ІШІП-ЖЕУДЕН ТҰРАТЫН БЮДЖЕТ

Саясат Экономика
144 Views

немесе бизнес билікке, билік бизнеске алақан жайып қайыр сұрамауы керек

Бюджеттің шығыны 21 триллионға жетіпті. Қазақша айтсақ, бюджет емес — тесік шелек.

21 триллион теңге дегеніміз 50 миллиард доллармен пара-пар ақша.

50 миллиард доллар дегенің Қырғызстан, Тәжікстан сияқты іргелес елдер үшін фантастика. Біз үшін әшейін әдеттегі шығындар.

Республикалық бюджеттің болжамды түсімдері 17 трлн теңге екен. Яғни, біздің бюджеттің шығынын түсімі өтемейді. Себебі, бізде өндіріс жоқ. Тауардың емес, ақшаның айналымы тым көп. Құнсызданудың басты себебі осы.

Жердің асты мен үстін қазып жатқан отандық және шетелдік компаниялар «бір күнмен» ғана өмір сүруде. Салықты түгел төлесек болды, бұлардың бізде шаруасы жоқ, өзімізбен өзіміз білгенімізді істейміз деген қағида.

Мәселен, жер асты кеніштерін иеленген компанияларда кластер жоқ. Ауырөнеркәсіптің ауылына барсаңыз жетім қыздай жұпыны. 200-300 адамға 120-150 мың айлық төлегенін бұлдап отыр.

Бюджеті миллиардтап саналатын компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі қайыршының асындай ап-азғантай.

Тіпті маған салса, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген сөздің өзі дұрыс емес.

Бизнестің міндеті табыс табу. Тапқан табысын 1 реттік акцияға емес, компанияны дамытуға жұмсағаны жұртқа да мемлекетке де тиімді.

Бірақ, бізде бизнестен «сыпайы күшпен» ақша сұрау заңдастырылған. Оны бір ауыз сөзбен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп атап жүрміз. Негізінде, нарықтың заңы бойынша бизнес билікке, билік бизнеске алақан жайып қайыр сұрамайды. Бізде, сұрағанда да «наглый» сұрайды…

Біздің бюджетіміздің жартысынан көбі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.

Қарапайым тілмен айтсақ, біздің елде мұқтаж адам көп.

Экономикасы нашар мемлекеттің көмекке зәру адамдары көп болады. Бұл проблеманы шешудің екі жолы бар.

Біріншісі: Көмекке зәру адамға мамандық беру, жұмысқа орналастыру және сол арқылы

өзіндік құны өте төмен тауар шығару.

Екіншісі: Осылар тыныш отырсын, бұлардың бәріне завод салып бас қатырғанша бюджеттің бір бүйрегін кесіп берейін деген кейіп. Біздің Үкімет екінші жолды еншіледі. Көп балалы аналар, зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар азаматтар, студенттер бәрі-бәрі мемлекеттің мойнында отыр. Желге ұшқан ақшаның орысшасы-соцвыплата деп аталады….

Қазақша айтсақ, барында батып ішкен, жоғында сатып ішкен Үкіметтің ісі 21 триллион теңгеге жетіпті.

Ішіп-жеуден тұратын бюджетті, істеп-сататын бюджетке қашан айналдырамыз? Әлихан Смайылов мырза?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *