ТЕРІСКЕЙГЕ ТАБАН ТІРЕП, ТАБЫС ТАПҚАН ТҰРСЫН

Саясат Қоғам
380 Views

Түркістан өңірінен теріскейді бетке алып, солтүстік аймақтарға қоныс аударғандар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл өңірлерді дамытуда әрі экономикалық тұрғыдан да өте қолайлы болып отыр. Мемлекет бағдарламасында көшке ілескендерге берілетін көмек те қомақты. Тұрғындар көшіп барғанда баспанаға, жұмысқа, кәсіп бастауға қол жеткізе алады. Түркістан облысының 15 000-ға жуық тұрғыны солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Бұл 2015-жылдан бергі есеп. Теріскейге көшуге ниеттілердің саны артпаса кемімей тұр дейді мамандар. Себебі, теріскейде жұмыс орындары жетерлік. Оның үстіне тегін баспанаға ие болу мүмкіндігі де жоғары.

Түркістан облысынан солтүстікке қоныс аударғандардың бірі — Тұрсын Ұлықбек, ол оңтүстік жұртына таңсық кәсіпті қолға алған. Әу бастан егін егіп, жер жыртып, несібесін егістіктен тауып үйренген кейіпкеріміз өзінің ауласын жылыжайға айналдырып, жайқалтып отыр. Онда түрлі аскөктерді, жеміс-көкөністерді егеді. Әрине, жылыжай салу оңай шаруашылық емес. Жылына бірнеше рет өнім беретін құрылғыға аса күтім қажет. Қаржылай шығыны тағы бар. Алайда, көзін тапсаң, бұл шаруашылықтан да орасан пайда табуға болатыны да жасырын емес. Тұрсын өзінің кәсіп бастауына мемлекеттен үлкен көмек болғандығын айтады. Одан бөлек, Солтүстіктің климаты да егін шаруашылығына өте тиімді дейді. Оның меншігінде қазір 15 соттық жер бар. Ол осыншама жерді игеріп, жылына бірнеше рет өнім алуды көздеп отыр. Тұрсын секілді түркістандық 3372 отбасы теріскей жеріне табан тіреген. Барлығы дерлік жұмыспен қамтылып, тегін баспанаға қол жеткізді. Биылдың өзінде 1379 жан теріскейдің тұрғыны атанып, күнгейден қоныс аударған.

Айта кетейік, аймақтың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, көші-қон мәселесі бойынша республика көлемінде күнгейдегі облыстың үлесі 15,36% жеткен. Бұдан бөлек, осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін 760 отбасы, 1045 адам оралман мәртебесін алған. Қоныс аударған оралмандардың басым бөлігі ТМД және Өзбекстан Республикасынан келгендер құрап отыр. Оларды жұмыспен қамту шаралары да ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Ал облыстың ішкі көші-қон мәселесіне тоқталсақ, республика бойынша 6577 квота белгіленген. Осы аталған квота негізінде қазірге дейін Түркістан облысынан өзге аймаққа 257 отбасы яғни 1010 адам қоныс аударды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына 11 отбасы, 23 адам, Қостанай облысына 23 отбасы, 65 адам, Павлодар облысына 114 отбасы, 447 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 108 отбасы, 469 адам, Қарағанды облысына 1 отбасы, 6 адам көшіп кеткен.

Қоныс аударған 1010 адамның 439-ы еңбекке қабілетті болса, тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 261 адам, 13 адам жеке кәсібін ашқан, 140 адамның міндетті зейнетақы жиынтығы бар, 45 адам үй шаруасындағылар, ал қалған 112 адам мектеп жасына дейінгілер мен мектеп жасындағылар. Көші-қон мәселесі аясында Түркістан республика бойынша ең үлесі жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *