ЕЛБАСЫ АРМАНЫ

Ақорда
1 212 Views

«Арман» деген қандай тәтті сөз! Оған қызықпайтын адам жоқ-ау, сірә. Шыбық ат мініп, шапқылап жүрген баланың да арманы бар. Сексеннің сеңгіріндегі, тоқсанның төріндегі, жүздің желкесіндегі қарияда да ол жоқ емес. Тіпті көп болуы да мүмкін. Дүние сырларын тереңірек түсіне бастайтын жастағы Ұлы Абай арманының көбейе («ұлғайды арман») түскенін айтпаушы ма еді. Бұл бір ақ қанатты періште сияқты сөз ғой. Кімнің аузынан шықса да, кімнің көңіліне ұяласа да оның мән-мағынасы өзгеріске ұшырай бермейді, жақсылыққа қол созудың алғышарты ретінде қалады…

Білген адамға арман түрлі-түрлі. Асқақтары бар, жер бауырлаған пәкенелері де аз емес. Рас қой. Анау қара құрлықтағы миллиондаған адамдардың арманы көп ретте қарын тойдырудан биікке көтеріле алмайды. Сол сияқты менің, оның және Сіздердің көкейлеріңізге қонып отырған осынау ақ құстың самғауы да сан түрлі. Бірақ оны біріміз шетелдік көлік мінудің деңгейіне дейін төмендетсек, екіншіміз бір құзыретті адамның шарапатына бөлену аясымен шектелеміз.

Армансыз адам бола ма? Ол Президенттердің де санасына ұялайтын ұғым. Байқасақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да арманы көп екен. Алайда, осы арада өзіміз түсінген бір нәрсені ортаға сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Ел басқарған көсемдердің, топ бастаған шешендердің бәрі біркелкі емес. Жұмыр жер бетінде 200-дей мемлекет болса, солардың көшбасшылары арасында «Президент» деген аса мәртебелі ұғым-түсінікті, қасиетті де киелі сөзді жеке басының пайымдарына, өзінің мінез-құлқына, арман-мақсатына қарай иіп, икемдеп, меншіктеп алғандар жоқ деймісіз. Бар ғой. Сол сияқты осынау халық сенімін арқалаған ерекше қызметті сол халықтың өзін байлап-матап ұстауға пайдаланатындар ше? Табылады. Ал…

Тағдырдың өзі тарих сахнасына шығарған, шығарар алдында асықпай баптап, кемеліне келтірген біздің Елбасымыз жоғарыда айтылғандарға керісінше өзінің бар болмыс-бітімін, ақыл-ойын, қарым-қабілетін, мінез-құлқын халық сенімін ақтау мақсатына толайым жұмылдырып жүрген басшы. Сондықтан да оның армандары да басқаша. Биік. Кең. Терең… Санасында, жүрегінде қайнап піскен, уақыт аясынан, өлшем шегінен асып та кетіп жататын, өткен ғасырлар мен алдағы болашақтың арасын жалғап жататын армандар. Яғни, бүгінгі біздің ғана емес, ата-бабаларымыз бен келешек заман адамдары ой-армандарының қосындысы. Оны түсіндіру үшін жаңа бір сөз ойлап табуды қажет ететін құбылыстар. О баста Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет етуден басталған Елбасы арманы Мәңгілік елге қарай озды. Жай ғана жылжып бара жатқан жоқ, мәңгілікке қалар із тастап барады. Әсіресе соңғы жылдары біз Нұрағаның орындалған асқақ армандарының жиі куәсі болып жүрміз.

Қайсыбір азуын айға білеген ел-мемлекеттердің басшылары бір-бірін атом бомбасымен қорқытып отырғанда біздің Елбасымыз сол жойқын қарудан бас тартып, бүкіл соғысқұмарлардың зәресін ұшырды. «Бейбітшілік» деген сөздің теңдессіз сиқырлы күш-қуаты бар екенін төрткүл әлемге паш етті. Үлгі етті. Тығырықтан шығар жол барын көрсетті… Батпақтаудан, шоқырақтаудан, қашып-пысып, бой тасалаудан, қорқу мен қорқытудан шаршағандар (шаршамау, түңілмеу мүмкін де емес) ақырында, айналып келгенде ұлы Назарбаев ұсынған сара жолға түспегенде қайда барады? Түседі. Түптің түбінде қателіктерін түсінеді. Әріптестің кемеңгерлігін әлі-ақ мойындайды…

«Бала өскен сайын оның проблемасы да үлкейе береді» дегенді күнде еске аламыз. Сол сияқты жеріміз кең-байтақ болған соң оның игіліктерімен қатар қиындықтары да кездеспей тұрмайды. Осыны дер кезінде, алдын ала пайымдаған Мемлекет басшымыз шекара мәселесін шегендеуді бірден қолға алды. Шекарамен бірге астана мәселесін де біржола шешті. Жалпы ұлы далада талай мемлекет пайда болған, талай мемлекет тараған, соған орай талай астанасы да бой көтерген. Солардың өз міндеттерін мінсіз атқарғаны бар ма еді? Бірі шеткері жатты. Екіншісі… Үшіншісі… Заман-уақыт талабына жауап берердей қапысыз таңдалғаны жоқ екен… Сөйтіп егемендіктің ала-көбең шағында, ел-жұрттың және мемлекет жерінің ортасынан жаңа астана таңдалды. Таңдау дұрыс па еді? Сенбедік. Күдіктендік. Сыбырладық. Күбірледік… Ақыры, міне, малақайымызды аспанға атып жүрміз. Астана заманауи сұлу, ақылды қала болып қана қойған жоқ, ол бейбітшілік идеялары тоғысқан қалаға айналды. Ол… тіл-көзіміз тасқа, қазақтың ғана емес, көптеген ұлттар мен ұлыстардың көз қуанышына, арманына айналды. Елбасының орындалған көп арманының бірі десек те болады. Астана туралы бір толғанғанда бір кітап жазуға мүмкіндік жетеді. Біз бірін ғана айтайықшы, Н.Ә.Назарбаев бүкіл ел басқарған кезінде басқа ештеңе жасамай-ақ, тек қана Астана орманын жайқалтқан болса, осы бір еңбегімен ғана тарихта мәңгіге қалған хандар мен шахтардың, Президенттер мен корольдердің, патшалардың алдыңғы легінен орын алатыны талассыз емес пе?! Иә, бір ғана орманымен. Ал, оның орманнан басқа мың-сан еңбегін, бастамаларын, идеяларын … тізе бастасақ … онда шын мәнінде азуды айға білеуге тура келеді.

Кез келген қайнардың, өзен мен дарияның ұзына бойындағы судың деңгейі бірдей бола бермейді. Кез келген қызметте, жұмыста осындай бір табиғилық бар. Бірақ, шапқан сайын шабысы үдей беретін ерен жүйріктер бар емес пе. Біздің Президентіміз де сондай, таусылмайтын кеніш дерсіз. Тіпті небір қиялшыл, арманшыл, ұшқыр ойлы патриоттардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін тамаша идеяларды халқына топтап ұсынумен келеді. Соның бір жарқын мысалы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы. Бұл еңбек біреудің біреуге айтып жеткізуіне көне бермейтін телегей-теңіз дүние! Оны оқу керек! Қайта-қайта оқу керек! Осы бір еңбектің бойына қаншама арман сыйған десеңізші! Бәрі де халықтық армандар! Жеке бастың мүддесін көздейтін бірін таппайсыз.

Тым биіктен адамның басы айналады. Тым биік армандардың да көбіне жүзеге аспай, тіпті, қиял күйінде қалатыны да белгілі ғой. Рухани жаңғыруда шеті, ұшы, төбесі көрінген асқақ армандар көп ұзамай ақ қағаздың бетінен шығып, көп арасына келіп, қолжетімді бола бастады. Біз үндемей-ақ қоялық, өзіңіз санамалап көріңізші.

Президентіміздің арманы қазақпен ғана шектелмей, жалпы адамзаттың тілегін ала жүретіні әлем халықтарына белгілі. Елбасы елі мен жерінің бір ауылын, бір көшесін де ұмытпай, олардың бәріне бірдей өзінің шарапатын тигізуді ойлап жүреді. Демек, оның асқақ армандары күншуақты Оңтүстікті де айналып өтпейтінін Сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан Оңтүстікке келуін асыға күтіп жүреміз. Себебі сол – келіп-кеткен қадамдарына гүл бітіп жатады. Бұ жолы тіпті түстік жұрты күтпеген жағымды жаңалықтар, айтулы тарихи оқиғалар, адамның қиялына, дүние танымына сыя бермейтін оң өзгерістер туралы алғаш естігенде көпшіліктің не сенерін, не сенбесін білмегені анық. Ең бір көпті көрген сұңғыласының өзі «Әй, қайдам?» дегенше болған жоқ, Шымкент үшінші мегаполис атанып, тікелей орталыққа бағынатын қалаға айналып, облыстан еншісін алып шыға келді. Көне Түркістан, өсіп-дамуы кенжелеп қалған Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болып, айды аспанға шығарды. Жетісай, Келес аудандары қайта ашылды. Осының бәрі сөзбен, жиын-жиналыспен, Жарлық, бұйрықтармен шектеліп қалмай, қайнаған жұмыс басталып кетті. Түркістан барлық министрлердің де, Үкімет басшыларының да қайын-жұртына, туған-өскен қаласына айналғандай… Жоғары шенділерді Түркістаннан күнде көретін күнге жеттік. Елбасы жеткізді. Жетеріміздің көбі, биігі әлі алда, биікте екеніне сеніп отырмыз.

Елбасының Жарлықтары мен тапсырмалары бүкіл Қазақстанды қимыл-қозғалысқа келтіретініне үйренгенбіз. Ол бұнымен шектелмейтін сыңай танытты. Шетелдерге жасаған сапарында осы жаңалықтың, осы қадамның қазақ еліне, жеріне ғана емес, бүкіл түркі жұртына, Ислам дүниесіне де құт болатынын жеткізді. Түркілер ғана емес, мұсылман әлемі елеңдесіп қалды. Оны айтасыз, ұлт атауымен, мұсылман дүниесімен шектелмейтін, жер ортақ, күн ортақ, Құдай біреу деп білетін адамзат өкілдері Түркістанға қарай ат басын бұрып жатыр.

Түркістанның қазандай бұрқ-сарқ қайнайтын күні алыс болмаса керек. Түркістанның бүкіл әлем халықтарының санасында жүретін, жиі қолданатын, сүйсінетін, баруға-келуге асығып тұратын мекен, шын мәніндегі Түркілер орталығы, шын мәніндегі Екінші Мекке, шын мәніндегі Адамзат қаласы боларына енді күмән жоқ шығар.

Кенжетай ҚАЙДАУЫЛ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *