ТЕҢГЕ НЕГЕ ТҰРАҚСЫЗ?

Экономика Қоғам
833 Views

ВАЛЮТАНЫҢ ЖАУЫ – ИМПОРТ

Ақпанның алғашқы онкүндігінде Қазақстан қор биржасында (KASE) теңге бағамы біршама нығайды. Бірақ бұл аса бір қуана қоятын жаңалықемес. Өйткені Қазақстанның ұлттық валютасы қолданысқа енгеннен бергі 29 жылдың ішінде АҚШ доллары 110 есе қымбаттады. Атап айтқанда, теңге бірінші айналымғакірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілген. Бүгінгі баға – 1 доллар 425 – 440 теңге аралығында.

Теңге неге құлдырады? Инфляция да тізгін тарттыратынемес. Оның салдары қымбатшылыққа ұрындыратыны сөзсіз. Бұған қалай тұсаусаламыз? Теңгені тұрақтандырудың жолы қандай? Елімізге танымал қаржыгер,Экономика ғылымдарының кандидаты Толымбек Манақбайұлымен біз осы жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Толымбек аға, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 30 жыл болды. Бұл аз уақыт емес. Десек те біздің ұлттық валютамыз осы 30 жыл ішінде өзпозициясын бірнеше есе жоғалтты – құны құлдырап кетті. Қаржыгер ретінде осыныңсебептерін саралап, теңгені қалай тұрақтандыруға болатынына ой жүгіртіп көріңізші.

– Әр елдің ұлттық валютасының тұрақтылығы сол елдің экономикасының дәрежесіне тікелей байланысты.

Кеңес Одағы кезінде халықаралық экономикалық қатынасты қадағалау жеңілірек болды. Себебі халық өз еркімен шетел асып жатпады. Үкіметтің бақылауымен шетелге барушыларға қажет деп есептелген аз ғана валюта берілді. Импорт тауарлары тек қана үкіметтің жоспарлары бойынша сатып алынып, экспорт операцияларын да үкімет қадағалап отырды.

Ондай жағдайда шетел валютасының кіріс-шығыс балансын жоспарлау әлдеқайда оңайырақ. Яғни, кіріс-шығыс балансы қатаң қадағалауда болды. Ал қазіргі заманда экспорт-импорт операцияларына байланысты барлық құжаттарды Ұлттық банк талап етіп, оны жинайды. Бірақ оның балансын қадағалап, экспорттан түскен қаржы импорт шығынын жабады ма, жоқ па, ол туралы ешкім білмейді.

Оның үстіне, қарапайым халық басқа мемлекетке шыққанда қанша шетел валютасын сатып алады, оны шетелде жұмсаса, ол да импорт операциясымен тең есепте болуы керек. Шетелге барып жұмыс істеп, валюта алып келсе, ол экспорттан түскен қаржымен бірдей болады. Осының бәрінің балансын Ұлттық банк есептен, шығарып отыруы керек.

Шетел валютасының келуінен (экспорт) кетуі (импорт) көбейген жағдайда теңге құнсызданады.

Мұндайда үкімет амалсыз айналымға теңгені көптеп шығара бастайды. Тиындар – 1 теңге, 10 теңге дегендер 5000, 10 000, 20 000 болатын ақшалармен ауыстырылады. Теңге қаншаға құнсызданса, саудадағы тауарлар сол шамада қымбаттап, инфляцияға алып келеді. Егер Ұлттық банк осылардың барлығын күнделікті қадағаласа, ақша айналымның кіріс-шығыс балансын, шетел валютасының кіріс-шығыс балансын жасап, оны еліміздің экономикасына сәйкестендіру үшін үкіметке талап қойып, оның орындалуын қадағаласа, теңгенің құнсыздануына жол берілмес еді.

– Бұл КСРО-дан енші алып шыққан көршілес елдердің бәріне тән нәрсе ме, әлде өзіміздегі экономист, қаржыгерлердің қателігі ме?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін теңгеміздің айналымға енген уақытынан бергі құнын салыстырып көрейікші. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енгізілгенде 1 АҚШ доллары 4 теңге тең болса, 28 жылдан кейін 1 доллар 440 теңге болды, яғни 110 есе құлады! Мұны көршілес Қырғызстанның мемлекеттік валютасы – соммен салыстырып көрейік. Қырғызстан өз валютасы – сомды Қазақстаннан алты ай бұрын енгізді.

1993 жылы мамыр айында 1 сом = 200 кеңестік рубль мөлшерінде еді. Яғни, біздің теңге айналымға енгізілген кезде сомнан 2,5 есе қымбат болды. Ол кезде 1 теңге 500 рубль болатын.

Енді бүгінгі валюта бағамын қарастырайық: 1 сом = 5,2 теңге. Бұл біздің теңгенің сомға қатысты осы кезеңде 13 есе (1300%) арзандағанын білдіреді. Қазақстан теңгесінің қырғыз сомына осылайша құлдырауын халыққа ешқандай экономикалық түсініктермен түсіндіру мүмкін емес.

Қазақстан табиғи ресурстарға өте бай және олардың өндірілуі де орасан зор қарқында. Тек 2021 жылдың өзінде мұнай өндіру 600 миллион баррельден астам, табиғи газ өндіру 55 миллиард текше метрді құрады. Сонымен қатар, біз орасан зор көлемде түсті және қара металл, алтын, бидай, т.б. өндіріп, экспорттаймыз.

Қырғызстанда негізгі табиғи ресурс – алтын ғана. Онда да біздің елмен салыстырғанда 3 есе аз өндіріледі. Қырғызстанда мұнай да, газ да жоқ. Бірақ ұлттық валютасы өз бағамын бізге қарағанда қалыпты ұстап тұр. Салыстырып, түсіне беріңіз.

Бізде… түбі жоқ жемқорлық бар.

Ұлттық банк теңге мен шетел валютасы айналымының балансын жасап, олардың еркін нарық ережелеріне сәйкестігін бақылап, ұлттық валютаны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар дайындауы тиіс. Экспорттық түсімдерді арттыру, импорттық тауарларды отандық тауарлармен алмастыру арқылы валюталық шығындарды азайтуы керек. Мысалы, Қорғастағы сияқты кедендік төлемдердегі теңгерімсіздік жағдайларына жол бермеу керек. Айта берсек, атқарылатын іс те, көрер көзге көрінбей қалған осындай мәселелер де жетерлік.

– Статистиканы сөйлетейік: 2021 жылғы қорытынды бойынша, жылдық инфляция 8,4%-ды құрады. Соның салдарынан күнделікті тұтынатыназық-түлік 9,9%-ға қымбаттады. Жоғары инфляция кезінде Ұлттық банктің шарақолданбауының себебі неде деп ойлайсыз?

– Инфляцияны ұстап тұру Ұлттық банктің негізгі жұмысы. Осы кезге дейінгі Ұлттық банк төрағаларының қайсысы теңге құны құлдырамау үшін не істеді қане?! Ұлттық банктің барлық төрағаларының тұсында теңгенің шетел валюталарына шаққандағы бағамы төмендеп отырды және әлі де төмендеп келеді.

Аты жер жаратын «Стратегиялық жоспарлау агенттігі» қандай ауқымды жұмыс жасады? Осы агенттіктің тікелей ұсынысымен Халықаралық Астана финанс орталығы құрылды. Оның бастығы – Келімбетов болды. Қандай жұмыстар атқарды, айта аламыз ба?

Бұл орталықтың теңге үшін орасан зияннан басқа түк те пайдасы жоқ. 1632 гектар территорияда 70 мың шаршы метр офис орналасқан. Мамандарының басым бөлігі шетелдіктер. Оларға шетел валютасымен төленетін айлықтың мөлшері айтпаса да түсінікті. Мұндай орталықты ұйымдастырудан бұрын кіріс-шығысты есептеп, көрпеге қарап көсілуіміз керек еді.

Ұлттық банкті бір кездері «таптырмас, қайталанбас» экономист Келімбетов те басқарған. Оның еліміздің бас банкіндегі жұмысы теңгенің бірнеше рет құлдырауынан басталды. Бұл 2014 жылдың 11 ақпаны болатын. Есіңізде болса, соның салдарынан халық көтеріліп, митингілер өткен.

Бәріңізге белгілі А. Марченко Ұлттық банкті талай рет басқарып, теңгені қолдауға еш әрекет жасамады. Керісінше, 2009 жылдың 4 ақпанында теңгені негізсіз 25 пайызға құнсыздандырып жіберді. Сөйте тұра осындай «ұлы» экономист-банкирлердің барлығы Статистика агенттігімен бірігіп, инфляция бақылауда, бізде бәрі жақсы деп есеп беріп отырды ғой. Яғни біздің Ұлттың банк қолданған шара қағаз жүзіндегі күмәнді есеп беру ғана.

Келесі бір басшыны мысалға келтірейін. Д. Ақышев Ұлттық банкке келгенде теңге бағамын Ресей рубліне «байлап», қойды. Ұлттық валюта одан нығайған жоқ, қайта, керісінше, одан кейін теңге бағамының айналымдағы жағдайы айтарлықтай нашарлап кетті. Биржада мұнай бағасы өскенмен, егер рубль құны көтерілмесе, теңге де міз бақпайтынын байқап жүрген боларсыздар? Міне, біздің Ұлттық банкті басқарған «ұлы банкирлер» осындай жұмыстар атқарған. Сондықтан инфляция мен теңге бағамының тұрақтауы туралы қандай да бір болымды бағдарлама немесе әрекет туралы айтудың өзі күлкілі.

Еліміздегі стратегиялық жоспарлау агенттігінің, экономика министрлігінің, финанс министрлігінің, кеден комитетінің жұмыстарына сәйкес, Ұлттық банк экспорт-импорт операцияларының балансын жасап, оның орындалуын тікелей қадағалауы керек. Олай болмаған жағдайда Ұлттық банк теңгені тұрақтандыра алмайды.

Егер Қазақстан теңге бағамын тежемесе, халықтың кедейшілігіне қатысты қазіргі жағдайды өзгерту мүмкін емес. Теңге нығаймайынша, бюджет қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақы мен жәрдемақыны әр тоқсан немесе жыл сайын үнемі көбейтумен инфляцияны қуып жету мүмкін емес.

– Не істеу керек?

– Кез келген мемлекет өз ішінде тұтынатын тауарларды өзі өндірмесе, ол импортқа тәуелді болады, импорт өз валютасының тікелей жауы.

Қазақтың ежелгі кәсібі – мал өсірсек те, астық өсірсек те импортқа тәуелдіміз. Малға қажетті дәрі-дәрмекті, тіпті соларды алып жүретін дорбаға дейін шетелден аламыз. Трактор, комбайн, т.б. техникалар түгел валютаға келеді. Осыларды өзімізде өндіру үшін үкімет ешқандай ауқымды іс-әрекет жасамады, оны ешбір басшы талап етпеді. Осы жағдайларды өзгертпей теңге тұрақталмайды.

Қараңызшы, үстіміздегі киімнің 99 пайызы тіпті күнделікті қолданатын қасық пен шанышқыны да шетелден аламыз.Тіпті, сүт өнімдерің 23 %, ет пен құс өнімдерінің 38%, шұжық өнімдерінің 44% шетелден алып отырмыз.

Елімізде алюминий өндіріледі, одан халық тұтынатын ешқандай тауар жасамаймыз, мыс өндіріледі одан да ешнәрсе шығарылмайды. Малдың терісін тастау, жүнін өртеу. Қалай жаның ауырмайды? Үкімет бұл жөнінде не істеді?

Стратегиялық жоспарлау агенттігі жасаған 2021 жылы (бастық – Келімбетов) Қазақстаның, бүкіл халықтық жоспардың айрықшылығы деген құжатта халықтың әл ауқатын көтеру керек деген сөз ешқандай іс шарамен нақтыланбаған, ал теңгені тұрақтандыру дегеннің аты да аталмаған.

Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру мәселесінде, инфляцияны төмендету мәселесінде дым жұмыс жасамайды деп айтпаймын, бірақ ешқандай нәтиже болмаса ондай жұмыстың қажеті қанша?

Өткен 18 жылдың ішінде теңгенің құны өте қатты төмендеп кетті, оның себептерін анықтап, жауапты мамандардың жұмысын сынап, оны тұрақтандыру үшін қандай іс-шаралар жасау жөнінде бір де бір мәселе көтерілмеді.

Шынтуайтына келгенде, біздің еліміз үшін бұл өте ауқымды жұмысқа тікелей Мемлекет басшысы көңіл аудармаса, әрі қарай осылай бола беретіні сөзсіз. Тікелей өзі шеше алмаса да, мәселені көтеру Ұлттық банктің міндеті, оның басшысы сол үшін жауапты.

– Толымбек аға, біздің ұлттық экономикалық драйверіміз – мұнай-газ саласы. Сарапшылар ендігі 40 жылда ол да түгесіледі деп дабыл қағуда. Оның орнын немен алмастыруымыз қажет?

– Мұнай бағасының өсуі оны экспорттаушылар үшін өте тиімді, ал оны өндірмей тек сатып алып пайдаланушыларға әрине тиімсіз.

Араб елдерінің көпшілігі мұнай сатудың арқасында байыды, бірақ олар мұнай табыстарын өте тиімді пайдаланудың арқасында ішкі жалпы өнімнің мұнай табысына тәуелдігін әлдеқайда төмендетті.

Бір ғана мысал айтайын: электр энергиясын өндіру қуаты Біріккен Араб Әмірлігінде 1992 жылы 4 400 Мвт болса, қазіргі заманда 30 000 Мвт асады. Олар электр энергиясымен өзін түгелдей қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да сатады. Ал Қазақстанда болса сол 1992 жылдағы 20 000 Мвт шамасында қалып қойды, оның көпшілігі әбден тозығы жетіп отыр.

Мысалы, Қазақстанның ен үлкен электр қуатын өндіруші Екібастұздың ГРЭС-1 станциясы 4000 Мвт қуатпен жұмыс істеу қабілеті 2500 Мвт аспайды. Ақсу ГРЭС станциясының 8 блоктың, 5-6 ғанасы жұмыс істейді.

Ең сорақысы – Қазақстан электростанцияларының басым бөлігі шетелдік инвесторлардың меншігінде. Олар Қазақстан энергетикасының болашағы үшін жұмыс істемейді, өздеріне қажетін алып тұрса болды.

Жалпы, стратегиялық нысандарды шетелдік инвесторларға сату, өз болашағымызды ойламау деп есептеймін.

Араб Әмірлігінде біздің «Самұрық-Қазына» сияқты ұлттық инвестициялық қор бар. Ол қордың негізгі мақсаттарының бірі – өз валютасын тұрақтандыруға бағытталған.

БАЭ экономикасының тиімділігі сонша, оларда біздегі сияқты дирхам құнсызданбайды, керісінше, дирхам қымбаттап кетпеуі үшін ұлттық инвестиция қорының қаржысын басқа елдерге инвестициялайды, одан табатын табыс халқының болашағына сақталады.

Қазақстанда «Самұрық-Қазына» қоры болашақ үшін ештеңе істеп жатқан жоқ, керісінше, белшесінен қарызға батып отыр. Теңгенің құнын қорғау олардың мақсаты болып отырған жоқ. Ондай қорды, қайта құрып, оңтайландыру да керек емес. Оны ойланбай ақ жабу керек.

Болашақта мұнай қаржысы болмаған кезде Қазақстан экономикасын басқа табыс көздеріне бейімдеуде жарытып ештеңе істеліп жатқан жоқ. Өзімізде күнделікті пайдаланатын тауарлар, құрал-жабдықтар өндіретін, киім-кешек, тамақ өнімдерін мейлінше өзіміз өндіретіндей болуымыз керек. Оны ешкім есептеп, баланс жасап отырған жоқ.

Бір мысал айта кетейін – күнделікті тұрмыста пайдаланатын әртүрлі су, жылу жүйесінің крандарынан бастап үлкен электр жылу станцияларындағы су-жылу жүйесіндегі арнайы винтильдерді, ілмекті (запорная), арматураны ешкім өндірмейді десе болады. Ол туралы өкіметтік органдар толыққанды, іс-шара қарастырмайды. Олардың басым бөлігі шетелден сатып алу теңгеге тікелей кері әсерін тигізіп отыр.

Өзімізде пайдаланылатын өнімдерді өндіретін кәсіпкерлерге мемлекет арнайы жеңілдіктер қарастырып, оларды қаржыландыруға жоспарлы түрде көмектесуі керек. Осы жұмыстарды қалай болса солай, стихиялық түрде емес, арнайы жасалған үкіметтік жоспарлар арқылы іске асыру керек. Стратегиялық жоспарлау агенттігінің негізгі жұмысы – ішкі өндірісті жоспарлап, болашақта ешкімнен тәуелді болмауымызды қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан сияқты орасан табиғи байлығы көп елде, ел валютасы – теңге құнының құлдырап, шексіз, тоқтаусыз төмендеуі, халықтың басым көпшілігінің кедейленуі миға қонбайтын құбылыс.

Ал ел басқарып отырған, облыс басқарып отырғандардың барлығы дерлік байлар. Парадокс! Қылмыс!

– Енді бізде осы жағдайдың бәрін реттеп, төл теңгеміздің құнын көтеретін, тиімді стратегиялық қадамдар жасайтын жан бар ма? Жалпы, Қазақстанның Ұлттық банкін басқаруға лайық деп кімді атар едіңіз?

– 2022 жылдың 11 қаңтарында Елбасы теңгеге деген сенімді қалпына келтіру керектігін айтты. Ал Ұлттық банк теңге бағамын қалай төмендетті, әлі солай жалғастыруда. Біздегі кадр мәселесі… Ұлттық банктің бір кездердегі басшысы бұған дейін Денсаулық сақтау министрі болған, кейін Экономика министрі болды. Қалай ойлайсыз, олар шынымен де жан-жақты ма? Әлде жай ғана осылай жасау қолайлы болып тұр ма?

Елбасы халықтың табысын арттыру міндетін қойды. Бірақ қалай? Жалақыны және басқа да бюджеттік төлемдерді көбейту керек пе?

Халықтың негізгі бөлігі кәсіпкерлік ортада жұмыс істейді. Бірақ әрбір кәсіпкер өз қызметкерлерінің жалақысын ұдайы және үнемі көбейте алмайды. Ең бастысы, жалақы мен басқа да төлемдерді көтеру түптің түбінде теңгеге ауыр жүктеме болады. Оның салдарынан теңге құлдырайды. Бұл цикл отыз жылдан бері осылай жалғасып келе жатыр.

Елдегі экономикалық реформаны теңгенің нығаюынан бастау керек. Доллар кем дегенде 300 теңге болса, халықтың нақты табысы елеулі түрде көтеріледі. Ол үшін шетелге алып кеткен барлық валютаны қайтару керек.

Теңгенің бағамын нығайту, сол арқылы мықты экономикаға қол жеткізу әбден мүмкін нәрсе. Бірақ бұл өте күрделі мәселе – бұл саясат.

– Сөзіңізге қарағанда, бұл әзірге басы-аяғы көрінбейтін тұйық шеңбер сияқты ғой. Дегенмен ерте ме, кеш пе, туннельдің соңынан сәуле көрінуі тиіс қой. Сол күнге ертерек жетсек деп тілейік. Уақыт бөлгеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Н. ЕРҒАРА

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *