ТЕМІРДЕН 150-ДЕН АСА БҰЙЫМ ТҮРІ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Қоғам
747 Views

Түркістан облысының Сайрам ауданында темір бұйымдарын өңдеу өнеркісібі жақсы дамыған. Бір ғана Қарабұлақ ауылдық округінің өзінде 23 темір өңдеу цехы жұмыс істейді. Мұндағы темірден түйін түйетін шеберлер кез келген тапсырысыңызды қабылдап, қалауыңыздағы дүниені жасап береді. Қақпа, тапшан, баспалдақтың жақтауы, өрнекті қоршау дейсіз бе? Бәрі бар. Темірден 150-ден аса бұйым түрін шығарады.

Әли Ахмановтың негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Қарабұлақ ауылында орналасқан Дінмұхаммед Қонаев атындағы колледждің түлегі. Осында тәжірибеден өтуге келіп, жұмысқа қабылданған. Қазір темір құбырларды арнайы құрылғының көмегімен қыздырып, неше түрлі үлгіге келтіруде. Жас жігіт өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысады.

Әли Ахманов, цех жұмысшысы:

— 40-тық құбырлардан ою-өрнектер жасаймыз. Осыларды дәнекерлеушілерге дайындап, шығарып береміз. Қазықтарды дайындап, баспалдақтарға, үстелдерге арнап шығарамыз. Күнде осы қазықтардың 25-30 данасын шығарамыз. Жұмыс жақсы, өзіме ыңғайлы. Айлығым жақсы. Темір бұйымдарын шығаратын бұл цехта алғашында барлығы қолмен атқарылған. Кәсіпкер қолының икемі бар 3-4 жігіттің басын қосып, кәсібін ашқан. Онға жуық темір бұйымдардың түрін шығарыпты. Қазір жұмыс жанданып, барлығы құрылғылардың көмегіне көшкен. Адам саны да 20-ға жақындаған. 150-ден аса бұйым түрі шығарылады. Жұмысшылардың көбі Әли сияқты колледж бітіріп келген жас мамандар. Осында келіп, тәжірибе жинақтап, темір өңдеудің қыр-сырын үйренген. Олардың әрқайсысының өз міндеті, атқаратын шаруасы бар. Тапсырысқа қарай әрекет етеді.

Нұрәлі Базартаев, цех меңгерушісі:

— Суреті болса болды. Қалғанын өзіміз жасаймыз. Тапсырыс берушінің талабына орай қандай ою түрі керек, соған орай қиялымызды қосып, ұнағанын жасап береміз. Ою шығаратын құрылғылар бар, соларға қарап істейді. Қазір цехты кеңейтіп, үлкейтуге әрекет жасап жатырмыз, — дейді.

Кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтарды Қытайдан алдырған. Темірден түйін түйетін шеберлерді шетелге жіберіп, оқытып отырады. Көбіне темірге шығыс халықтарының ою үлгілерін қолданады. «Себебі Иран, тәжік, өзбек және қазақ халқының өрнектеріне сұраныс көп», — дейді.

Жалпы Сайрам ауданында темір бұйымдарын өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Бір ғана Қарабұлақ ауыл округінің өзінде 23 темір өңдейтін цех жұмыс істейді. Өзіміздің ұлттық дәстүрімізді қолдай отырып, көкпар шабатын аттардың иелеріне темірден әбзел жасайтын цехтар да бар. Одан бөлек, тапшан, төсек, қақпа, есік-терезе істейтіндер де бар. Жалпы алғанда кәсіпкерлік Қарабұлақ ауыл округінде қарқынды дамып келеді. Мұнда жұмыссыз азаматар жоқ есебі. Себебі, халық өте еңбекқор, бұл адамдарға кедергі келтірмесе болды, халық өзі жұмыс тауып істейді. Айта кетейік, Қарабұлақ ауыл округінде 400-ден астам кәсіпкерлік нысан бар. Онда 30 мыңға жуық ауыл тұрғыны еңбек етеді. Биылдың өзінде 30-дан аса ауыл тұрғыны несие алып, өз кәсібін ашқан.

Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *