Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалубарысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқанаудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бекітілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, 14 шілдедегі деректе 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.
Облыста 1 шілдеге дейін 7769,5 млн. теңге игерілді немесе жоспар 98,37 % орындалды.
Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРДА 5000 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ ЖОСПАРЛАНДЫ
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік Кодекс» өз күшіне енді. Елімізде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап орталықтары» филиал ретінде қайта қызметін бастады. Осы орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау бойынша мәжіліс өтті. Жиында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды.
Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап орталықтары» құрылды. Аталған орталықтардың қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелерді заман талабына сай жабдықтау жоспарлануда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан және қала әкімдеріне тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді және көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды сапалы атқаруды міндеттеді.
– Әрбір аудан, қала әкімдері, осы саланы қайта жіті қарап шығыңыздар. Жұмысты жүйелеу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілсін. Сонда ғана экономика көтеріледі. Жауапты басқарма жұмыспен қамту бойынша жаңа өзгерістерді сапалы жүзеге асырсын, – деді өңір басшысы.
Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жаңа жұмыс орындарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылатын жоспарларды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» бағыты бойынша 84 056 адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау, оның ішінде 44 729 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланды. 1 шілдеге 60 072 адам жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары аясында 16 416 адам тұрақты, 28 414 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін 594 адамға шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссияда 249 үміткердің бизнес-жобалары қаралып, 110 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылды. Бұдан бөлек, 2023 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жаңа бизнес идеясын дамытуға 1 380,0 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделген. Бүгінгі таңда грант берудің 1 және 2 легі өткізіліп, 927 адамға гранттар берілді. Үшінші және төртінші лектер бойынша гранттар беруді қыркүйек айында өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда 5000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. 2023 жылдың 1 шілдесіне 184 жоба бойынша жарияланған 1727 бос жұмыс орынына 1384 адам жұмысқа орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орын құру» бағдарламасының жеке бастамалар шеңберінде облыс бойынша 22 595 жұмыс орындарын ашу көзделіп, нақты 13 628 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.
АУЫЛДАРҒА ГАЗ ҚҰБЫРЫН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Бүгінгі таңда Жетісай ауданындағы 112 елдімекеннің 55-і табиғи газбен қамтылған. Шалғайда орналасқан 7 елдімекенді қоспағанда аудандағы газбен қамту көрсеткіші 50 пайызға жетіп отыр. Ал қалған елдімекендерге көгілдір отын жеткізу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Осы орайда аудан әкімі жұмыс жоспарына сәйкес тұрғындарды табиғи отынмен қамту ісінде ауданда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен барысына бақылау жүргізді. Сондай-ақ, мердігерлермен тілдесіп, құрылыс материалдарының сапасын тексерді.
Бүгінде аудан әкімі Серік Мамытовтың тікелей бақылауымен жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтеріндегі елдімекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елдімекендерін, Абай ауылдық округінің Отан, Бейбітшілік елдімекендерін, Ж.Ералиев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджеттен жалпы 554 591 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
Одан бөлек, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елдімекендерін газбен қамтуға республикалық бюджеттен 181 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сала мамандарының мәліметінше, жергілікті бюджеттен 2020-2022 жылдарға елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 38 елдімекенге жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 149,3 млн теңге бөлінген. Бұл ретте, 26 елдімекеннің жобалау-сметалық құжаттары толығымен әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, 23 елдімекеннің құрылысына қаржы бөлуге ұсынылған.
ЕЛДІМЕКЕНДЕРДІ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Қараспан ауылдық округіне барды. Алдымен Батыр ата ауылындағы табиғи газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда 244 үй бар. Мердігер мекеме тарапынан жер астынан 19 шақырым болатын газ құбыры тартылған. Биыл Қараспан ауылдық округі бойынша 8 елдімекен табиғи газбен қамтылады деп жоспарланған.
Кездесуде аудан әкімі елдімекендерге газ тарту жұмыстары кезінде кемшіліктердің бар екенін де айтып өтті, оны ретке келтіру үшін сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Қараспан ауылын табиғи газбен және таза ауыз сумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрген аудан әкімі мердігерлерге, ауыл әкімі мен сала мамандарына бірқатар ескертулер жасап, жұмыстың сапасына және уақытылы жүргізілуіне қатаң бақылау жасау керектігін айтты. Қазіргі таңда Қараспандағы төрт елдімекенде ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар биыл аяқталып, тапсырылуы тиіс. Келесі жылы үш нысанға жүргізілсе, нәтижесінде барлық елдімекен таза ауыз сумен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Қараспандағы мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, Төреарық елдімекенінде болған аудан әкімі фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысымен танысып, медициналық нысанның мерзімінде пайдалануға берілуін бақылауға алуды тапсырды.
Сапар соңында көшпелі мәжіліс өтіп, ауыл әкімі мен тиісті сала басшыларына Қараспан ауылдық округінде өзекті болып отырған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.
4 ЕЛДІМЕКЕНГЕ АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ҚҰБЫР ТАРТЫЛУДА
Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Бадам ауылдық округінде болып, құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтар болсақ, Ордабасы және Дербес ауылдарындағы ауызсу құбырын тарту жұмыстарын көрді.
Бүгінде Ордабасы ауылына «Ордабасы тарихи-өлкетану қорығынан» ауызсу желісін жүргізу қолға алынған. Қазіргі таңда ұзындығы 2 шақырым болатын траншея қазылып қойылған және қазу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ диаметрі 110 мм болатын 3,5 шақырым полиэтилен құбыр жабыстырылып, жинақталған. Одан бөлек су мұнарасының іргетасы құйылып қойылған. Жалпы, ауызсу желісінің құрылысы аяқталған жағдайда Ордабасы ауылына іргелес жатқан Ұзынбұлақ, Баянбұлақ, Қылышбұлақ және Таңбалыбұлақ ауылдары орталықтандырылған ауызсумен қамтылады. Қазіргі таңда Мамыр елдімекенінен тартылатын ауыз су ұңғымасы қазылып бітіп, Ордабасы ауылына су құбыры жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, 3,5 шақырымға су құбыры жүргізіліп, дәнекерлеу жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары толықтай аяқталса, 1000-ға тарта тұрғыны бар ауыл таза сумен толықтай қамтылады.
Естеріңізге сала кетсек, аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы аталған ауыл тұрғындарымен кездесуде осы мәселе көтерілген болатын. Аудан әкімі мәселені дер кезінде шешу үшін аудандық «Таза су» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тапсырма берген болатын.
Сондай-ақ сапар аясында аудан әкімі Дербес ауылында құрылысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік тіректің жай-күйімен де танысты. Аталған нысан бірер айдан кейін ел игілігіне берілмек.
Сапар соңында Бадам а/о әкімдігінде аудан әкімінің төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтіп, онда ауылдық округте жүргізіліп жатқан жұмыстар сараланды. Жауапты мамандарға, ауыл әкіміне нақты тапсырмалар беріліп, орындау мерзімдері белгіленді.
ҚАЛА АЯЛДАМАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының әкімі М.Доспуловқа инвесторларды тарту арқылы қала аумағындағы ескірген аялдамаларды жаңарту бойынша арнайы тапсырма берген болатын.
Бүгінде сол тапсырма жүйелі іске асып жатыр. Осы орайда, аудан әкімі С.Исмайлов көшесі бойындағы М.Әуезов жалпы орта мектебіне қарсы бетте құрылыс жұмыстары аяқталған аялдамаға барды.
Автобус аялдамасы жолаушылардың қоғамдық көліктерді күтуіне ыңғайлы етіп жасалған. Әкім өз сөзінде алдағы уақытта Сарыағаш қаласы аумағындағы ескірген аялдамаларды жаңарту мақсатында инвесторларды тарту жұмыстары жалғасатынын мәлім етті.
Қазіргі таңда Сарыағаш қаласы аумағында тіркелген жалпы 40 аялдама бекеті бар. Соның ішінде мемлекеттік – 4, Тазалық МКК меншігінде – 7 және кәсіпкерлік мақсатта – 29.
ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түлкібас ауданына қарасты 172 бюджеттік мекеменің қысқы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Жауапты мамандардың аралауы барысында аталған әлеуметтік нысандардың дені алдағы қыс мезгіліне дайын болса, 5 бірдей білім беру мекемелерінің жылу жүйесінде ақаулар анықталған.
Бұл жайында бүгінгі аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің төрағалығымен өткен жиында аудандық ТҮКШЖК және АЖ(ЖКХ) бөлімінің басшысы Н.Ештаев баяндады. Сонымен қатар бөлім басшысы аудан аумағындағы көгілдір отынға қосылмаған нысандарды газға қосу мәселесін де қозғады.
Аудан басшысы білім беру мекемелері тікелей облыстық басқармаға бағынышты екенін ескере келе, аудан аумағындағы мектептердің жылу жүйесіндегі анықталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіру бойынша басқарма басшысына хат жолдауды тапсырды. Ал, денсаулық сақтау саласындағы қатты отынмен жылытылатын нысандардың орнына алдағы 2 жылда жаңа нысандар түсіп, көгілдір отынға өтетіндігін аудандық аурухананың жауапты орынбасары мәлімдеді.
Бұдан бөлек лездемелік жиында аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар барысы қаралды.
Қазіргі таңда ауданда тұрғындар арасында наразылық туындатып отырған өзекті мәселенің біршамасы мердігерлердің салғырттығынан орын алып отырған мәселелер. Нұржан Жақсылықұлы аталған мердігерлердің сот тәртібімен ісін қарауға тиісті құжаттарды өткізіп, мәселені оңтайлы шешу мақсатында олармен нысан басында кездесуді ұйымдастыруды тапсырды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша пилоттық жобаға енген Балықты және Мичурин ауылдық округтерінде жеке кәсіпті жүргізуге ниет білдіруші тұрғындарды барынша қамту керектігін ескертіп, жауапты мамандарға жұмысты қарқындату керектігін атап өтті.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ
ҚР Президенті Жарлығына сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың үшінші тоқсандағы аудан тұрғындарымен кезекті кездесуі Қоғалы ауылдық округінде жалғасын тапты. Басқосу барысында тұрғындарды ауданның әлеуметтік экономикалық дамуының жарты жылдық қорытындысымен таныстырды. ІІ кездесуде округ халқы көтерген мәселелердің орындалу барысын баяндады.
Үш елді мекеннен құралған ауылдық округ аумағындағы облыстық маңызы бар жолдар – 15,6 шақырымды құраса, қанағаттарлық жағдайы – 81,7 %, жыл қорытындысымен 98 % жетеді деп жоспарлануда. 28,5 шақырымды құрайтын елді мекеннің ішкі көшелерінің жарамдылығы жыл соңына дейін 92 % жететін болады. Ұзындығы 36 шақырымды құрайтын КХ-82 автомобиль жолының 34-70 шақырымдары (Диханкөл-Қасқасу-Зертас) аралығын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталған. Асфальт төсеу жұмыстары биыл аяқталады. Ағымдағы жылы «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы аясында Диханкөл елді мекенінің 4,2 шақырым Алмалы көшесін орта жөндеу жұмыстары басталды.
Ауыз су саласында бірқатар жұмыстар жоспарланған болатын. Атап айтқанда, 2023 жылы Ұзынарық, Алшалы елді мекендерінің ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары басталды. Диханкөл елді мекенінің ауыз су құбырын жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы қаралды. Қазіргі кезде облыс тарапынан мердігер анықталуда.
Диханкөл елді мекені, орталық Бәйтерек көшесіне салынған асфальттың жаны ойылып кетпес үшін суағар қою мақсатында
сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024 жылға бюджеттік өтінім беріледі.
Ұзынарық елді мекеніндегі мектептің акт залына 2023 жылдың мамыр айында жарамды 50 орындық берілген, оқу жылы басталғанға дейін қосымша 50 орындық беріледі.
Ұзынарық елді мекені, Бұлақты көшесінің электр бағаналары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Төлеби аудандық электр жүйелері мекемесінің инвест бағдарламасына енгізілді. 2024 жылы электр бағаналары жаңартылатын болады.
Алшалы елді мекені Ынтымақ көшесіне «Жарық жол» мекемесі арқылы тамыз айына дейін ағымдағы жөндеу (ямочные работы) жасалатын болады.
Алшалы елді мекені Бірлік көшесінің 0,81 шақырымын жөндеу үшін сметалық құжаты әзірленіп, 2024 жылға бюджеттік өтінім берілетін болады.
Аудандық маңызы бар КХТЛ-24 Ұзынарық – Алшалы арасындағы жол бойындағы көпірге жасалған жобаның мерзімі өтуіне байланысты жобаны қайта өзгертуге (корректировка) «Улмад» ЖШС ұсыныс берілді. Алайда жобаны әзірлеп, сараптамадан өткізуге 18,0 млн теңге қажет. Алдағы болатын бюджеттік нақтылауға қаржы қарауға ұсынылатын болады.
Облыстық бюджеттен 2024 жылға көпір құрылысына қаржыландыруға ұсынылады.
Округте 6,3 шақырым жолға түнгі жарық орнатылған. Орталық жолдар толығымен жарықтандырылған. 4,8 шақырым жерге аяқжол салынған. Диханкөл орталық жолына тротуар су жүйесінің құрылысынан кейін жасалатын болады.
Кездесуде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылап, сұрақтарына жауап берді. Жиында округ халқының өтініш, ұсыныс-пікірлерін сараптап, сұранысы бойынша хаттама түзіліп, ол бойынша атқарылған жұмыстар барысын бақылауға алатынын жеткізді.
«АУЫЛДАРЫН ГАЗДАНДЫРУ КҮЗГЕ ДЕЙІН АЯҚТАЛУЫ КЕРЕК»
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Амангелді, Ынталы ауылдарындағы көгілдір отын жеткізу жұмыстарымен танысты.
Газ құбырларын тартып жатқан аймақта мердігер мекеме басшыларымен кездескен аудан басшысы құрылыс жұмыстарын қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, межелі мерзімде толықтай аяқтауды тапсырды.
«Ауылдық округ әкімдігі мен салаға жауапты мекеме қызметкерлері ауылдағы көшелерді аралап, тұрындарға іргеге келіп тұрған газды жеке секторларға кіргізу жағын түсіндіру қажет. Осылайша қосылу көрсеткішін 90 пайыздан асырып, ауылды газдандыру мәселесін күз айына дейін шешуіміз қажет», — деді аудан басшысы көшпелі кездесуде.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Амангелді ауылында 150-ге тарта үйге газ құбырлары тартылса, Ынталыда 200-ден асқан.