«АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ…»

Құқық
1 132 Views

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы

15 ақпанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында және қылмыстық-атқару жүйесіндегі қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында нақты жұмыстар атқарылуда.

Еліміздегі «түрме халқы» санын азайту – ең өзекті мәселелердің бірі. «Түрме халқы» деңгейінің жоғары болуы, бүгінгі таңда көптеген мемлекеттерге әлемдік рейтингте кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Бұл жағдайдың біздің елімізде де көрініс тауып отырғандығы жасырын емес. Бәріңізге белгілі, бүгінгі таңда Қазақстанның қылмыстық саясаты әлемдегі дамыған мемлекеттердің тәжірибесін есепке ала отырып, еліміздегі бірқатар қылмыстық жазаларды ізгілендіру, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың ауқымын кеңейтуге бағытталған.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің Ішкі істер министрлігі тарапынан бас бостандығынан айырумен байланысты көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі – пробация қызметі.

Жалпы пробация қызметінің түпкі мақсаты – жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, орын алған қылмыстың себеп-салдарын зерттеп, мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру.

Пробация қызметінің басты бағыты – құқық бұзушы мен қылмыстық профилактиканы қайта әлеуметтендіру, сондай-ақ мемлекет бюджетін үнемдеу болып табылады.

Пробация қызметінің басты көздегені – шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық, медициналық көмек көрсету арқылы олардың қайта қылмыс жасауларына жол бермеу. Өмір болған соң, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ал сотты болып, жазасын өтеп жүргендерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Өйткені, сотқа дейінгі пробацияның негізгі мақсаты – қылмысқа барған адамның әлеуметтік маңызды байланысын сақтап қалу болып табылады. Сотқа дейінгі баяндама қылмыстық қудалау органдары, сот өтініші бойынша жасалады. Бұл құжат сотталушының жеке мінез-құлқын толықтай ашып береді. Сондай-ақ оған қатысты бас бостандығынан айыруға балама жаза түрлерін қолдануға мол мүмкіндік туады. Аяғын шалыс басып, сүрінген адам үшін осының өзі – түзеу, оң жолға салу.

Осы бағытта белсене жұмыс жасап жатқан Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданына қарасты №1 пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда қайырымдылық іс-шарасын өткізілді. Бұл шараға Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, облыстық ҚАЖД бастығы А.Досмағамбетов арнайы қатысып, бұрын істі болып, қазір пробация қызметінің есебінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға тегін азық-түліктер таратты.

«Жоқшылықтан, мәжбүрліктен кейбір адамдар қылмысқа барып жатады. Кейіннен ісі сотқа өтіп, темір торға тоғытылғанда ғана, жасаған қылмысына өкініп, бармақ тістейтін азаматтарымыздың бар екендігі жасырын емес. Шалыс басқан осындай азаматтарымызға мемлекетіміз жеңілдік жасап, түзелуге мүмкіндік береді. Пробация бөлімінің қызметкерлері де аудандарына қарасты осындай азаматтарды есепке алып, өз қадағалауларына алады. Адасқан жандардың түзелуіне, болашақта қылмысқа қайта бармауына мүмкіндік беруіміз керек.

Қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отырған осы қайырымдылық шарасына ауданымыздың кәсіпкерлері демеушілік жасап, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға азық-түліктерді тегін таратып жатыр. Жұмыспен қамту орталығының мамандары мұндай азаматтарды жұмыспен қамтып отыр, атап айтар болсақ, 2017 жылы 91 адам, 2018 жылдың 3 айында 35 адам жұмыспен қамтылса, медицина жағынан есепте тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 51 отбасының емделулеріне квота да қарастырылған» – дейді аудан әкімі Ғалымжан Ілиясов.

«Бес перзентім бар. 2017 жылдың сәуір айында бір үйге ұрлыққа түстім. Алған заттарымды қайтарып бердім. Алайда, қылмысым сотқа өтіп, үш жылға шартты жазаға кесілдім. Сөйтіп, №1 пробация бөліміне келіп тіркелдім. Бұл жердің қызметкерлері мені жұмысқа орналастырды» – дейді №1 пробация бөлімінің есебінде тұратын Үсен Болтанов.

Осылай байқаусызда сүрінген азаматтарымызды шеттетпей, демеушілік жасап отырған жандарға алғысымызды білдіреміз.

Өз тілшімізден.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *