыш мектепті өз қамқорлығына алып, оқушыларды оқулықтармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келді. Жыл сайын мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу, оқушыларды құрал-жабдықтармен және екі ауысымдық киім-кешекпен қамтыды. Балалар үйінің мектебін бітіруші түлектерді университетке қабылдап, тегін оқумен, жатақханамен, тамақпен қамтамасыз етіп және ай сайын шәкіртақы бөліп, оқуды бітіргендерін жұмысқа орналастыруды өз жауапкершілігіне алған. Әрбір қазақ азаматы осындай қайырымдылық жасаса, біздің елімізде жетім балалар проблемасы да шешілер еді деп ойлаймыз. Сондықтан да шығар Оңтүстік өңірі Әбдімұса Мұратұлын жетімдердің жебеушісі, қиналған жандарға көмегін аямайтын жомарт жан деп атайтын.

Адамның асыл қасиеті, ақыл-парасаты көзі тірісінде емес, өзі өмірден озғанда айқынырақ бағалана ма деп ойлайсың. Қазір Әбдімұса ағайдың айтар ақылы, әрбір істі шешердегі сабырлылығы, турасын кесіп айтар нақтылығы жетіспей, орны үңірейіп, ойсырап тұрғандай. Кез келген қиын жағдайда тығырықтан шығар жолды ойланып, толғанып, ақыл таразысына салып, ең соңында кесімді пікіріңді қысқа ғана тұжырымдау – ол кісіге ғана тән асыл қасиет еді. Адамдарға ұдайы шапағат нұрын шашып, әркімнің жетістігін іштей бағалап әрі байсалды мінезбен ақырын ғана мынаны былай ету керек еді деген ықыласын білдіруші еді.Қамқорлығы аса биік, қолы ашық жомарт кісі еді. Қазіргі күнде баршамызға қамқоршы ағаның ортамызда жоқтығы жанымызға батады. Дегенмен, ажалға қарсы тұрар амал бар ма?! Қуантарлығы сол, әкеден алған өнегелі істі ұрпақтары сеніммен жалғастыруда. Әбдімұса Мұратұлы ұл-қыздарын баптап, бәйгеге қосып, аяқтарын шалыс баспау үшін бағыт-бағдар берді. Балаға ананың сүтімен, әкенің қанымен берілген тәрбиенің өзі ерекше. Ұл-қыздарын, немерелерін жастайынан еңбекке баулып, адамгершілік қасиет, ар-ождан мәселелерін бойларына сіңіріп өсірді. Ең алдымен басын тік көтеріп, еліміз үшін қызмет жасауға үйретті. Тектінің ұрпағы болып өсуді, солай ұрпаққа жалғауға тәрбиеледі. Бұл әулеттің кешегі Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысында ойып алар орны бар екені баршамызға мәлім. Әбдімұса Мұратұлының ұлы Нұрлан Әбдімұсаұлы – техника ғылымының кандидаты, профессор, университеттің вице-президенті. Үлкен қызы Роза Әбдімұсақызы – химия ғылымының докторы, профессор, Халықтар достығы университетінің сыртқы экономикалық істер жөніндегі проректоры. Кенжесі Рабиға Әбдімұсақызы – медицина ғылымының докторы, профессор, ҚҰЖҒА академигі, университеттің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, елінің елеулі, халқының қалаулы қызы.

Ел мақтанышына айналған азаматтың осы күнге дейін жеткен табысын, шыққан биігін, алған асуын ұзақ тізбектеп айта беруге болады. Әлемнің ең үздік ғалымдарының санатына қосылған Әбдімұса Мұратұлының өмірлік жолы, жеткен жетістіктері болашақ ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш пен үлгі-өнеге болатынына сенеміз. «Жақсының аты өлмейді» деген шындық шығар, сірә. Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Өткен адам болады көзден таса,

Өлді, өшті болады көзден таса,

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп ұмытпаса, – демекші, ол кісінің жақсылықтары өшпейді, рухы біздің арамызда мәңгі бірге жасай бермек. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жұмақта болғай!

Бекзат ОМАРОВА,

Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *