немесе ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗДЫҢ 2022 ЖЫЛЫ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ
2022 жылдың бірінші күні теңгенің долларға шаққандағы Ұлттық Банк бекіткен ресми курсы 431,8 болатын. Ал 31 желтоқсан күні 462,65 болды. Яғни, бір жылдың ішінде ұлттық валюта долларға қарағанда 33,85 теңгеге арықтады. Немесе қаржыгерлер тілімін айтсақ, теңге долларға шаққанда 2022 жылы 7,1 пайызға құнсызданды.
БҰЛ АЗ БА, КӨП ПЕ?
2022 жылы инфляция теңгенің құнсыздануынан озып кетті. Инфляция былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 20,3% көрсетті. Жалпы 2022 жыл бізде де, әлемде де жоғарғы инфляция кезеңі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Демек, теңгенің құнсыздануы инфляциядан үш есе аз болды. Ал ол жинақтау моделі үшін тиімді болды ма деген сұраққа жауап іздеу үшін, біз былтырғы жылғы депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді зерттеуіміз керек.
2022 жылдың басында депозиттердің максималды ставкасы 13,7 пайыз деңгейінде еді. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін базалық ставка өсті де, депозит мөлшерлемесі 14,9 пайызға дейін көтерілді. Ал жыл аяғына біз 18,3 пайыздық ставкамен келдік.
Бұл нені білдіреді? Демек, теңгенің бір жылдық кірістілігі оның сол уақыттағы құнсыздануынан 8,5%-ға артық болды. Қарапайым тілмен айтсақ, теңгемен депозит ұстағандар жақсы кіріс алды. Яғни, ұтты.
ТЕҢГЕГЕ КІМ КӨМЕКТЕСТІ?
Ресей Украинаға шабуыл жасаған 24 ақпан күні рубль, ал одан кейін теңге шок жағдайында болды. Осы кезде, Үкімет пен Ұлттық Банктің теңгелік депозиттерге өтемақы төлеу бойынша шұғыл шешімі жағдайды құтқарып қалды деп есептеймін. Ол ең алдымен нарыққа психологиялық эффект берді. Адамдар теңгелік депозиттерді жаппай долларға ауыстыруға көшкен жоқ.
Одан бөлек, теңгеге валюталық айырбастау процесінде мемлекеттің басты рөл ойнауы қолдау білдірді. Ол қалай жүзеге асты? Алдымен, валютамен выручка алатын квазимемлекеттік компанияларға сол кірістің едәуір бөлігін теңгеге айырбастау міндеті артылды. Соның нәтижесінде, былтыр ұлттық компаниялар 5,1 миллиард долларды теңгеге айырбастады. Бұл сома Ұлттық Банктің валюталық корзинасы мен позициясын жақсы күшейтті. Яғни, бізде долларлық және евролық өтімділік жоғары болды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық Банк қорында кез-келген жағдайға дайын доллар жатты.
Мемлекет мұнымен тоқтамады. Былтыр Ұлттық қордан бюджетке бағытталатын трансфертті қамтамасыз ету үшін 4,3 миллиард доллар сатылды. Осының арқасында, Ұлттық Банк бірінші тоқсанда шок жағдайын тұрақтандыру үшін биржада валюталық тікелей интервенциялар жасай алды. Осы интервенциялар көлемі былтыр 1,4 миллиард АҚШ долларына тең болды. Сонда ұлттық валютамызға былтыр жанама түрде 10,8 миллиард доллар сома тұрақтандыру бойынша әсер берді.
ТЕҢГЕ ҮШІН 2023 ЖЫЛ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?
Егер, тағы бір ел бізге жақын аймақта соғыс ашпаса, басқа да күтпеген оқиғалар орын алмаса, 2023 жыл теңге үшін былтырғыдан жақсы болуы тиіс. Себебі, өткен жылы біз күтпеген жерден соққы алғанымызды ұмытпайық. Ресейге бұрын-соңды болмаған санкциялар келді. Оның логистикалық салдары біздің де дәстүрлі тауар айналымы жолдарын бөгеді. Жаңа жол іздеуге мәжбүр болдық.
Әлемдегі инвестициялық банк сарапшылары биыл мұнай бағасы Brent барреліне 90 доллардан жоғары болатынын айтып отыр. Теңге үшін мұнай бағасының жоғары болғаны жағымды. Ал жалпы мемлекет үшін теңгенің тым қымбаттап, не тым арзандап кеткені тиімсіз. Ең дұрысы, қазіргі бағамында тұрақты тұру.
Жаһандық сарапшылар 2023 жылы экономикалық белсенділік баяулағандықтан тұтынушылық сұраныс төмендейді, соның салдарынан инфляция азаяды деген болжам айтып отыр. Егер ол рас болса және қазіргі Ұлттық Банк базалық ставкасының жоғары екенін ескерсек, 2023 жылы депозитті теңгеде ұстаған өте тиімді болмақ. Тұрақтылық жағдайында кем дегенде 15% кіріс алуға болады. 2023 жылдың қортынды инфляциясы 12 пайыздан төмен болып шықса, онда барлық бинго сіздің қолыңызда қалмақ.
Айбар ОЛЖАЕВ