ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНДАҒЫ АДАМ ӨЛІМІ

Қоғам Құқық
758 Views

Басшы басымен жауап беруі тиіс!

Шымкенттегі тергеу изоляторы – «ИЧ-167/11 мекемесінде» бір айға жетер-жетпес уақытта екі бірдей оқыс оқиға орын алды. Қатаң бақылауға алынған жабық мекемедегі бұл жағдай басшы құрамның қызметіне салғырт, жұмысына жауапсыз екенін анық көрсетіп берді.

Тарқатып айтайық: «ИЧ-167/11 мекемесі» жұрт аузында «Сәуледегі СИЗО» деп аталады. Сәуірдің соңында осы тергеу изоляторында кісі өлімі орын алды: 60 жастағы азамат қайтыс болды. Таралып жатқан деректерге қарағанда, 20.04.2022 ж. күдікті түнгі сағат 3 пен 4 арасында өз-өзіне жарақат салған. Яғни ұстара көмегімен тамырын қиған көрінеді. Камераға түсіп қалмау үшін ол көрпе жамылып алған деседі. Көп қан жоғалту салдарынан жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Тергеу материалдарында да осылай делінеді: «Өзіне-өзі қол жұмсау түнгі уақытта жасалған, тергеу-қамауға алынған адам камерадан көрпемен жауып, өзіне-өзі жарақат салған».

Тергеу изоляторына қамалған 1962 жылы туған азаматтың түн ортасындағы жұмбақ өлімі жария болмай, жасырын-ақ қалған еді. Бәлкім одан әрі де елеусіз күйде қоғам құлағына жетпей ұмытылып кетер ме еді, араға 15 күн салмай тап осы мекемеде тағы бір төтенше жағдай орын алды. Қамауда отырған адам қаптаған камера мен кезекпен күзеткен арнайы қызметтің көз алды, тұмсық астынан емін-еркін өтіп, қашып кетті!

Күдіктінің күзет кезекшілігінен қалай өткені бүкіл Қазақстан жұртшылығына мәлім. Құпия бұл бейнежазба қазір барлық дерлік пабликтер мен әр адамның телефонында жүр десек жаңсақ болмас. Себебі желілер арқылы жалпақ жұртқа таралып кетті.

Енді негізгі айтпағымызға келейік: тергеу изоляторы – қатаң күзеттегі, қатаң режимдегі жабық мекеме. Ол жақта «өзіне-өзі қол салды» деген күдіктінің қолында ұстара қайдан жүр? Қатты зат түгілі жейтін жұмсақ асыңа дейін түгел тексеріп, түгендейтін мекемеде кісі өлімі болуы тиіс емес. Мүлде! Бұл жағдай үшін мекеме басшысы басымен жауап беруі тиіс!

Е. Жалғасбаев, «ИЧ-167/11″ мекемесінің басшысы

Елеусіз қалған осы оқыс оқиғадан кейін бүткіл елді шулатқан күдіктініңқашып кету фактісі Шымкенттегі «ИЧ-167/11 мекемесі» тергеу изоляторының басшысы Жалғасбаев Ермек Жармұхамбетұлының қызметіне салғырт қарайтынының анық дәлелі.

А. Тәңірбергенов, ҚАЖД бас маманы

Әскери режимнен де қатаң тәртіппен қадағаланып, адам түгілі құс ұшып, тышқан жорғалап өтпейтін мекемеден тапа-тал түсте күдікті өзі қашып кетті ме, әлде оған «көмектесті» ме деген сұрақ келеді көкейге.

Бұл жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігініңқылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «ИЧ-167/11 мекемесі» басшысы Жалғасбаев Ермек Жармұхамбетұлының үстінен қылмыстық ів қозғалуы тиіс. Себебі қатаңқадағалауда болуы тиіс мекемеде мұндай салғырттыққа жол жоқ!

Бізге белгілі болғаны, Е. Жалғасбаев қызметіне толық сәйкес емес деп танылған. Бұл жайлы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің штаб бөлімшесінің бас маманы, әділет подполковнигі Тәңірбергенов Айбек Жылқайдарұлы айтты.

«11 мамыр күні ИЧ-167/11 мекемесінен тергеуде қамаудағы азамат қашып кетті. Жедел-іздестіру шаралары барысында ертеңіне ұсталып, қазір ИЧ-167/11 мекемесінде қамауда отыр.

Осы орын алған жағдайға байланысты Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп, 18 қызметкерге шара көрілді. 1 қызметкер Ішкі істер органы қатарынан, 9 қызметкер атқарып жатқан лауазымынан босатылды, тағы 4 қызметкер қызметіне толық сәйкес емес деп танылды. Олар кезекшілікке түскен қызметкерлер, мекеме басшысы, мекеме басшысының орынбасары, күзет басшылары», — деді А. Тәңірбергенов.

Қазір ҚАЖ комитеті – Нұр-Сұлтан қаласынан да арнайы комиссия келіп, бұл мәселені тергеп-тексеріп жатыр. Оған қосымша, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы да іс қозғаған. Осы басқарманың басшысы Нұрлан Жұмахметов жабық мекемедегі бейнебақылау камерасының жазбасы қалай желілерге таралып кеткенін де анықтайды деп сенеміз.

Әрине, айдан аз уақытта екі бірдей тосын оқиғаға жол берген басшы қызметінен кетері анық. Бірақ мәселе мұнымен түйінделмеуі тиіс. Жабық мекемедегі бассыздық, әсіресе кісі өліміне жол беру – ақтауға келмейтін, жауапсыз қалдыруға болмайтын қылмыс. Бұл – салғырттық! ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-тармағына сай, қызметке салғырт қараған басшы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс. Бұл заңда көрсетілген жайт пен жаза.

Жалпы, Жалғасбаев Ермек Жармұхамбетұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша да тергелуі керек деп санаймыз. Себебі қысым болмаса күдікті өмірден түңілмейді, өзіне қол салмайды, бұл баршаға мәлім.

Ермек Жалғасбаев ҚАЖ саласында 20 жылдан аса еңбек етіп келеді дейді әділет подполковнигі А. Тәңірбергенов. Тергеу изоляторында бөлім бастығы, мекеме бастығының орынбасары қызметтерін атқарған, шамамен сол мекемеде еңбек етіп келе жатқанына 8-9 жыл болған. Осындай тәжірибесі бар адамның жарты айда екі оқыс жайға жол беруі нені білдіреді?

Н. ЕРҒАРА

Фото: С. ЕРМИШКИН

ҚР ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСI

453-бап. Қызметке салғырт қарау

1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекетте – үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *