“ЕЛІМ-АЙЛАП» ӨТКЕН ЕР

Руханият Тарих
224 Views

Әрі батыр, әрі аты мәшһүр ақын-жырау Қожаберген Толыбайұлы туралы толғау-терме

Келер ұрпақ бақытты,

Керуен уақыт кешігер,

Тоқтата алмас уақытты,

Атағын кім өшірер,

Ғасырлар үнсіз жатыпты,

Ұрпағын бүгін кешірер,

Қожаберген батырым,

«Елім-ай!» деп өткен есіл ер!

Тыңдауға елім тұр дайын,

Бұған енді не дейін.

Ағыл-тегіл жырлайын,

Ұрпаққа айтып берейін –

Қожаберген дегенде,

Бүлкілдеген көмейім,

Арғы тегі – орта жүз,

Ашамалы Керейім!

Керейім ғой киелі,

Ағылған жырдың тиегі,

Тағдыры бар зиялы,

Таузар әулет сүйегі.

Көшебедей рулы,

Тұлпар аттай жүйелі,

Жалаңтөстей Баһадүр,

Қожаберген жиені.

Арылып даусы мұңды үннен,

Қырандай самғап жырды ілген,

Үргеніш Бұқар, Самархан,

Араб, парсы тіл білген,

Шуақ шашып өмірге,

Кеудесінен күн күлген,

«Жеті жарғы» жазуда,

Жеті арыспен бір жүрген!

Биік таудай бек тұлғаң,

Көрінген сонау көк қырдан,

«Елім-айлап» ұлты үшін,

Дұшпан, жауын жоқ қылған,

Қалың қазақ жұрты үшін,

Тұла бойы от тұнған,

Он үш жаста бақ дарып,

Ақындыққа бет бұрған.

«Елім-ай» ғой астанам,

«Елім-ай» ғой асқақ ән.

Қазағыма тірелер,

Бар әулетім баспанам.

Киелі ғой бұл өнер,

Шектен шығып аспаған,

Текті атаның ұрпағы,

«Ата тектен» бастаған.

Өмір ғой көздің ұшында,

Ұшырған жырмен құсын да,

Сан тараулы тағдырдың,

Қақаған қарлы қысында,

Тіршіліктің тұңғиық,

Аударып ішкі тысында.

Елдестірер елші боп,

Әз Тәуке хан тұсында!

Әз Тәуке хан қасында,

Айналып от жасынға,

Бар қазақтың салмағы,

Бір өзінің басында.

Не дер жүйрік жырауға,

Не дер қазақ асылға,

Орда басы бола алған,

Жиырма бестей жасында!

Әз Тәукеден қол алған,

Қаймықпай дауыл бораннан,

Қоқан, Хиуа, Бұхара,

Елшіліктен оралған.

Қолдағасын жақсылар,

Бойында асқақ мол арман,

Сол жиырма бес жасында,

Бас қолбасшы бола алған!

Сол қолбасшы, сол бабам,

Қолдау тауып ордадан,

Қырып-жойып жоңғарды,

Туған жұртын қорғаған.

Батыр болды еліне,

Бір құдайым қолдаған,

«Ұстазым» атты толғауда,

Бұхар жырау толғаған.

Күн мен айлы аспанын,

Шомылдырып жас жанын,

Өлшеулі бір өмір ғой,

Өте де шығар қас-қағым.

Туған елін таң қылып,

Алатаудай асқағым,

Тарихқа жазды мәңгілік,

«Жеті жарғы» дастанын!

Қозғалыссыз тұрмады,

Тылсым үнді тыңдады,

Бұл өмірдің құпия,

Маза бермей жұмбағы,

Бір бақыты – батыр боп,

Жырау болды бір бағы,

Алқакөлді сұла ма,

«Елім-айлап» жырлады!

Жауларынан саспады,

Дұшпанға сыр ашпады,

Алға түскен жоңғардың,

Қаза болды қашқаны.

Жастай батыр атанып,

Жауын жерге жастады.

«Баба тілі» дастанын,

Ата жұрттан бастады.

Ақын боп жырмен ашылдық,

Батыр боп жауға ашындық,

Еліміз аман жұрт тыныш,

Жауларды жеңіп басылдық,

Аллам қолдап тәңірім,

Жаратқасын асыл ғып,

Толыбайұлы осылай,

Жырлады жырды ғасырлық.

Баба жолын із білді,

Тағдырды ащы тұз білді,

Арпалысты тағдырмен,

Жауға бермей тізгінді.

Бір құдірет батырлық,

Бір құдірет сөз білді,

Ел намысын сақтаумен,

«Гүлтөбеде» көз жұмды.

Көз жұмса да көкке енер,

Тарту еткен көпке өнер,

Ат үстінде күн кешіп,

Қанын ел деп төккен ер,

Жаңғырығып даламыз,

Үні бізге жеткен ер,

Несін айта берейін,

Қожаберген бабамыз,

«Елім-айлап» деп өткен ер!..

«ЕЛІМ-АЙЫМ» СЕНІҢ АРҚАҢ…

«Елім-айда» Тәуелсіздік үні жатты,

Жүректерге запыран мұңы батты,

Болашағы – Ертеңге сенімменен,

Балбұлақтар, өзендер күліп ақты.

«Елім-айдың» бостандық арманы еді,

Қазаққа үміт отын жалғап еді,

Аққу-қазы қыраны қанат қағып,

Құстары келешекке самғап еді.

«Елім-айдың» Тәуелсіздік үміт еді,

Төбесіне төнген мұң бұлт еді,

Азаттықты армандап, ай-күнімен,

Қазақтың жұлдыз тұнған ұлы көгі.

«Елім-айлап» күресті бар қазағым,

Тауқыметті тағдыр да салды азабын,

Ерлері басын тігіп күресті елім,

Азаттығын күткендей таңғы азанын.

Алатаудың шыңынан ар көрінді,

Қайғы басқан қашаннан зарлы өмірді,

Желтоқсанның желі де «Елім-айлап»,

«Елім-айлап» қазағым қан төгілді.

Келешекке Бүгінім сенім артқан,

Берекелі Қазақтың елі дархан,

Тәуелсіздік Күн туды Алатаудан,

Бәрі де «Елім-айым» сенің арқаң!..

Жүзді бұлттай керуен көші бірге,

Бет бұрып қолын берер досы кімге?

Тәуелсіз туым көкке желбіреген,

«Елім-айым» жеткізді осы Күнге!

«Елім!» деп ұран солай тастала ма?

Қозғаусыз ұлы көшім бастала ма?!

Ұлтына ұлы жырау «Елім-айлап»,

Жеткізді Ақордалы Астанама!..

Шөмішбай САРИЕВ

ақын, сазгер, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *