Қазақ қазақ болғалы оның ана тіліне дәл бүгінгідей аталық қамқорлық жасалмағаны анық. Еліміз егемендік алған соң тілімізге мемлекеттік статус берілді. Үкімет тілді дамытуға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдап, оны тиісінше жүзеге асырып та келеді. Қазақ мектептерінің саны бұрын-соңды болмаған жоғары қарқынмен еселеп артты. Тұтастай облыстар іс қағаздарын қазақша жүргізуге көшті. Елбасы Н.Назарбаев өзіне дейінгі ешбір басшы жасай алмаған қадамдарға барды: реті, орайы келген жердің бәрінде туған тілін алға шығарды. Өз халқының перзенті екенін ашық және мақтанышпен айтып жүр. БҰҰ алқалы басқосуында қазақша сөйледі. Бұны, шынын айту керек, нағыз ұлтжанды деген қазақтардың өздері де армандамаған шығар-ау. Сол сияқты Елбасының қаламынан туған, дұрысы өзегін жарып шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тың ойлар, батыл пікірлер, болашаққа жасалған көрегендік болжамдар да бұрын-соңды өткен қазақ басшыларының қаперіне келмеген еді.
МАЙШАБАҚ ТУРАЛЫ МУЛЬТФИЛЬМ ЕСКЕ ТҮСЕДІ
Бірақ, өкінішке орай, үкімет, жалпы билік, біз бен сіз өліп-өшіп, өбектеген сайын тіліміздің құты қашып барады. Бұрын көшелердегі, маңдайшалардағы жазуларда кездесетін әріп қателерді термелеп, мәселе көтеретінбіз. Енді келіп кешегі орфографиялық, грамматикалық қателермен жылап көрісетіндей халге душар болдық. Қатенің түр-түрі бірнеше еселенді: ел тарихын, салт-дәстүрін, орта және жоғары мектепте оқылатын пәндерді, табиғатты, өмірдің алуан қыр-сырын білмеуден туындайтын сауатсыздық адымды аштырмауға айналды. Тіл құнары азайып, бояуы солғын тартты. Сөздік қорымыз барынша шектелді. Сөз жасау қабілетімізді жоғалтып, басқалардың басқа тілде айтқандарын сол қалпында көшірмелеуге әдеттендік…
Жаңбыр жаумай су болатындай не көрінді бізге? Соны ойлағанда сонау Кеңестер Одағы кезінде түсірілген бір мультфильм еске түседі: Қала шетіндегі жуынды-шайынды судан пайда болған сасық көлшікті жағалап келе жатқан бір кісі күл-қоқыстың арасында жүзіп жүрген майшабақты көріп, әлгіге қатты жаны ашиды. Оны мына тозақтан құтқару үшін лай кешіп, темір-терсекке сүрініп жүріп, балықты ұстап алады да, үйіне жүгіреді. Келе аквариумға таза су құйып, майшабақты жібереді. Ал өзі тау қопарғандай марқайып тұрады. Бірақ балық қисая жүзіп, бірте-бірте аударылып, шалқалай бастайды. «Қарны аш шығар». Осыны ойлаған кісі жем шашады. Балық жемге қарамай, біржола ажалға бет алған сыңай танытады. «Е, ауа жетпей жатыр». Тез арада суға ауа үрлейді. Болар емес. Сасқалақтаған кісі жалма-жан темекі тұтатып, өзі де байқамай, аквариумға төбесінен төне түседі. Солай тұрғанда темекі күлі суға түсіп те кетеді. Сол сәтте майшабақ тіршілік белгісін білдіріп, оңғарыла бастайды. Неге олай еткенін өзі де білмеген кісі қолындағы тұқылды суға тастай салады. Сол сол екен, майшабақтың жүзуі түзеледі. Мәселенің мәнісін аңғарған қожайын күлсалғышта жиналып қалған бар тұқыл мен күлді аквариумға аударады. Майшабақ та осыны күткендей, күл-қоқысқа араласқан жемді қылғытып, оңды-солды жүйткиді. Шоршып та қояды…
Иә, жылдар, ғасырлар бойы қиыншылықта өмір сүрген тіл мынадай кеңшілікті тосырқап тұрғандай…
ШЫМКЕНТ ШҮЛДІРЛЕСЕ, КӨКШЕ ҚАЙДАН КҮМБІРЛЕСІН
Оңтүстіктегі ең беделді деген газеттердің бірі, мысалы, «Жол апатынан бірнеше адам қайтыс болды» деп хабар таратады. Басылымның көп санды журналистері өлімнің ерте, кеш, кенеттен, аурудан, апаттан немесе табиғи болуына байланысты «қыршын кетті», «қыршынынан қиылды», «дүние салды», «дүниеден озды», «ақтық сапарға аттанды» , «опат болды», «шейіт болды», «қаза тапты», «қайтыс болды», «шетінеді», т.б. ұғымдарда түрлі-түрлі етіп жеткізілетінін білмейді. Тағы бір жергілікті жетекші телеарна көп жыл бойы «жүгіртпе жолда» «Жоңышқаның ұрығы сатылады» деген хабар таратумен болды. Демек арна ұжымы «ұрық» пен «тұқым» деген ұғымдарды ажырата алмайды. Қазір осы екі сөздің мән-мағынасын малшылар мен диқандар да түсінбейтін сияқты. Жақында Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп барған жерлесіміз телеарнадан «Картоп ұрығын сатып әперді» деп тұр. Адамнан бастап бүкіл жан-жануар, құрт-құмырсқа ұрықтан, ал өсімдік атаулы тұқымнан өсіп-өніп, көбейетінін білмей-ақ өмір сүруге болатын шығар… Бірақ қалай мал бағып, бау-бақша өсіреді, қалай қолына қалам алады? Түсініксіз.
«Балапан» арнасынан басталған бір тіл білместік қазір елдегі бүкіл арналар мен киностудияларды түгел жаулап алды. Кино кейіпкерінің бірі «рақмет» десе, екіншісі оған «оқасы жоқ» деп жауап береді. Дардай әртістердің осылай сөйлеуі таң қалдырады.
Бір кезде «Алматы қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деген сөз шығып еді. Біздіңше, Оңтүстік облыстар таза қазақшаға көшпей, Қазақстан шүлдірлеуін қоймаса керек. Өкінішке қарай, әлі-әзір Шымкент жағы ана тілін бұрмалап-бұзудан алдына қара салмай жүр. Бізден басталған «Байтұрсынова көшесі», «Әуезова көшесі» қазір республикаға тарады.
Оңтүстік «Бір бала, үш қызым бар» деп сөйлеуді көп жылдан бері жатпай-тұрмай насихаттап келеді. Сондай-ақ шымкенттіктер «үйді» бір ауыздан «дом» деп атауға бәтуаласқан. Жалпы қазақ сөздерін орыс нұсқасында айту өрттей өршіп тұр. Біздің жақтың адамдары сөйлемдерде, әңгіме барысында кездесетін негізгі, шешуші, кілтті сөздерді орысшалайды: суббота, обязательно, улица, школа, больница, зарплата, заявление… Сөйлеу мәдениеті, жазу мәдениеті дегендер ұмытылған. Өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдары орыс тіліне еліктеуден пайда болып, ел сауаттанған тұста айналымнан шығып қалған «азаматша, «мұғалима» сияқты жарымжан сөздерге қайта жан мен жал біткен. «Мұғалима» демекші, Оңтүстіктің білім беру саласы «ұстаз» сөзін мұқым иеленіп алған, ол кез келген жағдайда «мұғалімді» ауыстырып тұра береді. «Ойында жоқ бірінің…» деп, Абай айтпақшы, қазақ баласының бапкерді де, оқытушыны да (айтпақшы, бізде «оқытушы» мен «мұғалім» сөздерін де ажыратып жатқандар аз), тағы басқа да толып жатқан үйретушілерді «ұстаз» деп құрметпен атайтыны ешқайсысының қаперіне кірмейді. Сол сияқты қаптап кеткен май құю бекеттері мен құрылыс материалдары дүкендеріндегі «өрт қауіпті» және «құрылыс заттары» деген жазулар да біздің қаншалықты кері кетіп қалғанымызды жарыса жариялап тұр. «От қауіпті» деп жазсақ, онда айтылар ой бар. Ал өрт қауіпті екенін жазудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Әлгі қаптаған дүкендердегі әк, құм, цемент, тас, бояу, т.б. материалдарды әлі зат деуге болмайтынын кімге қалай түсіндіресіз? Оңтүстік өзі де белсенді, белді авторы болып табылатын ғажайып тілді өз қолымен өршелене бұтарлап жатыр. Бұны басқаша қалай айтуға болады?
Егер осы мақала жариялана қалса, мені қайсыбіреулердің «су ішкен құдығына түкірді, Оңтүстік болмағанда…» десіп, күстаналап шыға келетіндері белгілі. Иә, оны мен де білемін. Жалпы тіл, айтыс өнері, қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, т.с.с. көптеген ұлттық құндылықтарымыздың жоғалмай сақталуында, дамуында Оңтүстік өлкесі шешуші рөл атқарды. Бірақ бау-бақша, егістіктің ең таңдаулы танаптарынан зиянкестердің личинкалары көзге түсе бастағанда қалай жайбарақат отыруға болады?! Оңтүстік шүлдірлесе, Көкше қалай күмбірлесін?!
ҚАНАТТЫЛАР МЕН ҚАНАТСЫЗ-АҚ ҰШАТЫНДАР
Атақты Мұхтар Шаханов «Жазушылар одағында есепте тұратын 700 жазушының бәрін жазушы деп айтуға болмайды. Олардың көп болса, оншақтысы ғана шын қаламгер» дегендей ойды жиі айтып жүр. Ол ғана емес, осындай біржақты, кесімді пікірді басқалардың аузынан да жиі ести бастадық. Режиссер Данияр Саламат пен журналист Бағашар Тұрсынбайұлы екеуара сұхбатта осы тақырыпты бір қозғап өтіпті.
«Жазушылар одағында мүше жеті жүз адам болса, соның нешеуі шын жазушы?» – дейді режиссер.
Оған журналистің жауабы мынадай:
«Отыз-қырығы шын мәнінде жазушы болса, жақсы деп ойлаймын».
Режиссер бұл ойды одан әрі шегелей түседі:
«Бізде 500 жазушы бар дегенде Қалихан Ысқақ: «Соның бір нөлін алып тастағым келеді» депті. Сонда Әкім Тарази «Мен қалған бір нөлге де шүйліккім келіп тұрады» деген екен.
Демек, сонда жазушы деген атқа лайық бес-ақ адам қалады. Қош дейік. Біз енді өз тарапымыздан осы Әкім көкеміздің әйелі Розаның да жазушы екенін еске салайық. Бір үйдегі бұл екі кісінің шын жазушы екеніне күмәніміз жоқ дейік. Ендігі қалғаны үшеу-ақ. Оның бірі, әрине, Мұхтар Шаханов та, бірі – марқұм Қалихан Ысқақ. Қалған бір ғана жазушылық атақты кімге береміз?
Біздіңше, бұл сұрақтың жауабын Мұхтар, Әкім көкелеріміз де айта алмаса керек. Біріншіден, қалам ұстағандар арасындағы бұндай «қыршаңқы сөз күлуге жақсы» әңгімелерді дәл мағынасында түсіне салудың қажеті шамалы. Қыза-қыза келе «менен басқа жазушы жоқ» дейтіндер де бар. Қысқасы,битке өкпелеп тонды отқа тастаудың» не қажеті бар? Жазушыларды шетқақпайлаудың зардабын қазір-ақ шегіп отырмыз ғой. Жоғарыда шетпұшпақтап, жұқалап қана айтылған тілдегі түйткілдер соның тікелей зардабы деп түсінген жөн.
Ана бір жылы қытай ағайындар бір қателік жіберді. Егіннен, бау-бақшадан қалайда мол өнім алу жолын жатпай-тұрмай іздестірген көп санды көршілер күндердің күнінде «құс атаулыны ел аумағынан аластасақ, гектар түсімі күрт артады» деген тоқтамға келеді. Бұл сөзде шындық жоқ деуге бола ма? Құстардың дән жейтіні, жемістерді шұқитыны рас қой. Не керек, қаптаған қытайлар өре тұрып, шулап, тас атып шыға келгенде құс атаулы шынында да безіп кетеді. Алайда осыдан соң ауыл шаруашылық өнімдерінің көрсеткіші күрт төмендей бастаған. Себебі сол – тышқан, құрт-құмырсқа, шегіртке, тағы басқа адам көзіне көріне бермейтін зиянкестер қаптаған. Қалай қаптамасын? Бір торғай бір жазда бір өзі бір миллион құрт-құмырсқаның көзін жояды екен… Құстардан келер зиян мен пайданы таразылап көрмей, асығыс шешім қабылдау осындай қателікке апарып соқтырған…
Қазір біз де қытайлардың сол қате іс-әрекетін қайталап отырмыз. Ойлап қарасақ, жазушылардың көптігінен келіп жатқан қандай зиян бар? Жалпы біз осы қанаттыларға да, қанатсыз-ақ ұшатын жазушыларға да қатысты ұшқарылау ойлаймыз. Құс дегенде білеріміз бүркіт, бұлбұл, көгершін және қарлығаш. Жазушы туралы танымымыз да осының арғы-бергі жағында. «Жазушының бәрі классик болуы керек» деген қағида қайдан шыққан өзі? «Бүркіттен басқаның бәрі құс емес, олардың бізге қажеті аз» десек, дүние не болар еді? Сол сияқты жазушылар да қилы-қилы, олардың классиктерін ғана қалдырып, басқаларын одақтан қуып шығу ешкімге опа бермейді. Бізде «тіл жанашыры» деген ұғым бар. Жазушылар түп-түгел тіл жанашырлары. Ал олар көптік ете ме? Бұның үстіне дамыған халықтарда «тілді сақтаушы, тілді дамытып, ұштаушы» деген де ұғымдар қалыптасқан. Жазушыларды үлкен-кіші демей, түп-түгел осы санатқа жатқызуға болады. Сондай-ақ балалар әдебиетіне атсалысып жүрген ондаған жазушы көзге көп көріне бермейді. Аудармамен айналысатын әріптестерімізді де көпшілік жыға танымаса керек. Баспаларда, түрлі басылымдарда сол ұжымдардың «қара жұмысын» атқарып жүрген таланттыларымыз қаншама! Бір сөзбен айтқанда, әдебиет жатқан бір әлем, ол классиктерден ғана тұрмайды…
Жазушылар одағында біраз жыл бұрын 700 жазушының есепте тұрғаны рас. Бірақ сол 700-дің қазір қаншасы жер басып жүр? Күрт азайып кетті. Барының өзі жазуды азайтты немесе біржола тоқтатты. Себебі олар әдебиеттен де, журналистикадан да, баспа ісінен де, кино, театр салаларынан да, жалпы мәдениет саласынан да шеттеп қалды. Содан кім пайда көріп, кім зиян шегіп отыр? Шотқа салып, есептеп көріңіздер, содан соң құдайшылығын айтарсыздар. Жалпы қалам ұстағандар ешқашан мемлекеттің мойнында отырған емес. Мысалы, бізбен салыстыруға келмейтін шағын Арменияның Жазушылар одағында 4500 мүше есепте тұрады екен. Осының өзі біраз жайдан хабар берсе керек.
Ал енді «шеттеп қалды» дегенге бір мысал келтірейік. Ең көп санды ақын-жазушылар Оңтүстік Қазақстанда еді, олар «Қазақ әдебиеті» аталатын мәуелі ағаштың «жемісті бір бұтағы» саналатын. Содан не қалды? Кім қалды?
Осыдан оншақты жыл бұрын облыстық әкімдікте «Қазыналы Оңтүстік» деген жалпы атаумен көптомдық шығару туралы шешім қабылданды. Соның 400 кітабы жарық көрді, бұған 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Сол 400-ден Оңтүстік қаламгерлеріне бір кітап та бұйырмады. Істі қолға алғандар негізінен әлем әдебиетіне, әлемдік ғылымға жататын және бұның үстіне бұрын да он-сан рет шыққан еңбектерді талғамай қайта басып шығарумен шектелді. Жұрт күткендей нәтиже болмады… Қытайлардың құс атаулыны үркіткеніндей қажетсіз даңғазадан әрі аса алмадық. Қанатсыз-ақ ұша алатындардың сағын біржола сындырдық. Енді тіл қайнары болуға тиіс Оңтүстік «бас ұйытып береміз», «құстан жастық тігеміз», «кәріні жаңаға айырбастаймыз» деп, шатып-бұтып отыр. Құдай ақырын берсін…
ВИКТОР ХРАПУНОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН КҮЛ-ҚОҚЫСТАРЫНДА ҚАЛҒАН ЖҰҚПАЛЫ ВИРУСТАРЫ АЛМАТЫҒА ШАМАСЫ ЖЕТПЕЙ, ИММУНИТЕТІ ТӨМЕНДЕГЕН ШЫМКЕНТТІ ШАРПЫП ӨТТІ
Қазағы қалың, сондықтан да ұлттық тіліміз бен салт-дәстүрлеріміз жақсы сақталған деп айтудан шаршамайтын да, жалықпайтын да едік. Басқаларға үлгі-өнеге ететінбіз. Сөйткен Шымкентіміздің кежегесі кері тартып барады. Қазір ол анау бір жылдары әкімі В.Храпунов болып тұрған Алматының тілді пайдалануға қатысты шүлдір-былдырларын дәлме-дәл қайталайтынды шығарды. Тіпті одан да арырақ шегініп, құлдырап кеткеніне мың-сан мысал келтіруге болар еді. Бірақ біз осы шегінудің себебін айтып өткенді жөн көрдік.
Тіл бұзуда қалалық және облыстық әкімдіктер алдарына қара салар емес. Әсіресе облыстық әкімдік оқ бойы алда кетіп барады. Әкіміміз Ж. Түймебаев қаламыздағы қаптаған сай-салалардың аты-жөнін көпене-көрнеу бұрмалап, түрік ағайындардың ыңғайымен «шатқал» дегені сол еді, осы аттас бағдарламаны жер-көкке сыйғызбай мақтауға ерекше атсалысқан әкімнің баспасөз қызметі мен қала әкімдігі адамның түсіне кірмейтін өтіріктерді сары шегірткедей қаптатты да жіберді:«Шатқал» бағдарламасы аясында биыл Шымкенттегі жеті шатқалда 55 мыңға жуық көшет отырғызылды. Айтпақшы, бұқаралық ақпарат құралдары бір емес, екі миллионнан аса ағаш көшеттерінің тегін таратылып берілгені туралы жарыса жазды. Нарық заманында осынша көшет неге тегін таратылады? Орыстарда тегін ірімшік қақпандарда ғана болады деген сөз бар емес пе. Ендеше бұл мырзалықтың артында не жатқанын бір құдайым білсін. Сол сияқты бірнеше қалталылардың, әшейінде қиналған бір азаматқа көмек қолын соза қоюы қиын іскер жандардың әрқайсысы бір-бір сайды өз қаржыларына абаттандыруға кіріскені де күмән тудырады. Ағылшындарда «Бизнесмендерде Отан болмайды» деген сөз бар екен. Біз, әрине, қазақпыз ғой. Жомарттығымыз жоқ емес. Дегенмен бұл жомарттықтың артында да ішкі есеп тұрғаны белгілі…
Аталған шатқалдардағы 26 мыңнан астам текше метр (апырай, ә!!!) жер көгалдандырылды. Ал көшеттердің жайқалып өсуі үшін жыл басынан бері 17 ұңғыма қазылып (рас па???), 26 су қоймасы жасалды (Ендігі жерде бай араб елдеріне қой етіне қоса су сатып, көк қағаздың астында қалатын болдық қой, қандай ғажап!!!).
«Су қоймасы» дегенде жұрттың көз алдына Шардара, Қапшағай, Бөген, Бұқтырма…тағы басқа телегей теңіздердің келетіні белгілі. Зәрең зәр түбіне кетеді. Онсыз да сайда жатқан бір Шымкентке 26 су қоймасы тым көптік етпей ме? Қаланы қалай су басып қалмаған? Үлкен қауіп төніп тұр екен-ау.Осындай сұрақтарға малтығып, үрейленіп отырып,«жан сүйсінтер» сүйіншілеген хабарларды ары қарай оқимыз. Айтпақшы, текше метр, шаршы метр, килограмм, литр дегендей өлшемдік ұғымдарды бастауыш сыныптың балапандары білуі тиіс қой. Ал әкімдіктің қызметкерлері текше метр мен шаршы метрді ажырата алмайды. Сондай-ақ, біздіңше, олар жерге көмілген цистерналарды (әлде басқалай ыдыс па, ол арасын біз білмедік) «су қоймасы» деп жалған хабар беріп отырған сияқты.
Газетімізде жарияланған «Два вопросты Елбасы қазақша айтты» деген сын мақаланы ҚР Бас прокурорына жолдаған едік. Хатымыз Астананы бір айналып, ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына келіпті. Осы басқарма басшысының міндетін атқарушы (міндетін уақытша атқарушы дегендер көбейді. Бәлкім, жалғыз жарығымыз Бейсенбай Тәжібаевтың пісіп жетілуін күтіп отырмыз ба? Бір Бейсенбай қай жыртығымызға жамау болады?) А. Темірхан бас қатырып неғылсын, Астанадан келген құжатты шара қолдану үшін сын нысаны болып табылатын қалалық әкімдіктің тұп-тура өзіне сырғыта салады. Қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай өзінің тікелей басшысы Н. Сауранбаевқа не айтсын, ақ тер, көк тер болып, оны ақтап шығуға тырысыпты. Сондағы айтар уәжі:
а) «Әл-Фараби ауданындағы 211820 тұрғынның 53,7 пайызы қазақ болса, 43,3 пайызы түрлі этностар».
ә) «ҚР Конституциясының 7-бабында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген».
б) «…жиынға қатысқан тұрғындарға айтылған ақпараттар толыққанды түсінікті болсын деген сипатта аудан басшылығына қала әкімі тарапынан баяндаманы екі тілде жасау керектігі ескертілді».
Құрметті Нұртай мырза! Сіз бен біз сөз етіп отырған жағдайда ұлттардың жалпы санын емес, олардың қанша пайызы қазақ тілін білетіні ескерілуі керек еді. Заң мен қалыптасқан дәстүрге осындай көзқарас сәйкес келеді. Сіз және сіздің бастығыңыз конституциядағы «тең қолданылады» деген ұғымды да өз ыңғайларыңызға бұрып, біржақты түсініп отырсыздар. «Тең қолданылады» деген конституциялық кең мағыналы ұғымды түсіну үшін Сізге біраз дәріс тыңдау қажет сияқты. Жалпы заң атаулының былай қарағанда талассыз түсінікті болып тұратын әр бабына білікті заңгер мамандар тарапынан жан-жақты түсінік (комментарий) жазылатынын білесіз ғой. Мысалы, жұп-жұқа Қылмыстық кодекске кірпіштей-кірпіштей бірнеше том комментарий жазылады. Кез келген заңның бір қарағанда қатаң мәтінін тоқ-тоқ еткен күйінде тақ-тақ еткізіп қабылдай салуға болмайды. Қатқыл заң әдетте қажетті жерінде иілгіштік те қасиет танытады. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: Жиналысқа қазақ тілін толыққанды түсінбейтін 5-6 адам қатысты екен деп, ұзақ сонар баяндамаларды екі тілде оқи бастасақ не болар еді? Сіз жауап хатыңызды қорыта келе «Жиын барысында заң талаптары бұзылған жоқ» дейсіз кесіп-пішіп. Заңнан басқа да құндылықтар бар емес пе. Мысалы, мәдениет. Сауранбаев мырзаға сөйлеу мәдениеті, жазу мәдениеті туралы біраз дәріс тыңдап, Елбасымыз Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына тереңірек бойлау керек екендігі көзге ұрып тұр.
«Мәдени мұра» бағдарламасы не үшін жүзеге асырылды? Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын неге қазақша жазып, неге алдымен «Егемен Қазақстанда» жариялады? БҰҰ-ның алқалы жиынында, басқаша айтқанда Шымкент қаласындағы бір ауданға қарағанда әлдеқайда көп ұлтты, бүкіл әлем көз тіккен үлкен аудиторияда кім үшін қазақша сөйледі? Екі вопросты орысша, екі вопросты ағылшынша айтса болар еді ғой. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында студенттердің басым бөлігі орыс тілінде білім алатыны белгілі. Н. Назарбаев әлем мойындаған 100 оқулықты неге тұпнұсқаларынан тікелей қазақша аудару туралы айтты, ол жүзеге асырыла бастады. Біз неге латын тілі әліпбиіне көшіп жатырмыз? Неге екі букваны орысша, екі букваны қазақша жаза бермейміз? Неге мәңгілік ел болуға ұмтылып отырмыз? Неге «қазақ елі» атауын қабылдау жөнінде айта бастадық? ҚР Президенті «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» дегенді неге айтты? Байқасақ, Оңтүстік әкімдері Елбасының жолдаулары мен мақалаларын оқымайтын сияқты, сөздерін тыңдамайтын секілді. Әлде оқыса да, тыңдаса да жүзеге асыруға құлықсыз ба?!
Орыстың ұлы жазушысы Л. Толстойдың кезінде орыс тілін бұрмалағандарға дүре соғу керек деген сөзін естіген шығарсыз, Нұртай мырза. Дүре соғу туралы заң жоқ, әрине. Бірақ заңнан да жоғары тұратын құндылықтар бар екенін естен шығармаған ләзім.
Қысқасы, алай айт та, былай айт, тілді бұзу әкімдіктен басталған соң басқалардан бірдеңе сұрау, талап ету қиын-ақ.
Кенжетай ҚАЙДАУЫЛ.
Суретте: Қазақ түсіне бермейтін жазулар қаптап барады