Мұрат САҒЫМБЕКҰЛЫ: «САЛТЫ БӨЛЕК СОЛТҮСТІККЕ СІҢІСІП КЕТТІМ»

Саясат Қоғам
264 Views

Қазіргі таңда көші-қон мәселесі әрбір мемлекет халқының экономикалық өрлеуіне, тарихи сана-сезімі мен рухани дамуына ықпал ететін басты саяси мәнге ие. Әр жыл сайын ел тұрғындары күнгейден теріскейге көш түзеп, қаңырап бос жатқан мекендерге қоныс аударып жатыр. Аталған бағдарлама арқылы қазақыландыру саясаты бір жолға қойылды. Мемлекет те көшіп барған отбасыларға жайлы баспана, жалақысы жақсы жұмыс орнын тауып береді. Ел ертеңін ойласақ, күнгей жұртын теріскейге көшіріп, солтүстіктің тіршілік қазанын қайнату керек-ті. Себебі, оңтүстік өңірде халық саны жыл санап көбейіп, жұмыссыздық жағы артып тұрса, солтүстіктің кең-байтақ даласында адам саны азайып барады.

Бүгінде «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасында Павлодар облысы көш бастап тұр. Қазіргі күнге дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтылған. Тіпті, өз кәсібін бастаушыларға қосымша жер телімдері мен бос ғимараттар ұсынылды. Газетіміздің бүгінгі кейіпкері де Павлодар облысына жанұясымен көшіп барып, жұмысын дөңгелетіп отыр.

Сағымбекұлы Мұрат – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тумасы. Ғұмырының жарты бөлігін Шымкент қаласында өткізген кейіпкеріміз теріскейді қазақыландыру мақсатында солтүстікке қоныс аударуды қалайды. Шымшаһарда өткен көші-қон жәрмеңкесіне қатысқан Мұрат, еш ойланбастан бір шешімге келеді. Ағымдағы жылдың шілде айында Павлодар облысымен танысып, жаздың соңғы айында жанұясымен осында қоныс аударады. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері кейіпкерімізді жылы қарсы алып, бар көмегін көрсетіп, құжаттарды рәсімдейді. Жұбайына да табысы жақсы қызмет тауып беріп, балаларын мектепке орналастырады. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек ретінде әр адам басына 215000 теңге көлемінде қаражат алады. Мемлекеттің берген мүмкіндіктеріне шын қуанған кейіпкеріміз оңтүстік тұрғындарын теріскейге көш түзеуге шақырады.

– Шындығында, солтүстікке қоныс аударғаныма қуаныштымын. Бағдарламаны қолдаушылар жыл сайын көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Менің де басты мақсатым – халықты қазақыландыру болды. Балаларыма қазақ тілінің маңыздылығы жайлы айтып отырамын.Елді де, жерді де қорғайтын мына біздер емес пе?! Шешіміме өкінген емеспін.Солтүстіктің жанға жайлы, дертке дауа табиғаты ерекше ұнайды. Жергілікті тұрғындар да көпшіл, үнемі көмек қолын созуға дайын тұрады, – деп ағынан жарылды Мұрат.

Айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер баспана жағын да қарастырып, әр ай сайын 91000 теңге көлемінде пәтерақы беріп тұрады екен. Тіпті, «Бизнес бастау» бағдарламасына өтініш беріп, белгілі бір себептерге байланысты гранттан айырылады. Кейіпкеріміз бүгінде базар мен дүкендерге нан өткізіп, кішігірім орталығын ашыпты.

– Солтүстікке келіп, жеке кәсібімді аштым. Негізгі мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Алғаш келгенімде бірнеше мектептің директорлары жұмыс ұсынып, қызметке шақырды. Алайда, ұсыныстан бас тарттым. Бір таңғалғаным, бұл жақта адамдардың бәрі кішіпейіл. Ауруханаға бара қалсаң, дәрігерлер құрақ ұшып, қол ұшын созып жүреді. Халыққа қызмет көрсету орталығынан да ұзын-сонар кезекті көрмейсің. Бар-жоғы 10 минуттың ішінде мәселеңді шешіп береді. Сонымен қатар, бұл жақта халыққа қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Келушілерді үнемі жаздай жадырап, күндей күлімдеп қарсы алады.Екібастұз қаласында халыққа бар жағдай жасалған.

Павлодар облысының Екібастұз қаласына 155 мың тұрғын қоныс тепкен.Ал оның басым бөлігі — орыс халқы. Кейіпкердің айтуынша, жақын арада көші-қон мәселесі жайлы жиналыс өткен екен. Биылғы жылдың өзінде облыс өңірлеріне Түрікменстан, Өзбекстан сынды шет мемлекеттерден халық көшіп келіпті.Арасында оңтүстіктен көш түзегендер де жоқ емес.

– Қазіргі таңда кәсібіммен қатар денсаулығымды күтіп жүрмін.Бос уақытымды спортпен айналысып, жүзуге қатысамын. Спорт – денсаулық кепілі. Солтүстікте салауатты өмір салтын ұстануды насихаттайды. Үйірмелердің бағасы қолжетімді. Үйренем десең, кез-келген мекеменің есігі ашық. Бұл жақта әркім өзі үшін өмір сүреді екен.Бақталастық, күндестік сынды дүниені көрмейсің.

Солтүстік Қазақстан облысы бидайдың мекені болса да, оңтүстік өңірге қарағанда нан бағасы қымбаттау. Алайда, халықтың табысы жақсы, бос жұмыс орындары өте көп, — дейді Мұрат.

Кейіпкеріміз үй мен жол сапасына тоқталып, мемлекеттің атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.Жыл өткен сайын теріскейдің тұрғындары қазақыланып жатқан көрінеді.

– Солтүстікке көшіп келетін тұрғындардың ниеті түзу болу керек.Қазіргі таңда қоныс аударып келіп, қайта оңтүстікке кетіп жатқан жандардың саны жетерлік. Олар көбіне жайлы жұмыс таппай, келгендеріне өкініп жатады. Бірақ, ізденсең — берекетін береді ғой. Оның үстіне солтүстікте бос жатқан жерлер көп, карьералық өсу бар. Оңтүстіктегідей адам саны көп те емес. Мемлекеттен көмек алып, кәсіп бастаймын деушілерге тамаша мүмкіндік туып тұр.

Мұрат Сағымбекұлы оңтүстіктегі қандастарын қазақыландыру саясатын қолдауға шақырады.Оның үстіне, мемлекет көшіп келген әр отбасының бар жағдайын жасайды. Материалдық көмек беріп қана қоймай, жұмысқа орналасуға көмектеседі.

Мемлекет халыққа қолдан келгенше жағдай жасап жатыр. Мен де аталған саясаттың арқасында өз жолымды таптым. Оңтүстікке қайта көшіп бару ойыма да келмепті. Бүгінде өз кәсібімді дөңгелетіп, табысты жұмыспен айналысудамын. Сондықтан қайсар мінезді, өр рухты жандарды солтүстікке қоныс аударуға шақырамын. Қорқып-үркудің қажеті жоқ. Тәуекел етіп, кәсіпті бастап кеткен жөн. Екі қолға бір күрек табылады”, – дейді кейіпкеріміз.

Бұл әңгімеден солтүстікте мүмкіндіктің шексіз екенін байқауға болады. Теріскей жұртшылығына сіңісіп, солармен бірге көгеріп, халық санын арттырып жатқан Мұрат сияқты азаматтарымыздың ісі көпке үлгі. Ендігі кезек сізде, оқырман! Қарыздан қысылып, жұмыссыздықтан жалығып жүрсеңіз, солтүстікке қоныс аударыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *