«ТЕК БЮДЖЕТТІ ИГЕРУМЕН ОТЫРСАҚ, ІС АЛҒА БАСПАЙДЫ»

Билік Қоғам
332 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте ауданның өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Аудан әкіміне тапсырмалар берілді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

Мәжілісте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды. Төлебидің даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Негізгі көрсеткіштер төмендеген. Төлеби ауданындағы ғимараттар мен оның аумағының тазалығы сын көтермейтін, күл-қоқысқа толған нысандардың жауапты басшылары қатаң сынға алынды. Мәдениет және білім беру нысандарын күтіп ұстауы төмен деңгейде. Тоз-тозы шығып, қираған демалыс орындарындағы жағдайды ретке келтіруге бір ай уақыт берілді. Көшелер мен жол сапасына сын көп.

– Бүгін біз Төлеби ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Заң бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс. Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Оларды жою үшін бір ай мерзім беремін. Сіздердің арттарыңызда ауданның 120 мың халқы тұр. Сондықтан өз міндеттеріңізді атқарарда жауапкершілік жүгін сезіне білген жөн. Талап өте жоғары. Қолдан келмесе, орынды босатыңыз. Халыққа шын жаны ашитын азаматтарға жол беріңіз. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, ауданның инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салу керек. Туризмді дамыту керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырамын. Тек бюджетті игерумен отырсақ, іс алға баспайды. Іскерлікті көрсететін кез келді, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі білім, мәдениет, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.

Жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасады. Облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.

Жұмыс сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралап көрді.

«ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРДІ ҚАРАСТЫРУҒА БЕТ БҰРУ ҚАЖЕТ»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапарында Бәйдібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауданның активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Ауданның дамуына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен кедергілер бүкпесіз айтылып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берілді.

– Жаңа форматта жұмыс істеуге көшу керек. Бюджеттің мүмкіндігіне ғана үміт артып отыра бермей, қолдан келетін тазалық, абаттандыру секілді мәселелерді шешуге болады. Ауданның даму жоспарын айта қарап, басынан әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте әр ауданның ерекшелігі назарға алынып, басым бағыттары анықталуы керек. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, барлық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Кіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Ауданға жеке инвестицияларды тарту бойынша нақты жобалар ұсыныңыз. Даму бағыттары бойынша ізденіңіздер. Біз қолдауға дайынбыз. Жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға бет бұру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту жұмыстарын зерделеу нәтижесімен таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады. Деректерді сөйлетіп, жұмысты ширату жөнінде ұсыныстарын берді.

Ауданда Мемлекет басшысының индустрияландыру саясатын іске асыру мақсатында жұмыс ойдағыдай емес. Мәселен, өткен жылы облыстың индустрияландыру картасын өзектендіру үшін кемінде екі инвестициялық жоба ұсыну міндеттелген. Бұл тапсырма орындалмаған. Осыған байланысты облыс әкімі тарапынан ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде 20 инвестициялық жобаны ұсыну жөнінде тапсырма берілді.

– Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Оның ішінде жастардың арасында жұмыссыздықты жоюға ерекше көңіл бөлу қажет. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» бағдарламаларын елге түсіндіріп, игілігін көрсету керек, – деген өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасын да сапалы атқару керектігін ескертті.

Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековтің атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, былтыр ауданда 55,8 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,7 млрд. теңгеге артқан. 2023 жылы 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде агроөнеркәсіп бағытында – 6 жоба, қайта өңдеу мен кәсіпкерлік саласы – 2 жоба, туризм бойынша қызмет көрсету орындары – 3 жоба.

Дархан Сатыбалды жұмыс сапарында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына орнатылған компьютерлік томография қондырғысын көрді. Жаңадан ашылған инсульт орталығының жұмысымен танысты. КТ 128 кесінді аппараты жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Денсаулық сақтау саласындағы жұмысты да жандандыру керектігін айтқан өңір басшысы жауаптыларға өз міндеттерін адал әрі сапалы атқару, Бәйдібек ауданындағы күрделі мәселелерді шешу, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу, елдің өтініштерін заңға сай орындау жөнінде тапсырма берді.

БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың кезекті халықпен кездеу жиыны Ақтөбе, Шілік ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы, жауапты сала басшылары қатысты. Қашанда егін егіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл тұрғындары қазіргі таңда қызу жұмыс үстінде.

Алдымен Ақтөбе ауылындағы елді мекенді көгалдандыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2022-2023 жылдары егілген ағаш көшеттерін аралап көрді. Аймақтағы жасыл аймақта 1500-ға жуық көшет отырғызылған. Аралау барысында шаруалармен кездесіп, еңбеккерлердің толғандырған мәселелерін тыңдады. Зейнеткер, «Қанағат» шаруа қожалығының төрағасы Күдірбеков Сұлтанхан мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Құлман ағын суды пайдалану барысында кезекшілік ұйымдастырылса деген өтінішін айтты. Бұл мәселе бойынша ауыл округінің әкіміне тапсырма беріп, жұмыстардың жүйелі атқарылуын өз бақылауына алатынын ескертті.

Мұнан соң ауыл округіндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымы «Қатира ана» балабақшасының құрылыс жұмыстары мен жаңадан салынатын ауылдық мәдениет үйінің жобасымен танысып, ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Ауыл халқының басым бөлігі жұмысқа орналасу, суармалы жер, көшелерді асфальттау секілді бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелер бойынша елді мекендегі А.Құнанбаев, Сейілбеков көшелерін орта жөндеу және ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы іске асатынын айтып, алдағы уақытта елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жалғасын табатынын баяндады.

Одан әрі Ақтөбе ауылымен көршілес жатқан Шілік ауылында көгалдандыру жұмыстарын аралап көрген аудан әкімі егілген көшеттердің өнімділігі мен оларды күтіп бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Шілік ауыл округіндегі саябақтарда 1000-нан аса көшеттер отырғызылса, олардың 70 пайызы тамырын тереңге жайған. Бұл бағыт бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстарға баса мән беру керектігін ескертті.

Ауылдағы «Ардагерлер саябағында» тұрғындармен кездескен аудан басшысы Шілікте биылғы жылы іске асатын жұмыстарды атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл округіндегі М.Мәметова мен Ардагерлер көшелерін жарықтандыру, «Астана» және «№3» көшелерін орта жөндеу, аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеуге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Қосы ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, ауыз су жүйелерін жаңарту, суармалы жер алу және де өзге де мәселелер бойынша талап-тілегін айтып, мамандар тарапынан тұшымды жауаптар алды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ МЕН ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Бекітілген кестеге сәйкес Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков азаматтармен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Қабылдауға алдын ала жазылған Ағыбет, Ақбастау, Алмалы, Боралдай, Жамбыл және Шаян ауылдық округіндегі елді мекендерінен азаматтар келіп, аудан басшысына ұсыныс-пікірлері мен шағымдарын жеткізіп, бірқатар өтініштерін айтты.

Жеке қабылдауға келген азаматтардың 7-уі тұрғын үй кезегіне қатысты мәселені жеткізді. Ержігіт Шәріпбеков аудан орталығынан тұрғын үй салу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылғанын, қаржы қаралып, жаңадан тұрғын үйлердің құрылысы біткен кезде заңнамаға сәйкес кезекте тұрған азаматтарға берілетіні түсіндірілді.

Төтенше жағдайға байланысты тұрғын үйіне көмек сұраған Ынтымақтық азаматшаға демеушілер есебінен көмек беру жөнінде ауыл әкіміне тапсырма берді.

Шаян ауылындағы 20 коммуналдық тұрғын үйді газға қосу жөнінде жауапты мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын түсіндіріп, шешімі табылатындығын айтты.

Ауыз суға байланысты айтылған Кеңестік тұрғындардың өтініші бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Бәйдібек су мекемесінің басшысына жоба әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан әкімі Сарыбұлақ елді мекенің тұрғындарын қабылдады. Қабылдауда жер, электр энергиясының жиі өшуі және карьер мәселесі жөнінде бірқатар талап тілектері мен өтініштерін жеткізді.

Жалпы аудан басшысы тұрғындардың жеткізген мәселесін бақылауына алып, орындалуы жөнінде сала бойынша орынбасарлары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

ОРАНҒАЙДА ЭЛЕКТР БАҒАНАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Оранғай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.

Аудан басшысы I тоқсанның қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталды. 2023 жылдың 1 cәуіріне жалпы аудандық бюджет кірістері 145 пайызға орындалып, 180,0 млн. теңге жоспардан артық орындалған. Ауданға 6 млрд. 428,9 млн. теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 198,6%-ды құрады. Көрсеткіш облыс бойынша үшінші орынға тұрақтаған.

Қаңтар айындағы есепті кездесу кезінде ауыл тұрғындары тарапынан маңызды 12 мәселе көтерілген. Оның бірі Оранғай елді мекеніндегі құрылысы аяқталмаған мектепті пайдалануға берілсе деген ұсыныс айтылған. Нәтижесінде 150 орындық мектеп құрылысын 2023 жылы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Қаржы толық қаралған. Жалпы қаржысы 716 650 мың теңге.

Мұнан өзге елді мекендердегі электр бағаналары ескіргенін алға тартты. Жергілікті бюджеттен, Түркістан және Бейбітшілік көшелеріне 2 дана трансформатор орнатуға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 4,3 млн. теңге. Түркістан – Кентау тас жолында Бостандық ауылы, Құсшы ата көшесіне бұрылу үшін, көлік жүруіне ынғайлы етіп, сызылған екі жолақты ашып беруін сұрады. Түркістан – Кентау автомобиль жолы облыстық маңызы бар автомобиль жолы болғандықтан, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хат жолданып, алдағы уақытта полиция ұйғарымына сәйкес, ашылатын болды.

Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін тап­паған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

ЖЕТІСАЙ ӘКІМІ КЕЗЕКТІ ҚАБЫЛДАУЫН ӨТКІЗДІ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы аудан тұрғындарына жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізді.

Жеке қабылдауға аудан басшысымен қатар бірқатар дербес бөлім басшылары мен қала әкімі, тиісті сала мамандары қатысты.

Жеке қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу және оның кезегі, атаулы әлеуметтік көмек алу, табиғи газ, электр жарығы, жол, ауыз су, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша өтініштерін айтты.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған атаулы әлеуметтік көмек алу өтініштері бойынша заң аясында кеңестер беріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды. Тұрғын үй алу және оның кезегі заңға сәйкес жылжып, кезегімен берілетіні түсіндірілді. Жұмысқа орналасу үшін Жетісай ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына барып «Жұмыспен қамту» кіші ақпараттық жүйесіне жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмыссыздық мәртебесін алғаннан соң бос жұмыс орындарына жолдануға мүмкіндік бар екендігі сөз болды.

Ал, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтып, ескі электр бағаналары мен кабельдерді ауыстыру, жол жөндеу жұмыстары мен сапалы ауыз сумен қамту ісі бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізілетіні айтылды.

Аудан басшысы жауапты сала мамандарына тұрғындардың өтініштерін заң аясында қанағаттандыруды тапсырды.

Жеке қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелер белгіленген уақыт шеңберінде оң шешім табатындығына сенім білдірді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *