ТИІМСІЗ ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ БОЙЫНША 95,6 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛҒАН

Ақорда
640 Views

Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтықабылдады. Агенттік төрағасы өткен жылы атқарған жұмысының негізгі нәтижелеріжайында баяндады.

Алик Шпекбаев Мемлекет басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылуы және еліміздің Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша ілгерілегені туралы айтты. Агенттік төрағасының айтуынша, жүйелі жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың арқасында Қазақстан аталған рейтингте алғаш рет 38 балл жинаған. Бұл еліміздің 19 сатыға жоғары көтеріліп, 94-ші орынға табан тіреуіне мүмкіндік берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттіктің шығындарды өтеу және тиімсіз жұмсалған қаржының алдын алу бойынша атқарған жұмысының нәтижесінде 95,6 миллиард теңгенің кері қайтарылғанын, оның экономикалық тиімділігін оң бағалады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 5 пайызға төмендегенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамалық бастамаларды сапалы түрде жүзеге асыруға және ЭЫДҰ мен ГРЕКО стандарттарына сәйкес салалық заңнаманы жаңғыртуды жалғастыруға, оның ішінде, шенеуніктердің шығыстары мен кірістері бір-біріне сәйкес келмегені үшін жауапкершілік енгізу мәселесіне назар аударды.

Кездесу соңында Президент Агенттік төрағасына жазаны бұлтартпай орындау қағидатын қатаң сақтаудың маңызды екенін айтып, қылмыстың алдын алу ісінде азаматтық қоғаммен байыпты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Төраға жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің алдағы жоспарлары, жақында таратылған Қаржы мониторингі комитетінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы баяндады.

Президентке Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ шеңберінде Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) нормаларын іске асыруды өзара бағалаудың екінші кезеңін өткізуге дайындық барысы туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *