ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Экономика Қоғам
656 Views

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметке 2 айдың ішіндехалықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды. Президент тапсырмасы мынадай:

Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек.

Үкімет «Атамекен» палатасымен бірге 2 айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуі тиіс.

Үкімет Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.

Қ. Тоқаев «Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуы тиіс», – деп атап көрсетті. Ал енді халықтың табысын арттыру үшін не істеу керек? Қандай мәселелер басты назарда болуы тиіс?

Ерлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты:

КЕДЕЙЛЕРДІҢ САНЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне 6 доллар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны – ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 миллион не одан да жоғары екенін айтады. Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60%-ы деңгейінде белгіленеді.

Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі 36 мың теңгені құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған қулығы. Яғни әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек.

«Nur Otan» партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы ұсынды:

1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес, Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.

2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.

3. Ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.

4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.

5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.

Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты:

ХАЛЫҚТЫ БАҒАНЫҢ ӨСУІНЕН ҚОРҒАУ КЕРЕК

Ресми статистика бойынша, былтыр инфляция 8,4%-ды құрады. Нақты инфляция әлдеқайда жоғары. Бұл жерде алданудың қажеті жоқ. Коммуналдық қызметтер үшін төлемдер қазақстандықтардың бұрынғы дәуірге оралуға деген ықыласын тудыруда. Егер сіз дүкендердегі бағаларды қарасаңыз, қарақұмық жармасын қарақұмық уылдырығы, ал тауық жұмыртқаларын «Фаберже» жұмыртқалары деп атауларын ауыстырудың уақыты келген сияқты.

Қазақстан кейбір азық-түлік өнімдерінің импортына тәуелді. Бұл импорт 3 миллиард АҚШ долларынан асады. Оны түбегейлі шешу үшін біз осы тауарларды Қазақстанда өндіруді және шығаруды жолға қоюымыз керек. Әрине, оған дейін халықты бағаның өсуінен қорғау бойынша шұғыл шаралар қажет.

Бірінші – зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерді инфляциядан жоғары деңгейге индекстеу. Яғни ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерін өсіру. Яғни, базалық зейнетақылар, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақылар, мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге арналған жәрдемақылар мөлшері, атаулы көмектің көлемі ұлғаяды. Жалпы бұл 3 миллион қазақстандыққа қатысты болады.

Екінші – тарифтерді әлеуметтік төлемдерді индекстеу деңгейінен жоғары көтеруге тыйым салу енгізілсін. Монополистер халықтың әлеуметтік осал санаттарына ортақ бағадан төмен сараланған тариф белгілеуі міндеттелсін. Олардың бұл шығындарын субсидиялау есебінен өтеуге болады.

Үшінші – статистикаға сәйкес отбасының әрбір мүшесіне есептегенде 25 мың теңгеден төмен кіріс кіретін отбасылар аз қамтылған отбасыларға жатады. Халықтың мұндай санаты үшін тегін азық-түлік карталарын енгізуді қарастыру қажет, оларды енгізуді цифрлық әлеуметтік әмиянды енгізумен байланыстыруға болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *