АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ – ҰЛЫ БІРЛІКТІҢ ЖЕҢІСІ

Тарих
719 Views

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына – 300 жыл

АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ – ҰЛЫ БІРЛІКТІҢ ЖЕҢІСІ

Өткен мен бүгіннің арасындағы терең тағылымды төл тарихымыз күннен-күнге толыға түсуде. Әсіресе, Отанымыздың бұрын көлеңкеде ысырылып қалған, елдігімізді айқындататын, сөйтіп, қоғамдық пікірді толыққанды қалыптастыратын тұстарымыз әлі көп.

ХVІІІ ғасырда тыныш жатқан Қазақ даласына Жоңғардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасап, басып кіріп, қазақ халқын қырғынға ұшыратты. Қазақ халқының басына бұрын соңды болмаған зобалаң күн туып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласты. Жоңғарлар Қазақ жерінің территориясын дерліктей басып алды. Үдере шегінген қазақтар Ходжент, Самарқан, Бұқара иеліктеріне дейін өтті. «Елім-айлаған» халықтың көбі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Қазақ халқына ұлт ретінде жойылып кету қаупі туды. Кейбір рулар шапқыншылықта басқа ұлттарға сіңіп кетті. Ал жойылмай қалған қазақ ру-тайпаларының батырлары жандарын пида етіп, елін алға жіберіп, әр түрлі жанкешті ұрыс тәсілдерін қолданып, елін аман алуға тырысты.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы (1723–1730) салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңін бейнелейтін ұғым. Жеті жылға созылған тарихи оқиғаның бастау алуына биыл 300 жыл толып отыр. Осынау тарихи зобалаңның шығу себептері, оның халқымыз үшін орны толмас зардабы, жеңісті жылдардың рухани маңыздылығына тоқталып өтуді жөн санадық.

Осы жаугершілік басталардың алдында қазақ даласында ұзақ уақытқа созылған алапат жұттың салдары өте ауыр болды: үш жүздің саяси-әлеуметтік байланысы әлсіреді, халықтың әл-ауқаты төмендеді. Ішкі ала ауыздық, билікке деген талас-тартыс қауіпті жаудың бар екендігін ұмыттырды. Ш.Уәлиханов Жоңғар қалмақтарының шапқыншылық жасап, қазақ халқын ақтабан шұбырындыға ұшыратуының бір себебін жеті жылға ұласқан жұттан азып-тозып ашыққан елдің ауыр жайымен байланысты қарастырды. Ол туралы халық аузында:

Алапат жеті жылдай не жай қойсын,

Айрылдық ауыр дәулет мың жайсаңнан, — деген өлең жолдары қалған.

Яғни жұттан жұтап шыққан жұрт ес жинай алмай жатқан кезде, Жоңғар әскерінің жеті түмен ауыр қолының анталаған басқыншылығына тап болды. Жер аздырған жұт пен жау тоздырған шапқыншылық қазақ елінің хал-ақуалын орасан ойсыратып жіберді.

Жоңғар ханы Цебан Рабдан қазақ жеріне найза, садақпен емес, отты қарулар – зеңбірек, мылтықпен қаруланған қолымен басып кірді.

Бұл зобалаңның тұсында қазақтардың жүз мыңдай қолы шығынға ұшырап, ел ұл-қыздарынан айырылып, мал-мүлкі талан-таражға түсті. Атажұрт, атақонысынан ауып, жаппай босқыншылыққа ұшырады. Қазақ тарихындағы бұл ұлы басқыншылық этностың санасында өшпестей сақталып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи фразеологизм қалыптасты.

Ұлы жүз, Орта жүз қазақтарының Қаратау асып, Сырдан өтіп, Алқакөлде қырғынға ұшыраған жері – «Алқакөл сұлама»; Кіші жүз қазақтарының Қаратаудан Түркістанға келіп, одан Сауранды айналып, Бұхараға бет түзеген шұбырынды көші – «Сауран айналған», ал Орта жүздің бір бөлігінің Қаратаудан солтүстікке қарай ауған шұбырынды жолы «Қайың сауғанда, ел ауғанда» деп келетін фразеологизмдерде көрініс тапты. Қаратауды тастап көшуге мәжбүр болған елден:

Қаратау, қош аман бол, ата мүлкі,

Малменен, елмен екен жердің көркі.

Тәңірінің тағдырына көнбейміз бе?

Дәм бітсе, дем сағатта өлмейміз бе?

Баласы үш момынның қоныс ауды,

Қош енді көреміз бе, көрмейміз бе? – деген жолдар тарих болып қалды.

Негізгі асы ет пен сүт болған босқын қазақтар қайыңның қабығын тіліп, шырынын ішуге, алғыр (ащы өсімдіктің тамыры), қозықұйрық (саңырауқұлақтың түрі) сияқты жеуге жарамды шөптесін өсімдіктерді талғажау етуге мәжбүр болды. Жоңғарлардың шапқыншылығына көршілес қырғыз халқы да ұшырап, атақонысынан Ғиссарға ауа көшеді. Осы жайтқа байланысты қалыптасқан «Қазақ қайың сауғанда, қырғыз Ғиссар ауғанда» деген тарихи фразеологизм аталмыш оқиғаның екі халықтың тағдырына үлкен ауыртпалық әкелгендігін айғақтайды.

Осылайша 1723 жылдың көктемінде Жоңғарлардың жаулап алу жорығы қазақ халқының тарихына «Ұлы апат жылдары» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енген. Шәкәрім Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, «жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы» делінген. Дәл сол жылдары Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді. Қазақтар шайқас алаңында 100 мыңға жуық жауынгерден айырылды, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны бірнеше есе көп болды. Абылай ханның айтуынша, он адамның төртеуі есепке алынбады. Аман қалғандар мал-мүліктерін қалдырып, елінен қашты. Ұлы апат кезінде қазақтар Жетісудың бай жайылымдарын жоғалтып, көшіп-қонудың дәстүрлі бағыттары бұзылды, сауда, қолөнер орталықтары құлдырап, мал саны күрт азайды.

Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскерінде жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан еді. Жеті тұстан сыналай кірген жүз мың жауынгері бар бес қаруы сай олар күрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды. Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастай қашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Ташкент, Сайрам, Түркістан, Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды. Аңыздарда басқыншылардың талай руларды тұтасымен қырып жібергені айтылады.

 «Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған қиын екен,

Қара көзден мөлдіреп жас келеді.

Мына заман қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Мына заман қай заман, бағы заман,

Баяғыдай бола ма тағы заман.

Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын», – деп келетін шексіз қайғыға тұнған сөздері бар «Елім-ай» атты қайғы-зармен бедерленді. Басқыншылық соғыс қазақтардың тоз-тозын шығарды. Ел тоналды. Жайылым мен егістік тапталып, босап қалды, қолөнершілер қаналды, сауда тоқырады, мал басы күрт кеміді. Жұрт бас сауғалап босып кетті. Қос ұлы су Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар да айтып-жеткізгісіз күйзеліске ұшырады. Аштықтың жайлағаны сондай, шежірелерде сақталған хабарларға қарағанда, адамдар өліктерді жерлемей, жеуге мәжбүр болған. Байырғы Бұхара, Хиуа, Ферғана, Самарқан босап қалған.

Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Елім, жерім, халқым деп жаны күйзеліп, елінің ертеңіне алаңдап, бабаларымыз бірлікке ұмтылды, намысқа шапты. Ұлтының ұйытқысы болған хандар, қол бастаған батырлар, дуалы ауыз шешендер, билер тарих сахнасына шықты. Аңырақайда өткен шайқаста қазақ халқы шынығып, шыңдалды, бірлігі нығайды.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күресудегі халықтың бірлігін, рухын нығайтқан, шешімталдықпен азаттық соғысын жүргізіп, жанқиярлықпен шайқасу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс 1726 жылғы күзде Ордабасыда өтті. Осы тарихи құрылтайға байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы тұлғаның есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім. Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы күреске топтастыру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырады. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне, солар ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірлесіп қарсы тұру ұранын көтерді. Ел санасына солай сіңген. Олардың Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш жүз одағын ортақ мүддеге ұйыстырудағы еңбегін, ерекше жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, ұлы кеңесті өткізуде осы аса көрнекті тұлғаларымыз бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткен деген пікірді әділеттілік тұрғысынан қисынды көреміз. Бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің құзырында жүргізілетінін тарихшылар жоққа шығармайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын. Сондықтан да қасіретті шақта қол бастап, қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де тынымсыз азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр хан атақты билердің көмегіне жүгінуді жөн көрген. Атамекенді азат ету жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарының күш біріктіруіне қол жеткізуде оның да осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан Отанды азат ету үшін сарбаздарды жалпақ ел ішінен жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді. Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін бас қолбасшылықты адал атқарды. Ол үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте әбден қаруланған қол жинап, жау қолында қалған астанадан бастап, аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты. Біріккен қазақ әскері соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады.

Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан – Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді. Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті. Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің аңғарларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты.

1728 жылдың көктемінде жоңғарлармен шайқас қазақтардың үлкен жеңісімен аяқталды. Жоңғарлармен қарсыласуды ұйымдастыруда Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Малайсары батырлар маңызды рөл атқарды. Сол кезеңде қазақ халқының бірігуіне үш жүздің билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көп үлес қосты. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саңырық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы Шапырашты Наурызбай да қатысқан.

1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Қордайдан бері асқандағы Аңырақай тауының кең сайында өткен алапат соғыста жер бетінен екі ұлттың – қазақ пен қалмақтың біреуінің мүлде жойылып кететіндігін аңғарған екі қол жан аямай шайқасты. Ұлы қырғын бірнеше күнге созылып, ақыры қалмақтар ойсырай жеңілді. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды.

Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты.

Кейінгі 10-15 жылда халқымызды терең ойға шомдырған бір құбылыс – еліміздің көне замандағы орнықтылығын, саяси дербестігін қорғау жолындағы азаттық күрес туралы пікір жаңғырығы қатты естіле бастады. Соның бірі – Аңырақай шайқасының тарихы. Бұл соғыс, оның орны мен ондағы алып қашпа пікірлер, кейбір жағдайда тіптен тарихи шындықты бұрмалаған жәйттер, түрлі сауалдар туғызатынын байқап жүрміз. Мәселенің анығына көз жеткізу бұрынғы және шаң басқан архив құжаттары негізіндегі жаңа мәліметтерді сыни көзбен қарап, сараптауды талап етеді.

Аңырақай жеңісі бір ғана шайқастағы халық күресінің нәтижесі емес. Тарихтан белгілі, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы ел тағдырындағы моңғол шапқыншылығынан кейін қайталанып көрмеген жантүршігерлік қасірет болса, екінші жағынан, бұл оқиға қазақ хандарының көзін ашты, батырларының тізесін қосты. Тек қана халықтың қорғаныс мүмкіндіктерін бір уысқа шоғырландыру ғана жойқын апаттан елді құтқаруға жол ашатынын байқатты.

Тек елдің ішкі мүмкіндіктерін бір арнаға жүйелеу хандықтардың мұң-мұқтаждығын қорғап қалатындығы, барша күш-қуатты жұмылдыра үйлестіру ғана болашақ шайқастарда жеңісті қамтамасыз ететіні айқындалған еді.

Аңырақай шайқасындағы ұлы жеңістің басты кепілі, сөз жоқ, қазақ хандықтарының өзара, ішкі ынтымақтықпен тізе қосып күреске шығуы еді. Әйтсе де Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Орта жүздің ханы Сәмеке және Ұлы жүздің ханы Болат болып тұрған тұста біздің әскерлердің қалмақтармен соғыста аракідік жеңіліс табуына өзара ауызбірліктің болмауы әсер еткенін де жоққа шығара алмаймыз. Кейбір жағдайда сарбаздарымыздың ұтылып отырғандығының басты себептерінің бірі де өзара түсінушіліктің уақытша болса да іркілуінде еді. Әбілхайырдың бас хандыққа талпынуын да, Сәмекенің жоңғарлардың жойқын жорықтарын есептемей өз дербестігін күшейтуді ойлауы да, Жолбарыс хан өлгеннен кейін Болат ханның Ташкент бектерімен ымыраға келуге тырысуды, Сәмекемен жеке бәсекелестігі де елдің тұтас қорғаныс қабілетін әлсіретті. Тек Ордабасындағы құрылтай Тәукенің өлімінен соң үш хандық арасындағы тереңдеген жікшілдікті тоқтатпайынша, қалмақ шабуылдарынан қанды қырғынға қазақтар ұшырай беретінін ашық айтқызып, оларды өзара бәтуаластырды.

Әрбір ұлтжанды азамат өз халқының, өз елінің тарихын білуге ұмтылуы заңды құбылыс. Содан болар, әр тарихшы өзінше тарих беттерін өрбітіп жатыр. Бұл – өте ауыр да жауапты шаруа. Себебі қазақстандықтардың әр ғасырда өмірге көзқарастары әртүрлі болды. Бұған ұзақ жылдар бойы бодандықта болу көп әсер етті. Отан тарихын жазу үшін оны бірнеше кезеңге бөліп алу дұрыс сияқты. Қазақ тарихының жанашырлары да өз еңбектерін өздері өмір сүрген заманына лайықтап, кезеңдерге бөліп алған. Оның үстіне халқымыздың тарихында болып өткен көптеген, тіпті қарама-қарсы оқиғаларға дұрыс баға беріп, оқиғалардың сипаты мен мәнін дұрыс аша білу ғылыми негізге, бір заңдылыққа сүйенсе ғана шындыққа жетіп, халықтың көңілінен шығады.

Міне, осыдан 300 жыл, яғни үш ғасыр алдында ата-бабаларымызға керек болған «бірлік» ұғымы бүгін де бізге де ауадай қажет. Себебі, әрбір деректі оқи отырып бұл тарихи кезеңдегі жеңісті өзіне еншілегісі келетін жекелеген мүдделерді де көз шалуда. Ел басына күн туған қилы кезеңде ата-бабаларымыз ру мен жүздің намысы үшін емес, қазақ деген халықтың амандығы үшін бастарын бәйгеге тіккендігін ұмытпайық ағайын!

Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертіп, етектен тартқандар енді қазақ елімен санаса бастады. Аңырақай жеңісі тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің тұтастығын сақтап қала алатындығын айқын дәлелдеді.

Мен өзім қойшы баласы болғандықтан Аңырақай тауында талай-талай болғанмын. Әсіресе сол таудың сайларында шөп, тас арасынан сынған қылыш, жебенің ұштарын тауып алушы едік. Ақсөңке боп кейде адам сүйектері кездесіп қалса әкелеріміз бейіт қазып, құран оқытып, көміп жататын. Бүгінгі өсіп-өнген ұрпақ үшін қаншама ата-бабаларымыз жанын шүберекке түйіп елін-жерін қорғады, қаншама жан шейіт болды. Аңырақай шайқасы – орыстың Бородино шайқасы сияқты алапат соғыс қазақтардың керемет ұлы жеңісі! Біз бұл ерлікті, ұйысқан елдігімізді, тастүйін бірлігімізді ешуақ ұмытпауымыз керек. Бірлік бар жерді ғана береке, жеңіс бар! Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысында ұлтымыздың қаһармандарының ел тағдыры мен жер тағдырын батыл шешіп, ұлтын қорғай алатындығын дәлелдеп, шарболаттай бірігіп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру

орталығының бас ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *