«100 нақты қадам – қазіргі заманғы баршаға арналған мемлекет» Ұлт Жоспарының 22-қадамын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы №620 Жарлығымен еліміздің 14 облысында және Астана мен Алматы қалаларында мамандандырылған тергеу соты құрылғаны белгілі. Жалпы, соңғы жылдардағы сот жүйесінде орын алған өзгерістерге көз салсақ, Қазақстан Республикасында Тергеу судьясы институты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып енгізілді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексіне де сәйкес толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, тергеу судьясы дара процестік тұлға ретінде анықталды.
Тергеу судьясы бірінші сатыдағы соттың судьясы, ол тұрақты судьялар қатарынан анықталады. Тергеу судьясы ретінде біліктілігі жоғары, жеткілікті жұмыс өтілі бар судья таңдалады және оның өкілеттігі әр жыл сайын сот төрағасының өкімімен бекітіліп отырады. Дегенмен, тергеу судьясы Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес және қылмыстық құқық аясында судья өкілеттігін атқарады және сот әділдігін жүзеге асырады. Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тұлғаның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған қызметті атқарады.
Тергеу судьясының өкілеттігі Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 55-бабында көзделген. Мәселен, тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында орын алған процестік әрекеттерді санкциялап, оларға рұқсат береді және де бұл әрекеттердің жүргізілуінің заңдылығын тексереді. Сонымен қатар кодекске 2017 жылдың 21 желтоқсанында енгізілген толықтыруларға сәйкес тергеу судьясына жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді және оның мерзімдерін ұзартуды санкциялау, сондай-ақ адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімін ұзартуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісім беруге санкция беру құқықтары жүктелгені мәлім. Бұл мәселелер 2018 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл ретте тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы етеді.
Қазіргі таңда сот тәжірибемде туындаған мәселелер бойынша прокуратура, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинарлар, «дөңгелек үстел» мәжілістері өткізіліп, тергеу судьясының қызметін жандандырудың тетіктері сараланып, бірізді тәжірибе қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жалпы алғанда, қоғам мен заман талабына сәйкес жүргізіліп отырған реформаларды, соның ішінде тергеу судьясы, тергеу соты тұрғысындағы өзекті ерекшеліктерді – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу барысында заң талаптарының сақталуына, адамның Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге жол берілмеуіне бағытталған іс-шаралар деп түсіну қажет. Бұл орайда Қазақстан Республикасының сот жүйесінде жүргізіліп отырған реформалар азаматтардың, қоғамның сотқа деген сенімінің артуына, азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот тарапынан Халықаралық стандарттарға сай барынша қорғалуына кепіл беретіні айқын.
Талғат ОҢҒАРБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы.